Ақпараттық портал

Кенеден келер қауіп көп

Күн жылт етіп жылынып, көктем шыға бастасымен және күн суытып, күз келгенде аса қауіпті жұқпалы аурулар санатына жататын конго-қырым геморрагиялық қызбасы ауруының эпидемиологиялық маусымы да қатар келетіні белгілі. Яғни, осы кезде табиғатта кенелер саны тез көбейіп, олардың ішіндегі ауру тасымалдаушы кенелер адам денсаулығына қауіп төндіріп, жануарлар мен адамдарға шабуыл жасайды. Осындай келеңсіздіктерді болдырмау мақсатында күні кеше аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтың төрағалығымен конго-қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу бойынша штаб отырысы өтті.

Аудан әкімінің орынбасары Бақыт Бетбаев, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайсар Құтыбеков, Шу ауданы ветеринария бөлімінің басшысы Сейітқазы Таңсықов және аудандық аурухананың бас дәрігері Жайдар Айтишев, аудандық СЭБ басқармасының басшысы М.Саулебаевтың қатысуымен өткен басқосу барысында кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары, оған бөлінетін қаржы көлемі кеңінен талқыланып, сала мамандары өз ойларымен бөлісті.
Ең алдымен кенеге қарсы жұмыстардың өткен жылғы көрсеткіштеріне тоқталар болсақ, былтыр конго-қырым геморрагиялық қызбасының 8 дерегі анықталған болатын. Тиісінше, науқастармен қарым-қатынаста болған 123 тұлға тіркеліп, олардың барлығы инкубацилық кезең бойы медициналық бақылауға алынған. Кейінгі екі жылдағы көрсеткішке сүйене отырып, Шу қаласы мен Алға, Бәйдібек, Д.Қонаев, Балуан Шолақ және Мойынқұм ауылдарын конго-қырым геморрагиялық қызбасы жиі тіркелген қолайсыз елді мекендердің қатарына жатқызуға болады. Өткен жылы Ұлттық сараптама орталығының қызметкерлері ауданымыздағы эпидемиологиялық жағдайды болжау, ауыл шаруашылығы малдарындағы және табиғаттағы кенелердің санын, олардың жұқтыру пайызын анықтау мақсатында бірқатар жұмыстарды жүргізгенін де айта кеткен жөн. Нәтижесінде, аудан аумағындағы 35 елді мекеннен барлығы 1333 иксодты кенелер жиналып, сынамалары толық зерттелген.
Жалпы, конго-қырым геморрагиялық қызбасы – адамды ауру кене шаққан кезде жұғатын вирустық дерт. Аурудың қоздырғышы табиғи ортада, кенелердің, жануарлардың ағзасында болады. Аталған ауруды тудыратын иксод кенелері жылы қанды организмнің қанымен қоректенетін болғандықтан, адамдар мен жануарларға аса қауіпті жұқпалы ауру жұқтырып, зиянын тигізеді. Мамандардың сөзіне сенсек, кене адам ағзасының температурасын 100 метр қашықтықтан сезеді екен. Кенелер көбіне-көп қора-жайларды, қи-қоқысты, құс ұясын, өсімдік түбін мекен етеді.
Жауапты мамандардың айтуынша, 2022 жылы кене шаққаннан кейін медициналық көмекке жүгінген тұрғындардың саны 59 адам болса, өткен жылы бұл көрсеткіш екі есеге дейін артқан. Дәлірек айтқанда, 2023 жылы 109 тұрғынды кене шағып, оларға тиісті медициналық көмек көрсетіліпті. Кене шаққан тұрғындардың басым бөлігі Шу қаласынан екенін де айта кеткен жөн. Осыған байланысты, аудан әкімі Бақытжан Оразалыұлы конго-қырым геморрагиялық қызбасының аса қауіпті жұқпалы ауру екенін ескере отырып, кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын ерте көктемнен бастау керектігін және оны қатаң қадағалау қажеттігін жеткізді. Сондықтан да Шу қаласы мен Балуан Шолақ, Д.Қонаев, Бәйдібек және Мойынқұм елді мекендеріндегі қора-жайлар мен жеке аулаларды кенеге қарсы өңдеу басталғанға дейін қи-қоқыстан тазалау жұмыстары ұйымдастырылмақ. Аудан басшысы бұл жұмыстарға ауыл әкімдері мен жауапты мамандардан бөлек, тұрғындар да мүдделі болу керектігін айтты. Ол үшін ауыл-аймақтағы үгіт-насихат жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Жоғарыда аталған елді мекендерді дезинфекциялау жұмыстары үш кезеңге бөлінетін болады. Мәселен, халық тығыз орналасқан Шу қаласындағы жер үйлердің санитарлық қорғау аймақтары мен қора-жайларды қоса алғанда жалпы көлемі 782672 шаршы метр аумаққа залалсыздандыру жұмыстары жүргізілмек. Дәл осы бағыттағы жұмыстар өзге де елді мекендерде жүзеге асырылатын болады.

Ерғали Қартайған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.