Музей – өткен мен бүгіннің алтын көпірі
Тарих – халықтың жадын сақтайтын қастерлі мұра. Ал музей – сол мұраны көздің қарашығындай қорғап, келер ұрпаққа аманаттайтын рухани шаңырақ.
Келер жылы Шу аудандық тарихи-өлкетану музейінің қалыптасқанына 40 жыл толады. Қырық жыл — бір адамның ғұмырындай ұзақ кезең. Осы уақыт ішінде музей талай тарихты тірілтіп, жоғалғанды түгендеп, ауданның рухани болмысына айналды. Әр жәдігерінде — бір өмір, әр бұрышында — бір дәуірдің ізі жатыр.Музей алғаш ашылған жылдары оның қорында санаулы ғана жәдігер бар еді. Дегенмен әр заттың артында үлкен тағдыр тұрғанын сезген қызметкерлер талмай еңбек етті. Жылдар өте музей қоры жүздеген, мыңдаған құнды заттармен толықты. 1996 жылы музей ғимараты өртке оранып, ең ауыр сынақтардың бірінен өтті. Қызыл жалын қабырғаны да, жәдігерлерді де шарпыды. Бірақ музей рухы сөнбеді. Өрттен кейінгі қазба жұмыстары кезінде табылған күйген дастархан сынығы — сол кезеңнің үнсіз куәгері.
Шу аудандық музейінің 40 жылдық тарихында ерекше орын алатын қызметкердің бірі — Ләйля Маметаева. Ол музейде 30 жылға жуық қызмет етіп, музейдің өсуі мен қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты.
Л.Маметаеваның еңбегі — жай жұмыс емес, нағыз тағдырлық жол. Ол ауыл-аудандарды аралап, көнекөз қариялармен сөйлесіп, архивтерді ақтарып, талай деректі қайта тірілтті. Халық қолындағы құнды бұйымдарды тауып, олардың тарихи бағасын анықтап, музей қорына енгізген сәттері аз емес.
Сонымен қатар, музейдің дамуына үлес қосып, иық тіресіп жұмыс атқарып келе жатқан экскурсовод А.Тұрсын әр экспозицияның тарихын келушілерге жан-жақты жеткізіп, музей өміріне ерекше серпін беріп келеді. Музей қоры — музей қызметінің негізгі бағыттарының бірі ретінде ғылыми есепке алу, сақтау және толықтыру жұмыстарын қамтиды.Қазіргі таңда музей қорында барлығы 4980 жәдігер сақталуда.
Алдағы уақытта музей:
• жаңа ғылыми жобаларды ашуды,
• экспозицияларды жаңғыртуды,
• цифрлық қорды дамытуды,
• жас буынға арналған тарихи-ағартушылық бағдарламаларды кеңейтуді мақсат етеді.
Қырық жылдық музей — қырық жылдық рух, еңбек және аманат. Осы жылдар ішінде музей талай тағдырды, талай тарихты өз қойнына жинап, ауданның рухани жадын сақтап келеді. Ең бағалы беттері — оның тұрғындары, қызметкерлері, соның ішінде үш онжылдық өмірін музейге арнаған Л.Маметаева және экскурсовод А.Тұрсын сияқты жандардың еңбегімен өрілген. Жыл басында жарияланған «Музейге сый – ұлт мұрасына үлес» акциясы аясында өз үлесін қосқан аудан тұрғындарының тарихи- мәдени мұраға деген қамқорлығын да ерекше атап өткім келеді. Музей — өткенді ғана емес, болашақты да қалыптастыратын киелі орын.
Аида Берденова,
аудандық музейдің меңгерушісі.