Жалынды күндер жадымызда
Биыл Кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл. 1979 жылдан бастап 1989 жылға дейін созылған қанды қақтығыста КСРО басшылығы «интернационалдық әскери көмек береміз» деген желеумен Ауғанстандағы ахуалға араласты. Соның салдарынан барар бағытын білмеген бозбалалар қан майданның ортасына тап болып, амалсыз қолдарына қару алған.
Он жылға созылған соғысқа Қазақстаннан 22 мыңға жуық адам қатысып, 780-і қаза тауып, 22 адам хабар-ошарсыз кеткен. Қолдағы дерек бойынша сол жылдары өзінің Отан алдындағы және интернационалист – жауынгер ретінде борышын өтеуге 150 шулық аттанған. Оның ішінде 7 жерлесіміз туған жерге табытпен оралған.
Жыл сайын 15-ақпан күні өтетін ерлікке құрмет шарасы биыл да жалғасын тапты. Жаңылмас дәстүрге сәйкес аудан басшылығы, ауған соғысының ардагерлері, боздақтар мен батырлардың туыстары мен аудан тұрғындары ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойып, қанды шайқаста ерлікпен қаза тапқан «Қызыл жұлдыз» орденінің иелерін бір минут үнсіздікпен еске алды.
Мұнан кейін аудан әкімінің орынбасары Н.Сұлтанбаев жиылғандар алдында сөз алып, сан жүрекке жара салған соғыс туралы тоқталып өтті. Сондай-ақ арамызда жүрген 70-ке жуық ардагердің өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу ісіне қосып жүрген үлестеріне алғысын білдіріп, аға буын өкілдеріне жылы лебізін жеткізді.
– Бүгінде Ауған соғысының алауында жалын кешкен ардагерлердің бірі өскелең ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие берсе, енді бірі өнеркәсіп, өндіріс, шағын және орта бизнес саласында ауданымыздың экономикалық-әлеуметтік дамуына үлес қосуда. Осы орайда, жастарды Отанды сүюге, ұлтжандылыққа тәрбиелеу ісіндегі қызметтеріңіз үшін шынайы ризашылық білдіремін.
Сол сұрапыл соғысқа 150-ге жуық шулық жауынгер аттанып, өкінішке қарай Махаметжан Абдуғаниев, Бауыржан Таятаев, Хамидулла Хамиджанов, Андрей Волощенко, Дулат Өтепов, Азамат Қойлыбаев, Қайрат Орынбаев сынды жеті жауынгер Ауған жерінде ерлікпен қаза тапты. Олардың барлығы көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған. Боздақтардың рухы шат болғай,-деді Найман Кенжеханұлы.
Сонымен қатар, осы жиында Шу аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Жандос Әбиев те өз лебізін білдіріп, қан майдан көрген жерлестерімізге ризашылығын жеткізді.
Қарулас достары мен олардың жақындарына ауданымыздағы Ауған соғысы ардагерлерінің төрағасы Б. Шынарбеков ықыласын жеткізіп, құрметке бөлеп отырған аудан басшылығына алғысын білдірді.
– Ауған соғысының аяқталғанына 35 жыл толуына орай ардагерлерге жақсы көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда 7 адам медициналық ұйымдарда ем-шара қабылдап жатыр. Бұл үрдіс кезек бойынша жалғасуда. Одан бөлек, тағылымды шараларға шақырылудамыз. Осы үшін аудан басшылығына, ақ халатты жандарға ерекше алғысымызды білдіремін,-дейді Бұралқы Сәтбайұлы.
Еске алу шарасынан кейін 35 жылдыққа байланысты салтанатты жиын өткен болатын. Аудан орталығындағы «Жайсан» мейрамханасында болған басқосуда аудан әкімінің орынбасары Н.Сұлтанбаев, аудандық мәслихат төрағасы Ж.Әбенов, аталмыш партияның өңірлік филиалының жетекшісі Б.Ниязбеков Ауған соғысының ардагерлеріне ізгі тілегін білдіріп, азаматтық және интернационалдық борышын адал атқарғаны, жастарды отаншылдық рухқа тәрбиелеу ісіне үлес қосқаны үшін аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын, Шу ауданының Құрмет грамотасымен марапаттады.
-Жастық шағын жалын шарпыған сіздерді Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуымен құттықтаймын! Жат мекенде жан тапсырған боздақтар мен бейбіт күнде дүниеден өткен батырлар біздің жадымызда. Арада 35 жылда өтсе де жүректегі жара жазылмайтыны белгілі.
Ата-ананы жалғызынан, ағайынды жақынынан айырған бұл соғыс енді қайталанбауын тілейміз. Бейбітшілік бесігінде тербеліп, өздеріңізге ұқсаған ұлдар көп болғай! Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін! Боздақтардың рухы шат болғай, – деді Н.Сұлтанбаев өзінің құттықтауында.
Мұнан кейінде марапаттаулар сәті жалғасып, бірқатар мереке иелері «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін кеудесіне тақса, 70-ке жуық ардагер 35 жылдыққа орай мерекелік медальдарға ие болды. Сондай-ақ 7 боздақтың жақындарына сый-сияпат табыс етілді.Осы шарада аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Ж. Әбиев те 3 ардагерге Алғыс хат тапсырып, істеріне игілік тіледі.
Төл мереке қарсаңында марапатталғандар мен өзге де ардагерлерге аудан әкімдігі тарапынан естелік сыйлықтар тапсырылып, ізгі лебіздер айтылды. Сондай-ақ Шу аудандық Ауған соғысы ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бұралқы Шынарбеков көрсетілген құрметке алғысын білдіріп, қарулас жолдастарына жүрекжарды құттықтауын жеткізді.
Ақ дастарқан басында болған құрметтеу шарасында ардагерлер аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарының әсем әндерін тыңдап, ерекше әсерге бөленіп қайтты.
Байжан Емберді.