Жалынды жігер иесі
Қазақ халқы ықылымнан қызды қонақ деп құрметтеп, оған ең ізгі тәрбие беруге тырысқан. Себебі, дана бабаларымыз ұлт тәрбиелеу өзегі бұрымдының бойындағы тәліміне байланысты екенін білген. Соған сәйкес «қызым саған айтам, келінім сен тыңда» деп ерді сыйлауға, оның қара басын қадірлеуге ақыл қосқан.
Десе де дүние дидары бұрылып, бүгінгі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылық деген терминді жиі естиміз. Оның арғы жағында азаматынан зәбір көрген әйел, психологиялық жарақат алған баланың бейнесі қылаң береді. Қоғамдағы бұл құбылыстың жиі орын алғандығы соншалық, мемлекет деңгейінде мәселе қозғалып, тіпті заң жобасы мәжілісте мақұлданған болатын.
Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырлап тұратыны анық. Бірақ іс насырға шауып, арты ұрыс-керіске ұласып жатқанда бұл мәселеге тәртіп сақшылары араласа бастайды. Анығырақ айтқанда, әр аудандағы жергілікті полиция қызметінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторлары нәзік жандарды өз қорғауына алады.
Биыл ІІМ әйелдер құқығын қорғау бөлінісінің құрылғанына 25 жыл толып отыр. Елімізде 1999 жылғы 19 ақпан күні, яғни 25 жыл бұрын әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі жеке қызмет өз жұмысын бастаған болатын. Аталмыш бөліністің басты мақсаты – әйелдердің конституциялық құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін заңсыз қол сұғушылықтардан қорғауды қамтамасыз ету, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу.
Осындай маңызды міндетті мейлінше атқарып жүрген тәртіп сақшылары біздің өңірде де бар. Сондай полиция қызметкерінің бірі, аға лейтенант – Жансая Садық. Бұрымды полицей Шу аудандық полиция бөлімінің ЖПҚБ әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы ретінде тер төгіп жүр.
1992 жылы туған Жансая Қырбашқызы 2010 жылы М.Әуезов атындағы орта мектепті тәмәмдап, Алматыдағы Қазақ қыздар педагогикалық университетіне оқуға тапсырған. Жоғарғы оқу орнын 2014 жылы бітірген кейіпкеріміз, білімін Тараз инновациялық гуманитарлық институтында заңгер болып жалғастырды.
Үйдегі бес баланың кенжесі әрі еркесі болып өскен қыз ішкі істер органдарында 2020 жылдан бері жұмыс істейді. Осы саладағы алғашқы жұмысы да оңай болмаған. Себебі қыз баласының қылмыстық атқару жүйесі департаментінде еңбек етуі ерлік. Бұл сірә кейіпкеріміздің батылдығын, алғырлығын, елге қызмет етудегі зор құлшынысын паш етіп тұрғандай. ҚАЖД-не екі жылдан астам уақыт еңбек еткен Ж.Садық 2023 жылдан бастап осы қызметке ауысқан.
Бүгінгі таңда қызмет бағытына байланысты полиция аға лейтенанты жолдасынан жабырқау көрген келіншектердің жанашырына айналып, түрлі тосын оқиғаларға куә болып келеді әрі ерлердің де, әйелдің де тілін тауып, қажет кезде ақыл-кеңесін де аямайды.
– Қазіргі таңда отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген қыз-келіншектер көп. Біздің жұмыс тікелей осы мәселелерді шешуге, алдын алуға, әйелдердің құқықтарын қорғауға бағытталған. Жас маман ретінде тәжірибе жинақтау үстіндемін. Менің арманым еліме адал қызмет етіп, нәзік жандарды дау-жанжалдан мейлінше арашалау. Қыз балаға полиция болу әрине оңай емес. Бірақ мамандыққа деген махаббатпен қиыншылықтарды еңсеріп келемін,-дейді аға инспектор Ж. Садық.
Қызметте қырағы полицей бола білген кейіпкерімізді қос сүйкімді балапаны күнде асыға тосады. Себебі аналары үйге оралғанда басқа күйге ауысып, әр демалысын солармен өткізуге тырысады. Ал бос уақытында кітап оқып, дене шынықтырып, рухани тұрғыдан тыныс алуды жөн көреді. Аға лейтенанттың айтуынша, құқық қорғау органдарындағы қызмет оның бойында тәртіптілікті, байсалдылық пен шұғыл шаруаларда әбжіл әрекет ету қасиетін шыңдаған.
Соңғы жылдары жан түршігерлік оқиғалар жиі орын алуда. Сондықтан тиісті заң қабылданып, жауапкершілік қатаңдатылуда. Дейтұрғанмен, тәртіпке бағынбайтын жандар да табылып, полиция жұмысы артатыны ақиқат. Сондай сәттерде біздің кейіпкеріміз де заңға қызмет етіп, өз міндетін үздік атқарады деп сенеміз.
Осы мақала жазылар сәтте облыс орталығынан сүйінші хабар жеткен болатын. Ж.Садық 25 жылдыққа орай «Шайқалмаған шаңырақ» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясында арнайы сертификатқа ие болса, жұма күні Жамбыл облыстық полиция департаментінде өткен жиында мерекелік медальді кеудесіне тағып отыр.
Жұмыста тәртіп сақшысы, үйде ана, айналасына адал дос Жансая Қырбашқызына әрдайым сәттілік тілеп, ел мүддесі үшін атқарып отырған жұмысына жеміс тілейміз.
Байжан Емберді.