Әке тәрбиесін күшейтуге атсалысқан кеш
Халқымызда «Баланың шығар биігі – әкенің иығы», «Бір әкенің тәрбиесін бере алмайды жүз мектеп», «Жақсы әкенің аты балаға қырық жыл азық» деген үш мақалмен-ақ адамның өмір сүру кезеңдеріндегі әке тәрбиесінің орнын белгілеп берген сияқты. Шын мәнінде бүгінгі қоғамда әкенің мысы төмендеп, абыройы әлсіреп, сөзінің құны жоғалғандай көрінеді. Бала тәрбиесі отбасынан басталып, мектепте жалғасын табады десек, сол мектептегі бала тәрбиесіне қатысты іс-шараларда әкелер бой көрсетпей жатады.
Қашанда өзінің тұлғалық қырын, азаматтық болмысын көрсете білген ұлт мақтаныштарының өмір жолына үңілсек, әке тәрбиесінің алар орны бөлек. Өзінің қайсарлығымен, ұлтшылдығымен, отанға деген сүйіспеншілігімен есте қалған Бауыржан Момышұлының ұлағатқа толы «Ұшқан ұя» кітабында тәрбиенің тізгінін ер адамдар ұстағанын айқын аңғарасың. Бауыржан атамыз іңгәлап өмірге келгенде анасы Рәзия есік алдына күншуаққа алып шығып, тал егіп жүрген Имаш атасына немересін ізетпен иіліп ұстатады. Сонда атасы кішкентай ғана шыбықты немересінің уысына ұстатып, «Шыбық деп берсем шіл болма, құрық деп берсем құл болма, бәрінен де шырағым, баяны жоқ ұл болма!» деп ақ батасын береді. Батаның құдіретін қараңызшы?! Бауыржан Момышұлы қандай тұлға болып қалыптасты, ел тарихында ойып тұрып орын алды. Осындай ғана өмірлік мысалдармен-ақ тәрбиенің алар орнын көрсетуге болатындай.
Білім ошақтарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы жүзеге асқалы бері әкелер мектебінің жұмысы жолға қойылып, түрлі іс-шаралар өткізілуде. Соның бірі, Мұқағали Мақатаев атындағы тірек орта мектебінде аталар мен әкелердің қатысуымен өткен «Айтуға оңай» тағылымдық бағдарламасы.
Оған Шу ауданы білім бөлімінің басшысы Жайдар Саттарқұлұлы, Төле би ауылдық округінің әкімі Арнұр Рахимкулов, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-нің аудандық филиалының мүшелері, М.Мақатаев атындағы тірек орта мектебінің ата-аналар комитетінің төрағасы Ғабит Есдәулет, мектеп ұжымы және аталар мен әкелер қатысты.
Қазақ журналистикасында сүбелі үлес қалдырған кешегі Шерағаң «Бір кем дүние» десе, бертін келе Бейсен Құранбек «Айтуға оңай» деді. Тәрбие мәселесі айтуға оңай болғанымен, оның бұлтарысы мен қалтарысы, шыңырауы мен шырғалаңы көп. Ал, соның бәрінен өте білсең ғана бір биікке көтерілетінің анық. ХХІ ғасыр ұрпақтары менің замандасым деп кеткен Мұқағали Мақатаевтың атымен аталатын мектепте «Айтуға оңай» бағдарламасы форматында өтіп жатқан бағдарламаның біріншісі бұл емес. Осыған дейін талай тағылымы мол іс-шаралар өтіп, бала тәрбиесіне үлес қосып келеді.
Келелі кездесудің шымылдығын М.Мақатаев атындағы тірек орта мектебінің директоры Махаббат Султанова ашып берді. Ашық алаң форматында өткен іс-шарада тағылымды әңгіме өрбіп, өмірде көргені мен түйгені мол, қиын кезеңдерде шыңдалған ел ағалары мен кейінгі толқын әкелер өмірлік тәжірибелеріне сүйене отырып, өскелең ұрпаққа қолдана алуға болатын өсиет тиегін ағытты. Әңгіменің ауаны “Әке тәрбиесі: кеше, бүгін, болашақта” тақырыбында өрбітілді. Сондай-ақ, қаһарман батырымыз Бауыржан Момышұлының “Ұшқан ұя” кітабындағы тәрбие мектебі мен ұлттық құндылықтар жайы сөз болды. «Тәрбие – отбасынан басталады» атты қысқаметражды бейнефильмнен де үзінді көрсетіліп, сол бейнефильмнің аясында кеш қонақтары өз ойларын білдіріп, балаға берілер тәрбиенің екі түрлі бағытта орын алуы қандай жолға жетелейтінін көрсетіп берді.
Әке тәрбиесін күшейтуге бағытталған іс-шарада сөз алған аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Саттарқұлұлы тәрбие ісінде тек білім ошағы ғана мүдделі еместігін, отбасы тәрбиесінде үлкен рөл ойнайтын отбасы екендігін, соның ішінде әке тәрбиесі үлкен орын алатындығын тілге тиек етіп, осы бағытта бірлікте қызмет етуге шақырды. Бұған қоса, көпшіліктің жүрегінен орын алған «Менің атым Қожа» көркем фильміндегі директор Рахман ағайдың «Мен Сұлтанның шырағын жаға алмадым, енді Қожаның шырағын жағуым керек» деген сөзін тілге тиек етіп, әр баланың жүрегіне шамшырақ жағу-білім саласына жүктелгендігін айтып өтті.
Ауданымызда “Әкелер мектебін” жандандыруға уағдаласқан бұл жиында өткен тарихымыздың өнегелі жолдары, болмысы бөлек тұлғаларымыздың ғибратты сөздері молынан айтылып, бабалар аманаты дәріптелді. Әрі кеш қонақтары өздерінің ұсыныстарын да ортаға салып, әрі ата-аналарды алдағы уақытта тәрбие бағытында қоян-қолтық қызмет қылуға шақырды. Ұлы мұратқа ұйыстырған ұлағатты жиынды мына бір мысалмен түйіндегім келеді: “Бірде қарт Құнанбай баласы Абайды шақырып: «Балам, сен әкеңе жете туғансың ба, өте туғансың ба?» деп сұрайды. Сонда Абай: «Әке, мен өте туғанмын, өйткені, мен ақын болдым» деген екен. Аз ғана ойланған дана Құнанбай: «Жоқ, сен маған жете тудың. Өте туу үшін Абай секілді бала тәрбиелей алуың керек» деп жауап қатқан деседі”. Міне, нағыз өнеге осы дер едім. Кез келген отбасы Абайдай тұлғаны қалыптастыруға қауқарлы, тек ол үшін аянбай тер төгіп, тәрбие мен білімді ұрпағына тел емдіруі бек қажет.
Айғаным Асқарбек.