Ақпараттық портал

Әскери оқу орындарына үміткерлер іріктелуде

Қаншама жеткіншек арманына қанат байлап, жаңа өмірге қадам басады. Ресми деректерге сәйкес биыл түлектердің 70 пайызынан астамы ұлттық бірыңғай тестілеуден өтеді. Мектеп бітірушілер үшін нағыз сындарлы сәт енді басталады. Әртүрлі сала маманы атануды көздеген жастарымыз құжаттарын арқалап, «еліміздің қай жоғары оқу орнын таңдасам екен, қай мамандықты меңгерсем» екен деп толғанып жүр. Түлектердің арасында әскери мамандық меңгеруге құлықты жастар да бар екенін ескерейік.
Бүгінгі таңда қорғаныс саласына қажетті әскери мамандарды оқытатын үш негізгі әскери институт бар. Олар: Құрлық әскерлерінің әскери институты, Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институты, сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы Кеңес Одағының екі мәрте батыры Т.Бигельдинов атындағы әуе қорғаныс күштерінің әскери институты.
Еліміздегі әскери мамандар даярлау ісінде нағыз ұстахана саналатын Құрлық әскерлерінің Әскери институты офицерлік кадрларды 11 мамандық бойынша дайындайды:
*Мотоатқыш әскерлерінің командалық-тактикалық даярлығы;
*Әуе-десанттық әскерлерінің және әскери барлаудың командалық-тактикалық даярлығы;
*Танк әскерлерінің командалық-тактикалық даярлығы;
*Артиллерияның командалық-тактикалық даярлығы;
*Автокөлік әскерлерінің ккомандалық-тактикалық даярлығы;
*Азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша командалық-тактикалық даярлық;
*Киім-кешекпен қамтамасыз ету бойынша командалық-тактикалық даярлық; Жанар-жағар маймен қамтамасыз ету бойынша командалық-тактикалық даярлық;
*Бронетанктық қару-жарақ және техника;
*Инженерлік әскерлердің командалық-тактикалық даярлығы;
*Әскерлерді ракета-артиллериялық қамтамасыз ету бойынша командалық- тактикалық даярлық;
*Әскери аударма ісі.
Құрлық әскерлерінің әскери институты мына мекенжайда орналасқан: Алматы қаласы, Красногорская көш. 35, тел.: 8 (7272) 90-18-20, 90-12-42.
Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институтының негізгі міндеті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскерлері мен қаруланудың зенитті ракеталық, радиотехникалық әскерлерінің, байланыс бөлімдерінің, авиацияны радиотехникалық қамтамасыз етудің, автоматтандырылған басқару жүйелерінің кәсіби офицерлерін дайындау болып саналады.
Білім мекемесінде болашақ офицерлер 5 мамандық бойынша оқытылады:
*Радиобайланыс пен көздеу;
*Радиобайланыс пен зенитті ракеталық әскерлердің қондырғыларын жөндеу;
*Зенитті ракеталық әскерлердің бөлімдері мен бөлімшелерінің радиотехникасы;
*Радиотехникалық әскерлердің бөлімдері мен бөлімшелерінің радиотехникасы;
*ҚР ҚК автоматты басқару жүйелерінің инженері.
Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институтының мекенжайы: Алматы қаласы Жандосов көшесі 53. Тел.: 8 727 303 69 82, 8727 303 68 73.
Кеңес Одағының екі мәрте батыры Т.Бигельдинов атындағы әуе қорғаныс күштерінің әскери институты деп аты айтып тұрғандай, бұл еліміздегі әскери ұшқыш, әскери инженер мамандарды әзірлейтін жалғыз білім ордасы. Институттың негізгі міндеттері – әскери авиацияға офицерлік кадрларды дайындау, әскери теорияны дамыту, қоғамдық ғылымдардың әскери, қару-жарақ, авиациялық әскери техниканың мәселелеріне бағытталған ғылыми зерттеулер жүргізу, әскерлердің қауіпсіздігі және жауынгерлік дайындығын арттыру болып табылады.
Институт болашақ мамандарды төмендегі 8 мамандық бойынша даярлайды:
*Ұшқыш аппараттарын пайдалану, фронттық авиацияның командалық тактикасы;
*Ұшқыш аппараттарын пайдалану, армия авиациясының командалық тактикасы;
*Штурмандық авияцияның тактикасы;
*Авиациямен жауынгерлік басқарудың командалық тактикасы;
*Ұшқыш аппараттардың және оталғыштардың техникалық пайдалануы; Авиациялық радиоэлектронды құрал-жабдық;
*Авияциялық электрофикациялық және ұшқыштық-көздеуіш радиоэлектронды құрал-жабдықтың техникалық пайдалануы;
*Авиациялық қару-жарақтану.
Әуе қорғаныс күштерінің әскери институты Ақтөбе қаласы, Молдағұлова көшесі 16 мекенжайында орналасқан. Тел: 8 (7132) 52-28-45; 52-16-88.
Төменде көрсетілген оқуға қабылдау ережесі үш әскери институтқа да бірей қатысы бар.
Оқуға қабылдау ережелері
1) Әскери мамандықты таңдаған түлек 25 шілдеге дейін тегін, атын және әкесінің атын, туған күнін, білім деңгейін, әскери оқу орнының және ол бойынша оқуға ниет білдірген мамандықтың атауын көрсете отырып, жергілікті әскери басқару органдарына өтініш жолдайды;
2) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Әскери білім және ғылым департаменті жыл сайын 20 маусымға дейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығымен қабылдау және апелляциялық комиссиялардың құрамдарын, олардың міндеттерін, қабылдау комиссиясының жұмыс жоспарын, сондай-ақ ҰБТ-дан өту балын бекітеді.
3) Жоғары әскери оқу орындарына қабылдау 1-25 тамыз аралығында өтеді. Әскери білім мекемесін таңдаған түлек ең әуелі ҰБТ қорытындысын апарады. Әскери институттардың талабы – тестілеудің балы жоғары болуы тиіс.
4) Келесі кезекте ҰБТ балы жеткілікті деп шешілген соң, түлектер дене даярлығы бойынша нормативтер тапсырады;
5) Медициналық тексерістен өтеді;
6) Психологиялық тест тапсырады.
Бүгінгі таң білекке емес, білімге сенетін заман. Уақыт өзгерген сайын, заман түрленіп, талап та күшейді. Әскери салаға барамын деуші түлек үшін, білім және дене даярлығының жоғары көрсеткіші маңызды мәселе болып табылады. Спортта дәрежелі болып, халықаралық жарыстардың жеңімпазы болса тіпті жақсы. Бір орынға бірдей ұпаймен талас туған жағдайда, спорттық жетістіктер мен олимпиададағы жетістіктер ескеріледі. Одан кейін талапкердің интеллектісі маңызды орын алады. Өйткені, ол жерде қатардағы сарбаз емес, берген тапсырманы орындай алатын, мәселені шешуге келгенде таптырмайтын маман – болашақ офицерлер даярланады.
Айтар кететін тағы бір оқу орны бар. Ол Шоқан Уәлиханов атындағы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Кадет корпусы. Оның негізгі міндеті – ҚР ҚК сержанттық құрамының лауазымдарындағы әскери қызметті келісім-шарт бойынша өткеру үшін кіші командалық құрамдардағы кадрларды дайындау. Кадет корпусын бітірген түлектер «Мотоұтқыр әскерлерінің командалық тактикасы» мамандығын, «Автокөліктік және бронетанктік техниканы жөндеу бойынша слесарь» және «ЭЕМ операторы» квалификацияларын алып шығады. Сонымен бірге «ЖҚМ 3 класс жүргізушісі-механигі» куәлігі мен «В», «С» категориялы автокөлік жүргізушісі куәлігін қоса алады. Оқуды бітіргеннен кейін, бітіруші түлектер арнайы білім туралы диплом алып, командалық сержант лауазымында жұмыс атқарады. Сонымен қатар, кәсіби-психологиялық жарамдылығын, жалпы білімін, әскери және дене шынықтыру даярлығын, іскерлік және моральдық қасиеттерін, тәртібі мен денсаулық жағдайын есепке алумен шетелдік әскери оқу орындарына жіберілетінін айта кетсек болады. Отанымызды қорғау – осы болашақ сержанттардың қолында!
Шоқан Уәлиханов атындағы Кадет корпусы төмендегі мекенжай бойынша орналасқан: Ақмола облысы, Щучинск қаласы, Канай би көшесі 209 Г, тел.: 8 (71636) 4-15-20, 3-45-94.

Leave A Reply

Your email address will not be published.