Шығармашылық ізденіс шыңға жетелейді
Қазіргі өскелең ұрпақтың талантын талабымен ұштастыра білген тұлға болып қалыптасуына мүмкіндіктер жетерлік. Қай мамандықтың тізгінін ұстаймын десе, соған жан-жақты дайындайтын мекемелер, орталықтар баршылық. Солардың бірі-қосымша білім беру мекемелері. Баланың бос уақытын тиімді пайдалану арқылы шығармашылық қабілеттерін дамытуға ден қойған қосымша білім беру мекемелерінің жан-жақты болуы-заман талабы.
Қосымша білім беру ұйымдары білімнің адам өмірі мен қоғамдағы рөлін балаларға түсіндіру арқылы олардың білімге, өнерге, мәдениетке деген қызығушылығын, ынтасын оятып, жеке қажеттіліктерін қанағаттандырады. “Бұлақ көрсең көзін аш” демекші, қолөнерге бейім, таңдайына тәтті үн ұялаған, би десе делебесі қозатын, тілімен түйреп сөйлер қабілеті бар, ұлттық өнерді жандандыруға жаны құмар балаларды танып, солармен тұрақты түрде жұмыс жасап, жұлдызын жағуға атсалысып жүрген жандардың да заман ағымына қарай бейімделіп, өнерге балаларды тартудың тетіктерін қарастырып жүргені үйірме жетекшілерінің нақ жетістігі деуге болатындай. Кез келген оқушы мұғалімнің басшылығымен орындаған шығармашылық жұмысының нәтижесінде өзінің ішкі мүмкіндіктерін дамытады. Баланың қабілеті мен талантын дамытуды неғұрлым ертерек бастаса, соғұрлым оның қабілеті толық ашылуы мүмкін. Қосымша білім беру ұйымдарындағы педагогтардың білімі де жыл сайын белгілі деңгейде жаңартылып отырады.
Осыған орай, Өнер мектебінде аудандық білім бөлімінің жоспарына сәйкес “Жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында қосымша білім беру педагогтарының кәсіби шеберліктерін дамыту” тақырыбында аудандық семинар-практикум өткізілді. Оған аудандағы 7 қосымша білім беру мекемелерінің басшылары мен падагогтары қатысып, ашық сабақ, шеберлік сағаты, тренинг барысында тәжірибе алмасып, пікірлерімен бөлісті.
Ең алдымен “Жаңартылған білім беру мазмұнында педагогтің кәсіби құзіреттілігін жетілдіру” тақырыбында баяндама оқылды. Сондай-ақ, “Әшекей бұйым”, “Жамбыл Жабаев”, “Натюрморт жанры-ның түрлері” тақырыптарында ашық сабақтар өткізілді. Ізденімпаз мұғалімнің шығармашылығындағы ерекше тұс — оның сабақты түрлендіріп, тұлғаның жүрегіне жол таба білуі. Аталған ашық сабақтар мен шеберлік сағаттарында үйірме жетекшілері заман ағымынан қалыс қалмайтынын, ұлттық құндылықтарымызды жаңаша тұрғыда дәріптеп жүргендігін аңғартты. Сонымен қатар, қатысушы қонақтар да заманауи трендке айналған кілемшеге сурет салу бойынша шеберліктерін көрсетті. Семинар-практикумның соңында Өнер мектебінің оқушылары концерттік бағдарлама ұсынып, барлық қатысушы педагогтарға сертификат табысталды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – аса жауапты әрі күрделі міндет. Ұлттық құндылыққа қанығып өскен өреннің танымы терең, ділі берік болады» деп баса айтқан болатын. Міне, осы жолда ұстаз деген ұлы есімді арқалаған жандар барын салса, ұрпағымыз өнерлі, ұлт болашағы баянды болмақ!
Айғаным Асқарбек.