Ұяты тілегінде, иманы жүрегінде
Ана жылдары талайлардың талқанының мезгілсіз таусылуына түрткі болған коронавирус індетін қалайша ұмыта қоямыз. Оның қайғысы мен қасіреті ойға оралған кездерде төбе шашың тік тұрады. Әлі күнге дейін аза бойың қаза болады. Әлемді шарлаған аты өшкір індеттің біздің аймақты да айналып өтпегеніне куә болдық. Осы дертке шалдыққандар күн құрғатпай аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесіне түсіп жатты. Науқастардың жедел арада көбейіп кетуіне байланысты орталық аурухананың емдеу бөліміне де жатқызылды. Бұл бөлімдегі палаталарға қосымша төсек орындар жеткізіліп, сырқаттанған жандар барынша орналастырылды. Сол тұста аурухананың дәрігерлері де, мейірбикелері де және кіші қызметшілері де күшейтілген жұмыс тәртібіне көшіп, әрбір науқасты ажалдан арашалап қалуға қолдарынан келгенше көмектесті десек, асыра айтқандық емес. Жасырары жоқ, басы ауырып, балтыры сыздағандардың қарасы көбейіп кеткендіктен, дәрігерлердің дегбірі қашып, мейірбикелердің мазасы кетті. Әр палатаның тазалығына жауап беретін қызметшілер де аянып қалмады.
Жалпы жағдай осылай болғанымен, қажетті дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі де байқалды. Тағы да басқа себеп-салдардан ауруы асқынған жандардың беті бірден бері қарай қоймады. Ақ халатты жандар ойда-жоқта осындай бір аса қауіпті дертпен бетпе-бетке келіп, үлкен сынға түскендей болды. Әшейінде аудандық аурухананың әр бөліміне еркін кіріп, шығып жататын келушілердің жолы қысқарды. Өйткені, жұқпалы індет белең ала бастаған сайын аурухананың есік-терезелері түгелдей жабылып, науқастарды оқшаулау мәселесі қатты қолға алынды. Дәл осындай қиын-қыстау қарбалас шақта аудандық ауруханадағы емдеу бөлімін ұзақ жылдар бойы баянды басқарған Үсембаева Клара Сәбитқызы күндіз-түн демей, қызмет орнына қазықтай қадалды. Әрине, оның басқа әріптестері де осындай күрделі күйді бастан кешіп жатты.
Атап айтар жай, сол бір мазасы қашқан сәтте мемлекет тарапынан медицина қызметкерлерін қолдап, олардың жұмысқа деген ынтасын арттыру мақсатында көптеген қолдау мен қуаттау жасалып жатты. Мәселен, дәрігерлер де, мейірбикелер де, кіші қызметшілер де арнайы киіммен бастан-аяқ толық қамтамасыз етілді. Қолдарына қолғап киілді. Бет әлпеттері бетпердемен тұмшаланды. Әшейінде жеңіл-желпі ақ халатпен ғана жүретін жандардың бәрі бір күнде арнайы киімдер киіп шықса да, оның қолайсыздығы мен ауыртпалығын тілге тиек етпеді. Не де болса төсек тартып жатқан жандарды жүйелі емдеумен және тұрақты бақылаумен айналысып бақты. Осындай күндердің бірінде басқа да әріптестері сияқты Клара Сәбитқызы да аталмыш індетке шалдыққанын өзі де аңғармай қалды. Неге десеңіз, әрбір науқас жанмен жақын араласып, жастайынан дағдыланғандықтан бұл райынан қайтып көрген емес-ті. Емдеуші дәрігердің өзі ауруы жанына батса да, қара басының қамынан гөрі емделушілердің қас-қабағына алаңдап жатты.
Сол кездегі аудандық аурухананың бас дәрігері Мұқатаев Айдар күнде келіп, әріптесінің қал-жағдайына қатты алаңдаушылық білдірген еді. Басшысының қамқорлығына дән риза болған Клара: «Айдар Жаңбырбайұлы, ниетіңізге көп рахмет. Жақында бұл дерттен де жазылып кетемін» деп, өз-өзіне сенімді екенін айқын байқатқандай болды. Құдай аузына салса керек, ол екі жұмадан кейін қайта қызметіне кірісіп кетті. Сол шақта жұқпалы ауруға шалдыққандардың бірі Мұқатаев Айдар болған еді. Басшысы жансақтау бөліміне түсіп қалған соң әр дәрігер-ақ қолдарынан келгенше көмек көрсетуге бет бұрды. Кейбіреулері облыс орталығынан санавияция шақыруды жөн көріп, ескертіп те жатты. Клараның айтуына қарағанда бас дәрігер мұндай ұсынысты қабылдағысы келмепті. «Сендерге сенімсіздік білдіргендей болып, облыс орталығына бара қалған жағдайда жағдайым жақсарып кете ме, кім білсін?! Ол жақта да осындай ем шараларды жасайды. Сол себептен қажетті ем-домды өзіміздің ауруханадан алғым келеді» деп байлам жасағандығын білдірді.
Ақыры жұқпалы індеттен дәрігерлер де аман қалмады. Есімдері жергілікті жұртқа кеңінен белгілі дәрігерлер Қазыбек Оспанов, Айдар Мұқатаев кенеттен көз жұмды. Бұлардың қызмет бабында жүріп қазаға ұшырағандығын тиісті басшылар ескеріп, ел алдындағы еселі еңбектерін бағалай білді. Екеуі де мемлекеттік жоғары наградаға ие болды. Әрине, білікті маманның іскерлігін, ілкімділігін құрметтеген жөн. Бірақ, науқастарға қарайлай жүріп, солардың ортасында болғандықтан мезгілсіз бақилық болғандары өкінішті-ақ. Бір сөзбен айтқанда, бұдан былай халқымыз мұндай тажалға тап болмасын деп тілейік. Ең бастысы, медицина қызметкерлерінің қай-қайсысы болмасын сол бір шақта тәулік бойы аурухана палаталарында түнеп, адал қызмет етті. Мұндай игілікті іс белең алмағанда жағдайымыз қандай болар еді, кім білсін?!
Қырық жылға тарта медицина саласында қалтқысыз қызмет еткен Клара Үсембаева қай кезде де қарапайымдылығымен, қайырымдылығымен ерекшелене білді. Бір басқосуымызда «Клара Сәбитқызы, сіздің еңбегіңізді мақтайтындар да, жақтайтындар да көп екенін естіп жүрген жайым бар. Жасырын болмаса оның сыры неде?» деп сауал қойдым. Оның жарқын жүзі ойланып, толғанғандықтан шығар сәл өзгергендей көрінді. «Турасын айтқанда жасырып, жабатын қасиеттің адамы емеспін. «Тәрбие – тал бесіктен» демекші, менің адам болып қалыптасуыма жақындарым үнемі жанашырлық танытып отырды. Апам Марал ес білгелі бері қыз балаға байланысты тәлім-тәрбиесін тал бойыма сіңіріп бақты. Ол кісі бауырына басып, еркелетіп отырып-ақ ертең-ақ бойжетесің қарағым. Сол кезде ұлттық дәстүр-салтымызда атап көрсетілген талаптарды бұлжытпай орындауға тиістісің. Әсіресе, қыз бала бауырмашылдығымен ғана ерекшеленбей, үлкенге, кішіге деген құрметімен де дараланса деймін. «Қызға қырық үйден тыйым» деген қанатты сөздің астарын апам ашып берген еді. Сондай-ақ, анашым Орынбасар да санама жарқын болашақтың сәулесін дарытып, артық немесе кем дүниеге әсіреқызыл болмауымды талап етті. Әкем Сәбит те ұл балаларына қалай қараса, қыздарына да солардан кем қараған жоқ. Әке-шешемнің дұрыс тәлім-тәрбиесінің нәтижесінде алтын ұямнан тағлымды тәрбиені тал бойыма жинап өстім. Олар қай кезде болмасын «қызым, ең алдымен ар-ұятың бәрінен биік болсын. Қандай қызмет атқарсаң да, адамгершілік қасиеттерің мол болсын» деген уағыздарды құлағыма құюдай-ақ құя білді. Сонымен қатар, жүрегіңде иман болмаса тура жолдан тайып кетуің қиын емес. Біреудің ала жібін аттап немесе кісілігін жерге таптап кетуің де ғажап емес»…
Осындай келелі кеңестің бәрі Клара Сәбитқызы Алматыдағы медициналық институттың «Емдеу» факультетіне түскен кезде өмірлік қажетіне жарай бастады. Жастай алған тәрбиесі тірек болып, институт қабырғасында жүргенде-ақ жақсы қырларымен танылды. Оқуда озат болумен бірге қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысты. Деканат басшылығы оны топтың старостасы етіп тағайындады. Жоғарғы білім ордасының осындай сеніміне ие болған ол институтты ойдағыдай тәмамдады. Арнайы жолдамамен Шу қалалық емханасына мамандығы бойынша қызметке орналасты. Емхана меңгерушісі Сейсенғали Ақпаев жас маманның іске деген іскерлігін айқын байқады. Ол өзі қалалық ауруханадағы емдеу бөлімшесінің меңгерушісі болып тағайындалғаннан кейін, жас маманды бірге қызмет етуге шақырды. Бұл ұсынысты қуаттаған жас дәрігер бұдан былай аурухана төсектеріне танылып жатқан науқастармен тікелей қоян-қолтық жұмыс істеуіне тура келді.
Осы қызметке тұрардың алдында төлебилік Болат Үсембаевқа тұрмысқа шыққандығын атап өтпей болмайды. Клара да көпбалалы отбасынан түлеп ұшса, Болат та он ағайынды шаңырақтағы ер балалардың үлкені болатын. Мамандығы малдәрігері. Осылайша, екі дәрігер өз алдарына шаңырақ көтеріп, жас отаудың босағасын бекіте бастады. Осы орайда Болаттың әкесі Қали ата мен анасы Жәмила да жас жұбайлардың қадамдарын қуаттап, қолдарынан келгенше көмектерін көрсетіп бақты. Болат пен Клара дүниеге екі қыз бен егіз ұл әкелді. Олардың бәрі де бұл күнде өз алдына отау тігіп, ұрпақтарын өсіріп келеді. Дәлірек айтқанда, бір кездері жас отау иелері болған Болат пен Клара ұлдан да, қыздан да немере көріп, отбасының шат-шадыман қуанышына бөленгендігі өз алдына бір төбе әңгіме. Сондай-ақ, Болат та заман ағымына сай өз мамандығы бойынша он шақты жыл еңбек еткеннен кейін, жеке кәсіпкер болып, ел-жұртына танылды. Өз кәсібін ұршықша иіріп, дөңгелетіп алып кетті. Тапқан табысынан әлеуметтік аз қамтылған топтарға көмек қолын соза білді. Ауданның қайырымдылық шараларынан да тыс қалмады. Осындай абыроймен өткен жылы зейнет жасына жетсе де, өз жұмысын жандандырып келеді.
Қайын атасы Қали ақсақал Ұлы Отан соғысының ардагері болатын. Отты жылдарда бірнеше рет жарақат алғандықтан аудандағы әртүрлі жауапты қызметтерді атқарып жүрген шағында денсаулығы сыр бере бастағандығын аңғарды. Қызыл шырайлы ағамыздың жаз айларында қан қысымы көтеріліп кететіндігінен хабардар едік. Жылдың басқа мезгілдерінде де осындай жағдай қайталана беретін. Сондай сәтте келіні Клара алғашқы көмекті көрсететін. Осындай іс-әрекетіне риза болған қайын атасының: «Клара келінім болмаса, мен баяғыда-ақ жер басып жүрмейтін едім» деп айтып отыратындығын өз аузынан талай рет естігенмін. Жарықтық енесі де келіннің қойны құтты болғанын әрі өздерінің денсаулығының сақшысындай көмек көрсеткеніне аналық алғысын айтудан жалыққан емес.
«Денсаулық сақтау ісінің үздігі», жоғары санатты дәрігер Клара Үсембаева жайлы жылы лебіз білдіргендердің қатары аз емес. Көңілі ояу, көзі қарақты оқырмандар Әбекеңді, Әбжапар Жақыбаевты жақсы біледі. Көзі тірісінде «Күнің барда күліп жүр» атты кітаптың авторы атанған сол Әбекең «біздің дәрігер келін Клара» деп мақтан тұтты. Соның бір жарқын көрінісі Клараның туған күнін, қол жеткен жетістіктерін үлкен қуаныш көріп, аудандық газетке құттықтаулар жариялаудан жалыққан емес. Әрине, қандай құттықтау болмасын оның бәрі ақылы екендігі тағы айқын.
Шу қалалық ауруханасын ұзақ жылдар баянды басқарған, медицина саласының ардагері Сейсенғали Ақпаев бір сөзінде былай деген еді:
-Жас маман Клара Сәбитқызымен оншақты жыл қызметтес болдым. Ол қалаға Төле би ауылынан күнделікті қатынап жұмыс істесе де, бауырында жас нәрестесі болса да, қызметінен кешігіп көрген емес. Өз міндетіне адал қарағандықтан науқас жандардың ыстық ықыласына бөлене білді. Сондай-ақ, ата-енесінің жастары ұлғайғандықтан және бала-шағасының мектепке баруына байланысты аудандық орталық ауруханаға өз еркімен ауысып кетті.
Шу аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Жайдар Әйтішев реті келгенде дәрігер Үсембаева жайлы жақсы пікірде екенін аңғартты. Басшының айтуына қарағанда, Клара Сәбитқызы күні бүгінге дейін өз мамандығына адалдық танытып, сырқаттанған жандардың өз аяғынан тұрып кетуіне бар күш-жігері мен білімін жұмсай білуде. Ол кісінің іс-тәжірибесін, кішіпейілділігін, жас буындарға қай кезде де үлгі етіп келеміз.
Бұдан жиырма жыл бұрын кездейсоқ болған оқиға менің де есіме түсе кетті. Шу қаласына бір шаруамен барып, қайтарда жеңіл көлікпен келе жатқанмын. Төле би баба ескерткішін айнала бергенде жүргізуші көлігін сол жаққа бұрып бағытын өзгерте берді.
-Інім-ау қайда кеттік? деп дегбірім қашқандай болды.
-Ағай айып етпеңіз, өз басым қатты құрметтейтін дәрігер кісі келе жатыр екен. Үйіне жеткізіп салайын…
Сол кезде құрметтейтін дәрігері кім екен деген оймен мен де алда келе жатқан адамға назар аудардым. Клара Сәбитқызы екен. Сөйткенше болған жоқ әлгі жігіт дәрігердің жанына жақын келе тоқтап, өзі алдынан жүгіріп шықты.
-Әпке мен сізді анадай жерден көріп қалдым. Сондықтан алдыңыздан шығып, үйіңізге дейін жеткізіп салайын деп бұрылдым.
-Ой інім-ай, сонша жерден бұрылып, нең бар еді. Өзім де жетер едім ғой. Айтпақшы, апаңның жағдайы қалай? деді. Жүргізушінің өңі бал-бұл жанып:
-Апамның жағдайы жаман емес. Енді екі айдан кейін 93 жасқа толғалы отыр. Бірінші Құдай, екінші сіз болмағанда бұл апам оншақты жыл бұрын бақилық болып кететін бе еді, кім білсін?!
Екеуара әңгімелер осы жерден үзіліп, Клара көлікке келіп жайғасқаннан кейін мені бірден көріп:
-Ағай екен ғой мені байқаған,-деп тіл қатты.
-Қарындасым, дәл бүгін бұл айтқаныңыздың қисыны жоқ. Жүргізуші жігіттің өзі көріп, өзі бұрылды-деп, имандай шынымды айттым. Содан кейін дәрігеріміз үйінің тұсынан түсті. Біз әрі кеттік. Жол-жөнекей журналистік әдетіме басып, бұл дәрігер саған қандай жақсылық жасаған еді – деп тесіле сұрадым. Ол маған:
-Бұл ұзақ әңгіме ағай. Оның бәрін айтуға кәдімгідей уақыт керек-деп ақталған сыңай танытты.
-Інім-ау, әрі қысқа, әрі нұсқа түрінде айтуға болмай ма?
-Сұрап қоймадыңыз ғой, айтсам айтайын.
…Менің апам 80 жасына дейін тың жүрген кісі болатын. Жастайынан колхоздың қара жұмысына жегілгендіктен бе, денсаулығына шағым жасамайтын. Ойда-жоқта үлкен ұлы, менің әкем 50-ден асқан кезде көлік апатынан қайтыс болған. Әкемнің қазасы апамды табан астында қажыта бастады. Бұрынғыдай емес отырса тұра алмайтын, тұрса отыра алмайтын кейіпке душар болды. Кейінгі кездері далаға шығуға аяқтары көнбейтінді шығарды. Осының бәрі көз алдымда өтіп жатқандықтан, апамды аудандық ауруханаға апарып жатқыздым. Біраз ем-дом алса жүгіріп кетпесе де, үйге кіріп-шығуына жарап қалар деп үміттендім. Апам оншақты күн сыр бермей емделіп жатты. Содан кейін бір барғанымда:
-Қарағым саған ризамын. Қолыңнан келген көмегіңді көрсетіп жатырсың. Бірақ, мен бұл жерден дертімнен айығып кетемін деп айта алмаймын. Кейбір дәрігерлер «апа сіздің ешқандай ауруыңыз жоқ, мұның бәрі кәріліктің белгісі ғой» дегенді бір емес, бірнеше рет қайталап айтатын болды. Сондықтан не де болса, не көрсем де өз үйімнен көрейін,-деп мен күтпеген уәжін жеткізді.
-Апа мұндай сөзді қай дәрігер сізге айтып жүр? Аты-жөнін білесіз бе?-деп мені де ашу қысты.
-Қарағым, қайтесің оны. Кім айтса да өз білгенін айтып тұр ғой. Енді 80-ге келгенде біреуді біреуге айдап салудан аулақпын. Мені тастамай, үйге алып кетші,-деп керек-жарағын жинастыра бастады.
Содан кейін көп ойланып, көп толғандым. Апамды не Таразға, не Алматыға апарып көрсетуді жөн көрдім. Сол екі аралықта Шуға екі-үш күннің бірінде жолаушылар тасымалдап тұратынмын. Сондай сапарымда ұзынқұлақтан Клара Сәбитқызы жайлы әсерлі әңгіме естідім. Жедел түрде ауруханасына барып, өзіне жолығып, апам жайлы ақиқатты баяндадым. Ол кісі мені мұқият тыңдап алып, «бізге алып келіңіз, емдеп көрейік, сәтін салса жазылып кетер» деп жылы шыраймен қарсы алды.
Болған жағдайды апама баяндап, Тараз да, Алматы да дәм тартпады ма, Төле бидің ауруханасынан бір-ақ шықтық. Сізге өтірік, маған шын екі апта ішінде апамның беті бері қарап, құлан-таза жазылып кетпесе де, ауылға көтеріңкі көңілмен қайтты. Содан бері де арада оншақты жыл өте шықты. Әңгімемнің бары да нары да осы…
Бейтаныс жігіттің әңгімесі құлағыма жаққандықтан, сенің өзіңнің аты-жөнің кім деп сұрау салдым. Ол аз-кем ойланып отырды да «Ағай, оны қайтесіз. Байқаймын сіз қалам ұстаған адам көрінесіз. Аты-жөнімді айтып, газетке жариялағыңыз келіп отыр ма. Мен дәрігерге деген тырнақтай ғана жақсылығымды міндет етпеймін…
Клара Сәбитқызы қызмет бабында көп тыңдап, аз сөйлейтін кісі. Ал үйіне бара қалсаңыз, көкейіңіздегі сауалдарға көсілтіп жауап беруден жалтармайтынын байқадық. Бір кездесуімізде «Дәрігердің даңқы қалай артады?» деген сауалға жауап күттік. Ол біраз ойланып отырып, былай деді: «Қай дәрігер болмасын ең алдымен науқастың диагнозын дұрыс таба білу керек. Бұлай болмайынша жасаған ем-домдардың бәрі құмға сіңген судай жоқ болып кетеді. Сол себептен сырқат жандардың диагнозын қою кезінде телемедицинаға шығу арқылы науқастың диагнозын анықтауды басты міндет деп білдім. Бұл телемедицинаға науқастың өзін де қатыстыра отырып, Алматы, Тараз сияқты қалалардағы әріптестермен байланысып, кеңірек кеңес алдым. Кей кездері аудандық аурухананың мүмкіндігі жоқтығын ескерген жоғарыдағы ауруханадағы дәрігерлер біздің ауруларымызды өздеріне шақырып та жататын. Мұндай тәсілге науқасқа шалдыққандардың қатарынан ешкім де қарсы болмайтын.
Екіншіден, әр дәрігер өзінің кәсіби шеберлігін шыңдап отыруға міндетті. Бала-шағалы болсақ та отбасымызбен ақылдасып, жоғарыда аталған қалаларға шеберлігімізді жетілдіретін үш айлық немесе жартыжылдық курстарға барып тұру да өте пайдалы. Баяғыда бір ғұлама айтқандай, адам қанша жыл ғұмыр кешсе сонша жыл үйреніп өтеді екен дегені айдай анық екен. Білдім, толдым деуден аулақ жүрдік. Шынын айту керек, кейбір мәселелерді анық білмесем, білетін адамдардан сұрап алуды ұят санамайтынмын. Біздің қазақ: «Өзің білме, білгеннің тілін алма» дегенді қарғыстың ең жаманына жатқызады.
Үшіншіден, республикамызда емдеу кабинеттерінің абыройы арта түсті. Өйткені, бұрындары емделушілер қалаған дәрігерлеріне барып, кезекке тұратын. Қазіргі кезде олай емес. Ең алдымен емханадағы өз учаскеңнің емдеуші дәрігеріне жазылып, содан кейін ғана қажетті дәрігеріңе жолдама аласың. Бұл әрине көп ізденіспен, көп талғаммен қызмет ететін емдеуші дәрігерге деген үлкен сенім.
Төртіншіден, туған жерінде қызмет ету бір жағынан қуанышты, екінші жағынан өте жауапты. Өйткені, емделіп жатқан үлкен кісілер: «Сен Сәбиттің қызысың ғой» немесе «Сенің анаң Орынбасар емес пе» деп мені жыға танитындарын атап айтады. Ал, жастар жағы да менің бауырларымның қатар-құрбылары екендігін ескерткен кездері аз болмады. Жақын таныстарым көп болғандықтан, мен оларды бөлектемей, әрқайсысын өз қадір-қасиетінше сыйлауға, құрметтеуге ықылас таныттым. Бұлардың ешқайсысынан адал қызметімді, ақ тілегімді аяп қалған жоқпын. Атам қазақ айтқандай, «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, көпшіліктің көңілін жүрегіме ұялаған имандылықтың, инабаттылықтың арқасында таба білдім деп ойлаймын».
Кеше ғана зейнет жасына жеткен, қызмет еткен жылдарында үлкен сенімге ие болған, жоғары санатты емдеуші дәрігер, есімі ауданға да, облысқа да кеңінен танымал, көптеген марапаттардың иесі Клара Үсембаева жайлы толғауымды мынадай өлең шумақтарымен түйіндеймін.
«Денсаулық – зор байлық» деп атап кеттік,
Кей кезде сол пайымды аттап өттік.
Жанға батқан сырқаттың әуресімен,
Алдына дәрігердің әзер жеттік.
Жағдайы белгілі ғой сырқат жанның,
Айтады ауруымен алысқанын.
Бір көмек береді деп келіп отыр,
Білмейді дерттің қалай жабысқанын.
Көрінді ақ жүзінің қаны қашып,
Дәрігер бәйек болды жаны ашып.
Бейтаныс жан болса да жатырқамай,
Сыр тартты сұрақ беріп, жақындасып.
Зерттеу нәтижесін қарап шықты,
Аурудың асқынғанын анық ұқты.
Тағы да өмір берді бір адамға,
Болған соң бойындағы емі мықты.
Клара Сәбитқызы осындай жан,
Шипасын жасаудан бір тосылмаған.
Лайықты құрметтеудің қандайына,
Сыр етіп айтсам деймін досым саған.
Ахметжан ҚОСАҚОВ,
Шу ауданының Құрметті азаматы.
ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері.