Ақпараттық портал

Жобаны жүзеге асырамыз деп, жүгенсіздікке жол бермейік

Соңғы кездері мектеп оқушылары арасында әр аптаның жұма күнінде қазақы нақыштағы киім
киіп келу қажеттігі жөніндегі ұстаздар тарапынан айтылған талапқа байланысты әңгімелер жиі айтылады. Әрине, ұстаздардың аузынан шыққан сөз көптеген оқушылар үшін жазылған заңмен тең болғандықтан, оны бірінші кезекте балалар ата-аналарына жеткізеді және қаржылық жағдайдың жай-күйімен санаспастан, айтылған сөзді орындауды ата-ана алдына міндет етіп қояды. Осыған орай, бүгінгі таңда ата-аналар арасында да екіұшты пікір қалыптасып отыр. Бірі бұл жаңашылдықты қолдап жатса, басым бөлігі жаңа талапқа мүлдем қарсы. Қарсылық танытуларының бірнеше себептері бар.

Мысалы, өн бойы қазақтың ұлттық ою өрнектерімен көмкерілген, заманауи тілмен айтқанда «Корсет» деп аталып жүрген, ақ жиденің сыртынан киюге арналған кеудеше базар мен оның маңайындағы киім дүкендерінде қаптап тұрғанымен, оны ұлттық үлгідегі киім деп айтуға мүлдем сәйкес келмейді. Өйткені, аталмыш киімді тігу барысында реттілік сақталмаған. Әдетте, ұлттық өрнек кеудешелердің жиегін жағалай отырып біркелкі тігілетін болса, корсеттегі ою-өрнек бірінің үстіне бірі мінгескендіктен, жалпы киімнің сұлбасы ретсіз көрінеді. Оған қоса, корсеттің иық тұсы мен арқа тұсы баумен байланып тұрады (төмендегі 2-3 суреттер). Нақты айтқанда, не ұлттық нақышқа, не қарапайым мектеп формасына келмейді. Ата-аналардың қарсылық танытуының бастапқы себебі осы болып отыр. Екіншіден, оқу жылының аяқталуына аз уақыт қалғандықтан, бұл киімнің қажеттілігі жоқ деген пікір де бар. Өйткені, үш айдан соң сабақ аяқталады да, қыркүйек айында дәл осы киімдер кейбір балаларға сыймай қалады. Үшіншіден, оқу жылының соңғы үш айы ішіндегі әр аптаның жұма күндері ғана киілетін бұл киімнің бағасы да айтарлықтай. Дайын корсеттің ең төменгі бағасы 5000 теңгеден басталып, тапсырыс арқылы тіккізетін болсаңыз, 10 мың теңгеден асып түседі. Ал, мұндай қаражат көп балалы, аз қамтылған отбасылар үшін айтарлықтай қаржылық салмақ болатыны айтпаса да түсінікті. Сол себептен, кейбір ата-аналарда аз уақыт үшін ата-ананың қалтасына салмақ түсіріп, мұндай әбігерлікке салу асыра сілтеушілік деген ұстаным да бар және бұл ойды көпшілігі қолдап отырғаны да жасырын емес. Олар егер, қазақы нақыштағы киім кию талабы міндетті түрде орындалуы қажет деп танылса, әсіресе, қыз балаларға корсетке қарағанда қарапайым қазақы жилет кию ең дұрыс шешім деп санайды (1-сурет). Осындай себептерге орай, ата-аналар қауымы сынып жетекшілеріне өз пікірлерін білдіріп, біразы мүлдем қарсылық танытса, басым бөлігі қазақы жилет киюді алға тартты. Алайда, сынып жетекшілері балалардың таңдауы корсетке ойысып тұрғандығын жеткізуде. Осылайша, бұл мәселе ата-ана, сынып жетекші және оқушылар арасында өзара түсініспеушілік туындатып, күрмеуі қиын мәселеге айналып отыр. Осы тұста балалар шынайы ұлттық нақышты емес, сәндік форманы ғана ойлап тұрғандығын ескеру маңызды. Сол себептен, мұғалім де, ата-ана да балаларға бұл туралы тыңғылықты түсіндіріп, әсіресе ұстаздар қауымы ұлттық нақыштағы киімнің дұрыс нұсқасын таңдайтындай нақты талап қою қажет деп білеміз. Өйткені, мұғалімнің айтқаны оқушыға заң. Бұл аталмыш мәселені оңды шешудің бір жолы.
Екінші жолы – білім ордасында ұлттық нақыштағы киім киюді жаппай міндеттеуді болдырмау. Өйткені, жоғарыда айтып өткендей, ата-аналардың басым бөлігі бұл бастамаға «менің балам өзгеден кем қалмасын» деген ниетпен өз перзентінің немесе бірнеше жыл бірге келе жатқан сынып жетекшінің көңілі үшін еріксіз мойынсұнуда. Солай болғанымен, бұл әсіресе, әлеуметтік аз қамтылған отбасындағы балалардың ата-аналарына бүгінгідей қымбатшылық жағадан алған заманда артық шығын, қаржылық салмақ болатыны шындық. Сол себептен болса керек, ата-аналар арасында бұл мәселеге қатысты мүмкін біреулерге жағымсыз естілетін «Бір дөкейдің бизнесін жүргізу қажет болған ғой» деген сыңайлы түрлі пікірлер де қалыптасып үлгерді. Яғни, бұл биліктегілер жоғарыда отырып, ойына келгенді орындата салады дегенге саяды. Мұндай орынсыз міндет жүктеп, шектен тыс талап қоюдың соңы жақсылыққа әкелмейтіні де ақиқат.
Сондықтан, қызметтік міндетімізді негізге ала отырып, аудандық білім бөлімінің басшысы Тұрар Дүрмановпен жолығып, мәселенің мән-жайын сұрастырған едік. Оның айтуынша, бұл бастама «Төрт тоқсан – төрт өнер» ұлттық мәдени-ағартушылық жобасының тұжырымдамасы негізінде қолға алынған. Алайда, бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің арнайы бұйрығы жоқ және барлық мектептерде жаппай бірдей ұлттық нақыштағы киім үлгісіне көшу міндеттелмеген. Сол себептен, әр баласын ұлттық нақыштағы киіммен қамту немесе одан бас тарту әр ата-ананың өз еркі екендігін жеткізді ауданымыздың бас ұстазы.
Ал, «Төрт тоқсан – төрт өнер» жобасы туралы нақты айтар болсақ, оның басты мақсаты – қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, ұлттық бірегейлік пен әлеуметтік құзыреттілікті дамыту, білім алушыларды өз халқының мәдени дәстүрлеріне, көпұлтты мемлекет жағдайында жалпыадамзаттық құндылықтарға баулу. Бұл өз кезегінде Отанға деген мақтаныш сезімді қалыптастырып, қазақ халқының тарихын, мәдениеті мен дәстүрлерін құрметтеуге тәрбиелеу, халық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын түсіну негізінде білім алушыларды толеранттылыққа тәрбиелеу, қазақ халқы мәдени дәстүрлерінің сабақтастығын сақтау сынды міндеттерді көздейді.
Ауданымыздағы білім саласы мамандарының мәлімдеуінше, «Төрт тоқсан – төрт өнер» деп аты айтып тұрғандай, бұл жоба оқу жылындағы төрт тоқсанның әрқайсысында оқушыларды төрт түрлі құндылыққа баулиды. Жоба шеңберінде жаппай мерекелер, конкурстар, көрмелер, жарыстар, олимпиадалар, фестивальдер өткізіледі. Мысалы, бірінші тоқсанға белгіленген іс-шара «Ақындар айтысы» деп аталып, Республика күніне орай, ақындар айтысын өткізу көзделіп, осы бағытта жұмыстар атқарылып, ол ұлттық рух пен патриотизмді, өз халқына және оның дәстүрлеріне құрмет сезімін тәрбиелеу, эмоционалды интеллекті қалыптастыру, айтысты қазақ халқының ұлттық құндылығы, шешендік өнердің баға жетпес мұрасы ретінде дәріптеу арқылы дарынды, шығармашыл жастарды анықтауды басты мақсат етті. Ал, негізгі міндет – балалар мен жастардың қазақ халқының музыкалық мәдениетіне деген қызығушылығын ояту, поэтикалық, орындаушылық және вокалдық дағдыларды қалыптастыру, ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілік сезімін ояту, қазақ тілінің рөлін арттыру, халықтар достығы мен бірлігін дәріптеу. Айтыс екі айналымда өткізіліп, бірінші айналым әртүрлі сынып оқушылары арасындағы іріктеу кезеңіне негізделсе, жартылай финалда мектеп финалына қатысу үшін бірінші айналымның жеңімпаздары бақ сынайды. Оның «Жаңа күн – жаңа Қазақстан», «Туған жерім – мақтанышым», «Тілім – тұмарым», «Тәуелсіздігім – тұғырым», «Топырақ жыр – торқа жыр», «Көк тудың желбірегені» сынды өзге де өзіндік тақырыптары белгіленген.
Екінші тоқсан – «Алтын сақа олимпиадасы». Бұл тұста «Асық ойыны – үлкен халықтық тәрбие. Біздің ұлтымыздың дәстүрлері мен мәдениетінің бастауы» деген Б.Момышұлының өнегелі сөзін басты ұстанымға алған әр өңірдегі білім саласы басшылықтары асық ойнау – бұл жай ғана ойын емес, дәлдік пен көшбасшылық қасиеттерді дамытатын, оқушылардың логикалық ойлауына оң әсер ететін спорт түрі екендігін басты назарға алып отыр. Жалпы, ұлттық ойындар мәдениетпен қатар дамып, балалардың демалу, дене және рухани күштерін дамыту қажеттіліктерін қанағаттандыратын мәдени элемент, сонымен қатар білім беру құралы ретінде қызмет етеді. Соның ішінде асық ойнау баланың жүйке жүйесінің мықты, мінезінің берік, қимылдарының дәл әрі ширақ болуына ықпал жасайды.
«Алтын сақа» олимпиадасының мақсаты да қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасын құрметтеуді қалыптастыру, батылдыққа, төзімділікке тәрбиелеу, ептілікті, қырағылықты және дәлдікті дамытуды көздейді. Осы арқылы халықтың мәдени мұрасын сақтау, ұлттық ойындарды насихаттау, қазақтың ұлттық ойындарын білуге қызығушылықты арттыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру, балаларды асық ойынына баулу міндеттерін жүзеге асыру жолға қойылды. Мұнда бес табан, бес асық, үш табан, алты табан, омпы, бүгіп алу, көн (жоң), жарып алу, сыпырмай, түртпей, тыштырмай атан, бестас, мергендік немесе шеңбер жасап ату, хан талапай, асық қағу, қаршу, алшы, шұбырту, ұпай ұтысу, қол жоң, ат жарыстыру, қошқар соғыстыру, мұз ойнақ, иірмекіл, қақпақыл, сасыр, хан ойыны, аламан хан, асық табысу (асық жасыру), бүк-шік, төрт шүкейт, шомшы, манай сынды ойындарды балалар арасында кеңінен насихаттау маңызды рөлге ие.
Үшінші тоқсан ұлттық өнерді дәріптеуге негізделіп, «Ұлттық өнер көрмесі» деп аталды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің бір сөзінде: «Біз көптеген тағдырлы сынақтардан бірге өтіп, ата-бабаларымыздың дәстүрлерін, құндылықтарын және мәдени-рухани мұрасын сақтай алдық» деген болатын. Біз сөз етіп отырған ұлттық өнер көрмесі де балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық әлеуетін ашу, мәдениет пен өнер арқылы әдемі әлемге баулу, туған өлкеге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, мәдени мұраны сақтауға бағытталған. Наурыз мерекесі қарсаңында өткізілетін көрме бағдарламасы шығармашылыққа баулу атмосферасын қалыптастыратын іс-шаралар – халық шығармашылығы бұйымдарының қайырымдылық жәрмеңкелері, Қазақстанның мәдени мұрасы туралы кітап көрмесі, әдеби шығармалар байқауын, қазақ халқының тұрмысы туралы экспозицияларды, өнер қайраткерлерімен кездесулерді, киноклубтар отырыстарын және т. б. өткізуді көздейді.
Төртінші тоқсан – «Туған өлкем» фестивалі. Оның мақсаты – оқушылардың белсенді азаматтық ұстанымын дамыту, отансүйгіштік пен азаматтық сезімге тәрбиелеу, салауатты өмір салтын насихаттау, туған өлкені зерделеу арқылы туристік-өлкетану қызметін жандандыру. Басты міндет – балаларды туған өлкенің тарихи, мәдени және рухани мұрасымен таныстыру, кіші Отанды зерттеу; республиканың үздік балалар экспедициялық жасақтарын анықтау; өз өлкесінде туризм мен өлкетануды дамыту идеяларын іске асыру бойынша әлеуметтік маңызы бар жобаларды әзірлеуге және өз бастамасын көрсетуге ынталандыру; туған өлкенің тарихын, оның көрікті жерлерін насихаттау бойынша идеялармен алмасу үшін орта құру.
Жобаның бұл бағыты «Жас өлкетанушы», «Zhasyl El», «Eko-Bolashak», «Green oases» , «Туған жердің бояулары» сынды үлгілік тақырыптарды қамтиды.
Иә, мұның барлығы «Төрт тоқсан – төрт өнер» жобасының алғышарттары. Ал, қазіргі таңда қызу пікірге ұласқан мектептердегі ұлттық киім кию бастамасы жобада нақты көрсетілмесе де, осы «Төрт тоқсан – төрт өнер» жобасы аясында қолға алынған. Ата-аналарға түсінікті болу үшін жоғарыда жобаның бағыттары туралы да нақты айқындап көрсеттік. Яғни, ұлттық үлгідегі киім кию жөнінде Оқу–ағарту министрлігінің арнайы бұйрығы болмаса да, бұл аталған жобаға сәйкестендіріліп басталған дүниеге саяды.
Сондай-ақ, мектептегі ұлттық киім кию үрдісі өткен жылдың соңында жалпы ел көлемінде қолға алынған, жас ерекшелігіне қарамастан барлық Қазақстан азаматтарының ұлттық киім үлгісін насихаттауға негізделген “Ұлттық сезім” жобасымен байланыстырылады. Жобаның мақсаты – ұлттық мәдениетті насихаттай отырып, мектеп оқушыларын ғана емес, бүкіл халықты ұлттық бірегейлікті жандандыруға өз үлесін қосуға үндеу, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген отаншыл, мемлекетшіл ұрпақ тәрбиелеу.
Әрине, ұлттық тәрбиені ұлықтауға ешкім қарсы бола қоймас. Алайда, киім сәнінен гөрі білім сапасы маңызды болса керек. Ал, егер осы мақаланың жоғарғы жағындағы 1-суретте бейнеленгендей киім кию талап етілсе, әңгіме басқа. Өйткені, ұлттық стильге сай әрі жинақы. Оған қоса, мәселенің бір ұшы қаражатпен сабақтасып тұрғандықтан, өн бойы ұлттық құндылықты паш ету идеясымен сәйкес келмейтін, корсет сынды дүдәмал киім үшін әлеуметтік ахуалды да естен шығармаған жөн болар деген ойдамыз. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні де осы.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.