Ата – өмір көрген ұстаз
Даналық мектебі – ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, үлкендердің өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңесін жас буынға жеткізуді мақсат ететін тәрбие алаңы. Бұл жоба аясында аталар мен әжелер, өмір көрген тұлғалар мен жастар арасында тағылымды кездесулер, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын пікір алмасулар, тәрбиеге бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылады. Даналық мектебі – ұлттық тәрбиені жандандырып, рухани байлықты ұрпақтан ұрпаққа жеткізудің маңызды тетігі.
Даналық мектебі жобасы аясында Жайсан орта мектебінде ауылымыздың ардақты аталарының қатысуымен «Ата – өмір көрген ұстаз» атты тәрбиеге толы тағылымды кездесу өткізілді.
Бұл игі шараның мақсаты – өмір көрген, көпті түйген аталарымыздың өнегелі сөзін тыңдап, олардың өмірлік сабақтарын жас ұрпақ санасына сіңіру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу болды. Аталған іс-шараны мектеп ұстаздары Ардақ Алғабекұлы мен Жібек Жайлханқызы жоғары деңгейде ұйымдастырып, қатысушыларға рухани әсер қалдыра білді.
Іс-шараға мектеп директоры Ерлан Нұрқасымұлы, қамқоршылық кеңес төрағасы Асқар Шайымқұлұлы және ұйымдастырушы педагог Мадина Алдабергенқызы мен ауылымыздың ардақты аталары қатысып, игі бастаманың маңыздылығына куә болды.
Кездесу барысында мектеп директоры Ерлан Нұрқасымұлы Даналық мектебі аясында өткізілген осы шараның маңыздылығын атап өтті. Аталардың өмірлік тәжірибесінің жас ұрпақ үшін баға жетпес қазына екенін айтып, ұлттық тәрбиенің қадірін арттыратын осындай игі кездесулердің жалғасуына тілектестік білдірді.
Ал, әрбір ата өзіне тән ұлттық тақырып бойынша тағылымды әңгіме өрбітті.
Қыдырбек ата ер жігіттің серігі саналатын ер тоқым жайлы кеңінен баяндап, оның тарихын, жасалу ерекшелігін және қазақтың салт-дәстүріндегі орнын түсіндірді. Ер-тоқымның тек жүру құралы емес, батырлықтың, ерліктің, жауапкершіліктің белгісі екенін ерекше атап өтті.
Мүбәрак ата қазақтың тектілік пен тәрбие нышаны болған қамшы туралы айтты. Ол қамшының батылдық пен абыройдың, тәртіп пен тектіліктің символы екенін, әр үйде қамшы ілулі тұруының да өзіндік тәрбиелік мәні бар екенін жастарға түсіндірді.
Мұхаметкерім ата баланың ой-өрісін дамытатын, дәлдікті, ептілікті қажет ететін ұлттық мұра – асық жайында тағылымды сөз қозғады. Асық ойынының тәрбиелік маңызын, қазақ баласының балғын шағындағы орны мен бүгінгі күнде ұмытылмауы керек ұлттық ойындардың бірі екенін атап өтті.
Шараның рухани мазмұнын байыта түсу мақсатында әсем әндер шырқалып, дәстүрлі күйлер тартылды. Күйдің қоңыр әуені мен халық әндерінің терең мағынасы кештің тәрбиелік әсерін арттырып, қатысушылардың жүрегіне ізгілік ұялатып, ұлттық өнердің қадірін сезіндірді.
Сонымен бірге, кештің мазмұнын арттыра түскен ерекше бөлім – бала тәрбиесі жайында сұрақ-жауап ойыны болды. Жастар аталарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, өмірлік тәжірибеден алынған нақты, пайдалы кеңестер алды. Бұл бөлім ұрпақтар арасындағы байланыс пен түсіністікті одан әрі нығайтып, қатысушылардың қызығушылығын арттырды.
Кеш соңында жиналғандарға рухани күш сыйлаған сәт – Мүбәрак атаның ақ батасы болды. Оның жүректен шыққан ақ тілектері көпшілікке рухани қуат, ізгі ниет пен жақсы әсер қалдырып, кештің тәрбиелік мәнін арттыра түсті.
Осындай мазмұнды, тәрбиелік мәні зор кездесулер ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, ұлттық құндылықтарды насихаттауда үлкен маңызға ие екені сөзсіз.
Сауле Умбетова,
Жайсан орта мектебі директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.