Ақпараттық портал

Болашақ ұрпақтың бағбандары бақ сынады

“Сен де бір кірпіш дүниеге кетігін тап та бар қалан” деп хакім Абай айтпақшы мемлекетіміздің іргетасы берік қалануы үшін ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеп, бойына жақсы қасиеттерді ұялатуымыз қажет. Бала тәрбиесіне түрлі факторлар әсер етеді, десе де оның адам болып қалыптасуында мектептегі әрбір қызметкердің рөлі зор. Әсіресе, тәлімгерлердің десек, артық айтқандық емес. Адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіріп, мектептегі түрлі тәрбиелік шараларды өткізіп, әр оқушының бойындағы көрінбей жүрген талантын жарыққа шығарып, жеке тұлға болып қалыптасуына атсалысып жүрген тәлімгерлерді мектептің айнасы деуге әбден болады.

Тәлімгерлік қызметке ешкім кездейсоқ келмейді. Бала күнінен мектеп қабырғасында белсенділік танытып, қандай іс-шара болмасын бой көрсетіп, үнемі алғы шептен көрініп жүрген жандар ғана осы мамандықты жанымен таңдайтыны ақиқат. Кез келген оқушы тәлімгерге қарап бой түзейді. Тәлімгер сөзінің өзі тәлім алатын жан дегенді айғақтап тұр. Сондықтан да тәлімгердің жан-жақты дамуына, кәсіби шыңдалуына, заман ағымына сай түрленуіне жол салу үшін түрлі деңгейдегі байқауларды өткізіп тұрудың жөні бөлек.
Осыған орай, Балалар-жасөспірімдер орталығында “Жас ұлан” балалар мен жасөспірімдер ұйымының ұйымдастыруымен, “Үздік тәлімгер-2024” аудандық байқауы өтті. Оған аудандағы 10 мектептің аға тәлімгері қатысып, өзара бақ сынады. Байқау “Мен тәлімгермін” (таныстыру), “Тәлімгерлік істегі менің жетістіктерім”, “Тәлімгерлік тосынсый” атты үш кезеңнен тұрды.
Тәлімгерліктің тізгінін ұстап жүрген мамандар бірінен-бірі асып түсіп, бар өнерін ортаға салды. Бірі сахналық қойылым қойса, енді бірі мың бұрала би билеп, әуелете ән айтып, одан қала берді қазақ ақындарының және өздерінің шығармашылықтарынан өлең-жырлар оқыды.
Тартысты өткен байқаудың нәтижесі бойынша бас жүлдені Е.Бекмаханов атындағы мектеп-гимназиясының аға тәлімгері Айдын Сапарханқызы иеленіп, облыстық “Үздік тәлімгер-2024” шеберлік байқауына жолдама алды. Ал, І орынды А.С.Макаренко атындағы орта мектептің аға тәлімгері Ақбота Бекбосын, ІІ орынды Д.Қонаев атындағы орта мектептің аға тәлімгері Балнұр Садықова, ІІІ орынды С.Естемесов атындағы орта мектептің аға тәлімгері Ақерке Оспанова иеленді.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері “Бәсекеге қабілетті ұрпақ даярлау қажет” деген ұранды алға тартып келеміз. Бәсекеге қабілетті ұрпақ әлбетте мектеп қабырғасында қалыптасады. Сондықтан да бала бағбаны саналатын тәлімгерлерді кәсіби тұрғыда шыңдауға бағытталған осындай шараларды жиі өткізіп тұрсақ, ұтарымыз көп.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.