Өмірі өнермен өрілген
Саф өнерді ықылымнан бағалайтын қазақ халқы өзінің сүйікті өнерпаздарына жезтаңдай, бұлбұл деп бағасын бергені белгілі. Ән көңілдің ажары дегендейін есті ән тыңдаған қауым күміскөмей әншілерін қошеметтен кенде етпейтіні рас.
Қазекең: «Ән айтсаң да жаныңды жеп айтасың» – деп бекер айтпаған. Бұл сыртай оңай көрінгенімен айтушының шынайы ықыласын, эмоциясын, тыңдарман алдындағы жауапкершілігін, асқан мәдениет пен парасатты қажет етеді. Осындай асыл миссияны мойнына көтеріп, сахна сәніне айналып жүрген жандар арамызда жетерлік. Солардың қатарында Жанат Шаманқызы Досжанованы даралап айтқымыз келеді. 35 жылдан астам уақыт еліне әнін арнап, өнердің туын биік көтеріп жүрген Жанат Досжанова биыл асқаралы 60 жастың өріне қадам басып отыр.
Жезтаңдай әнші 1965 жылы 9 қыркүйекте Шу ауданы Тасөткел ауылында дүниеге келген. 1972 жылы аудан орталығындағы қазақ орта мектебінің табалдырығын аттаған түймедей қыз 1982 жылы алтын ұясынан түлеп ұшады. Арманы асқақ талдырмаш қыз 1984 жылы Шымкент музыкалық училищесінің оркестр, хор және ансамбль артисі және эстрада ансамблі артисі бөлімінің ән айту мамандығына оқуға түсіп, оны 1987 жылы тәмамдап шығады.
Ж.Досжанова өзінің еңбек жолын Алматы қаласындағы жасөспірімдер театрында «Қайсар» қуыршақ бөлімінің актрисасы ретінде бастаған. Бұл 1989 жылдардың таңы болатын. Тәуелсіздік алған жылдары Жайсан ауылдық клубының меңгерушісі болып өзін шыңдайды. 1991 жылдан бері Әбдімомын Желдібаев құрған «Шу еркесі» халықтық ән-би ансамблінің әншісі, «Арай» тобы мен «Әжелер» ансамблінің әншісі ретінде жұртшылыққа қызмет етті.
1996 жылдан 2002 жылға дейін аудандық Мәдениет үйінде, кейінгі жылы Шымкент филармониясында оркестр әншісі болған Жанат Шаманқызы әншілік қырымен көпшілікке кеңінен таныла түсті. Концерттерде есімі аталғанда ел ерекше құрметпен қарсы алды.
Жанат Досжанова ширек ғасырға жуық аудандық Мәдениет үйінде әнін шырқап, жастардың ақылшысы болып келеді. Ақ сақалды аталар мен ақ жаулықты әжелер, әншінің замандастары оның үнін, әсем үнін естуге құмар. Әншіні тыңдай отырып жас күндерін еске алып, сүйікті композиторларының сазына бөленеді.
Тотыдай таранып, сұңқардай сыланып сахнаға шыққанда көзімізге кешегі Күләш Байсейітова, Роза Бағланова сынды бұлбұлдарды елестететін ел еркесі «Әсем әуен» фольклорлық ансамблінде әнші, қазіргі таңда оркестр әртісі болып қызмет етуде.
Жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленген кейіпкеріміз осыдан 14 жыл бұрын Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталған. Бұдан өзге республика, облыс пен аудан басшыларынан алған марапаттары аз емес. Оның барлығы әншінің 40 жылға жуық өнерге деген қызметін айшықтайтыны анық.
Өнерде әнші, өмірде аяулы жар, ардақты ана болған ардагер өнерпаз жолдасы Айхан Қырғызбаевпен бірге күміс қасықтай қос қыз бен алтын асықтай ұл тәрбиелеген. Сонымен қатар сүйкімді 5 немеренің атасы мен әжесі.
Қала мен даланы аралап, небір майталмандардың көзін көрген Жанат Досжанова Шәмші сынды халық композиторларының әндерін тамылжыта шырқап келеді. Ал репертуары халықтың лайықты бағасын алған әндерге толы. Жергілікті сазгерлердің де талай әні кейіпкеріміздің орындауында бөлек кейіпке енетіні рас.
Алпыстың асқарына абыроймен шығып отырған әншіні өзі еңбек етіп отырған ұжымы ерекше сыйлайды. Мерейтойына да тиісті деңгейде құрмет көрсеткен болатын. Ән қанатындағы әнші Жанат Шаманқызына басылым атынан зор денсаулық, отбасы амандығы мен шығармашылық табыстар тілегіміз келеді.
Байжан Емберді.