Ақпараттық портал

Өнегелі шара өтті

Қазақ халқында жеңге мен қайын сіңілі арасында ежелден нәзік байланыс бар. Бойжеткеннің басты сырласы болған жеңгелер қыз өмірінде маңызды рөл атқарған. Ақыл-кеңесін айтып, жөн сілтеп жүреді. Сол арқылы бұрымды бойын түзеп, жеңешесінен көрген өнегені бойына жияды. Өз жұртына барғанда өмірлік азық етеді.
Қыздан дәмелі жігіттер де жеңгейлерді жағалап, сыйлығын беріп жүріп үміттісіне үкі тағып кететіні тағы бар. Анасы айта бермейтін кей дүниелерді қыз жадына жеңгелері жеткізетіні жасырын емес.
Халқымыздың бай мұрасын сахна арқылы дәріптеп жүрген жандардың қатарында мәдениет қызметкерлері бар. Олар алуан түрлі салтымызды сахналап, өскелең ұрпаққа өткеннің өнегесін таратады. Жуырда өткен Көкқайнар ауылындағы шара аймағымыздың айқын дәлелі болмақ.
Шу аудандық мәдениет үйіне қарасты Көкқайнар ауылдық мәдениет үйінде ата-бабалар салтын насихаттау мақсатында «Сырғалым, сырласым-2025» атты мәдени шара өткізілді. Жеңгелер мен қайын сіңілілері қатысқан аймақтық сайыс тартысты болғанын атап өткен жөн.
Өнерімен дараланып, жүзден жүйрік шыққан Дулат ауылдық округінен келген қатысушылар жарыстың бас жүлдесін еншілеп алды. Бірінші орын Көкқайнар ауылына бұйырса, екінші орынға Бірлікүстем ауылдық округі лайық деп танылды. Үздік үштікті Оразалы батыр ауылының қатысушылары түйіндеді.
Жарыстың жеңімпаздары ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ата-салтты ардақтауға қосқан белсенді қызметтеріне алғыс айтылды.
-Жеңге мен қайын сіңілі арасындағы сыйластық бұрынғы заманнан бері жеткен байланыс. Жеңгесінің ақылын алып, үлгі тұтқан қыздар парасатты болады. Ғұрпымыздың ғибратты тұсын насихаттау мақсатында осы шараны ұйымдастырып отырмыз. Шақыруымызды қабыл алған қатысушыларға шынайы алғысымызды білдіреміз,-дейді Көкқайнар ауылдық мәдениет үйінің үйірме жетекшісі Дамира Жұмағұл.
Сондай-ақ Көкқайнар ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Үйірме – өнер бастауы» атты есеп беру кеші өткізілді. Кештің мақсаты – әуесқой балалардың таланттарын таныту, бос уақыттарын тиімді пайдалану.
Аталған шарада бес үйірме шәкірттері қамтылып, ең жанашыр көрермен ата —аналарды өз өнерлерімен тәнті етті.
Есеп беру кешіне ауылымыздың ақсақалдары, ақ жаулықты аналары мейман ретінде қатысып, жас өнерпаздар мен тәлімгерлеріне ақ баталарын берді.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.