Ақпараттық портал

Ардагер рухына арналды

Бағымызға бұйырған бейбітшілік пен
берекелі уақытқа біздің ата-
әжелеріміз бар ғұмырын арнаған.
Бірі бала кезінен бейнет етсе, енді
бірі сұрапыл соғысқа аттанып,
фашизммен күрескен. Жеңісті
жақындатуға күш салған әрбір
батырға біздің құрметіміз бөлек,
ерліктерін есте ұстау керек екені
белгілі. Оған еске алу шаралары мен
спорттық сайыстар өз септігін сөзсіз
тигізеді.

Оған таяуда ғана Төле би ауылында Шу ауданы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің Бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығының ұйымдастыруымен және аудандық мәслихат депутаты Нұржан Қалмаханұлы Разимбековтың демеушілігімен Ұлы Отан соғысының ардагері, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен, ІІ дәрежелі Отан соғысының орденімен марапатталған Разимбеков Қалменнің 100 жылдығына орай, есімі аталған азаматты еске алуға арналып, жастар арасында кіші футболдан өткен аудандық жарысты дәлел етуге болады.
Жарыстың ашылу сәтіне Шу ауданының әкімі Б.Жәнібеков, аудандық мәслихат төрағасы Ж.Әбенов, ардагер спортшылар қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Бүгін баршамыз Ұлы Отан соғысының ардагері, батыр атамыз Разимбеков Қалмен қарияның туғанына 100 толуына орай еске алу шарасында бас қосып отырмыз. Қалмен атамыз жастығын жалын шарпыған жауынгер болған. Оны ардагердің жауынгерлік медальдары мен II дәрежелі ҰОС ордені айғақтайды. Сонымен қатар, батыр атамыз саналы ғұмырын халыққа қызмет етуге арнаған жан.
40 жыл отасқан Иілжан апамызбен 6 перзент өсіріп, солардан өрбіген немерелеріне қадірлі ата болды. Ол кісі өмірін еңбекпен өрнектеп, өз парасатымен қоғамға сыйлы болған тұлға» деген аудан басшысы спорттық шараның маңыздылығына тоқталып өтті.
Жеребе тарту арқылы жарыс жолына түскен командалар арасынан суырылып «БСО» командасы бірінші орынды иеленсе, сайыпқыран «Сарыарқа» командасы жарыстың күміс жүлдегері атанды. Сондай-ақ мұғалімдер құрамасы мен «Төле би» құрамасы үздік үштікті түйіндеп, қола жүлдені қанағат тұтты.
Жарыс мәресінде Ф.Тулебаев өз ойынымен ерекшеленіп, А.Подасиников «Үздік қорғаушы» атанды. Қақпасын күзеткен Ерлан Шалқыбек пен шабуылды үдеткен Мақсат Аманқұлов та үздіктер қатарынан көрінді.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңіске жеткен командалар және үздік ойыншылар ұйымдастырушылардың диплом, кубок, медальдарымен және Разимбековтар әулеті тағайындаған бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.