Ақпараттық портал

Прокуратура – заң үстемдігінің кепілі

Жыл сайынғы 6 желтоқсанда Қазақстан прокуратурасының қызметкерлері төл мерекелерін атап өтеді. Елімізде Прокуратура органдарының құрылған күні осыдан 34 жыл бұрынғы тарихи датамен тығыз байланысты. Себебі, 1991 жылдың 6 желтоқсанында Қазақ КСР-ның Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен тәуелсіз прокуратура органдары құрылған болатын. Атаулы күнге орай Қазақстан Республикасының Бас прокурорының 2004 жылғы 24 ақпандағы бұйрығымен 6 желтоқсан органның құрылған күні болып бекітіліп, жыл сайын атап өтуді игі дәстүрге айналдырған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Прокуратура – еліміздегі заң үстемдігін қамтамасыз ететін конституциялық орган. Оның басты миссиясы – азаматтардың құқықтарын қорғау. Прокуратура халық үніне құлақ асатын мемлекет құру жолында маңызды орын алады» деген болатын.
Тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу ауданында қос прокуратура бар. Оның бірі – Оспанов Талғат Қыдыралыұлы басқаратын аудандық прокуратура болса, екіншісі Жантас Әбдікеров жетекшілік ететін Шу көлік прокуратурасы. Заң үстемдігін қамтамасыз етіп, оның жүзеге асырылуын қадағалайтын қос прокуратура өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып келеді деуге толық негіз бар.
Заң үстемдігінің сақшылары Мемлекет басшысы жария еткен «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыруда да аянбай еңбек етіп келеді. Атап айтқанда, аудан әкімі Б.Жәнібековпен бірге елді мекендердегі тұрғындармен кездесіп, олардың мәселелеріне құлақ түріп, өткір сұрақтарына жауап қатып жүр. Сонымен қатар аталмыш қағиданы кеңінен тарқату мақсатында бірнеше мәрте кездесу ұйымдастырып, жергілікті атқарушы орган басшылары мен заңгерлер, қорғаушылар мен сот орындаушылар тарапынан тұрғындардың тегін кеңес алуына ұйытқы болды. Сондай-ақ аудан тұрғындарына арналған ақпараттық-түсіндіру форумы өткізіліп, жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық, суицид, буллинг, тұрмыстық зорлық–зомбылық, алаяқтық сынды өзекті мәселелер бойынша түсіндірме жүргізді.
Талғат Қыдыралыұлының айтуынша, аудандық прокуратурамен жыл басынан бері жүйелі жұмыстар жүргізілген. Атап айтқанда пробация есебіндегі және бұрын қылмыс жасаған тұлғалардың қайта қылмыс жасауының алдын алу мен оларға әлеуметтік көмек көрсету бағытында арнайы шаралар ұйымдастырылған. Сонымен қатар аудан прокуратурасының бастамасымен кәсіптік орта білім беру мекемелері мен мектептерде жүздесу өткен. Онда кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне есірткінің зияны, қылмыстың салдары, зиянды қадамдардан сақтану жолдары түсіндіріліп, құпиялық сақталатын сауалнамалар алынған.
Мемлекет атынан Қазақстан Республикасы аумағында заңдылықты сақтауды жоғарғы қадағалау, сотта мемлекет мүдделерін білдіру, мемлекет атынан қылмыстық қудалауды іске асырушы прокуратура Президент жүктеген міндеттерді орындап келеді.
Өңірдегі оңды істерді Шу көлік прокуратурасы тарапынан да байқаймыз. Оның ішінде Шу көлік прокуратурасының аға прокуроры Манас Рысалы көліктегі полиция бөлімі бастығының орынбасары Ерлан Сеңгірбаевпен бірге ақпараттық медиа орталық алаңында тікелей эфирге қатысты. Онда спикерлер темір жол бойындағы мал қағу деректері – өзекті мәселе және жауапкершілік тақырыбын тереңінен тарқатты. Мал иелерін мұқияттылыққа шақырып, темір жол көлігінің қозғалысына келтірген залал жауапкершілігі жайында түсіндірді.
Сонымен қатар Шу көлік прокуроры Жантас Рысқалиұлының төрағалық етуімен жол учаскелерінде және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында мал қағу деректерін азайту мақсатында мекемеаралық жиын өткізілді. Жиын барысында малдың темір жол маңына шығуына жол бермеу, қоршауларды қалпына келтіру, мал иелерінің жауапкершілігін арттыру және алдын алу жұмыстарын күшейту мәселелері талқыланған болатын.
«Заң мен тәртіп» қағидасын қалыптастыруда Шу көлік прокуратурасы ерекше ықылас танытып отыр. Атап айтқанда аталмыш орган әлеуметтік желі арқылы көрерменге ой саларлық бейнероликтер жариялауды жолға қойған. Әрі өздерінің қызмет ету аумағында рейдтік шаралар, түсіндірме жұмыстарын ұйымдастырып жатқанына куәміз.
Қорыта айтқанда, тәртіпті сақтау, заңға құрметпен қарау, жауапкершілік жүгін – сезіну сіз бен бізге жүктелген аманат. Бұл ел болудағы басты міндет. Қылмыстың жолы қысқа еке-нін де естен шығармаған абзал.
Өздеріне үлкен аманат тапсырылған прокуратура қызметкерлері жұрттың мұңын тыңдап, сауалына жауап беруге мүдделі. Сондықтан мереке иелерінің қызметтеріне табыс тілеп, еліміздің ертеңі жарық болсын дейміз!

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.