Өңір тынысымен танысты
Соңғы жылдары ауданда оң өзгерістер орын алып, тұралап қалған тірліктер тәй-тәй басып келеді. Әлеуметтің әкімнің атқарып отырған жұмыстарына көңілдері толатын сыңайлы. Оны орын алып жатқан өзгерістер мен әлеуметтік желілердегі халық пікірінен аңғарауға болады.
Жуырда Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Алтай Әлі ауданымызға арнайы жұмыс сапарымен келіп, әлеуметтік маңызы бар құрылыс нысандарының жай-күйімен танысқан болатын. Алтай Сембекұлы ең алдымен құрылыс жұмыстары жүріп жатқан Қорағаты ауылдық округінің Еңбек және Жиенбет ауылдарындағы ауыз су жүйелерінің құрылысын көзбен көрді. Кейін темір жол өткелі мен жол жөндеу жұмыстарын бақылап, газ тарату стансасының бүгінгі жағдайынан ақпар алды.
Облыс әкімінің орынбасары елді мекендердегі ауыз су жүйелерінің межелеген уақытта мәресіне жеткізіп, жұмыстың барынша сапалы орындалуы қажеттігін ескертті. Сонымен қатар, Жиенбеттегі жаңадан пайдалануға берілген мектептің қазіргі жай-күйіне куә болып қайтты.
А.Әлі сапар соңында «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағында болып, онда жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың барысы мен инфрақұрылым жұмыстарымен танысты. Аудан басшысы Б.Жәнібеков өңір тынысына қатысты жаңалықтар мен кейбір мәселелерді құрметті мейманға мәлімдеп жүрді.
Байжан ЕМБЕРДІ.