Ғаламторға тәуелділіктің алдын алыңыз
Бүгінде интернетке тәуелділіктің салдарынан жастардың денсаулығы ғана емес, ойлау, сөйлеу, жазу мәдениеті де төмендеп барады. Бос уақытын қызықты өткізгісі келетін жас жеткіншіктерге қандай амал қолданса болады?
Психолог ретінде жасөспірімге білім алу уақытында сабаққа бару, сабақ уақытында сабақ оқу, ойын уақытында ойнау керектігін ұдайы жеткізіп отырған жөн дер едім.
Күнделікті жоспары бар жасөспірім ойын уақытында қалағанынша ойнасын. Сабақ оқу уақыты келгенде сабағын оқысын. Ережелерді ата-анасымен бірге белгілеп және күнде осы ережелерді қайталағаны дұрыс.
Интернетке тәуелділіктен арылуды арнайы уақыт тағайындаудан бастау керек. Бала өзіне жаңа қызығушылық не хобби ашсын. Білім деңгейін көтеріп, үйде бұрыннан оқығысы келіп жүрген кітаптарды оқуға кіріскені абзал. Википедияның орнына энциклопедия оқыған әлдеқайда тиімді. Осылайша, интернеттен алшақтап қана қоймай, өз білімін де жетілдіреді.
Компьютерде отыру уақытын шектеңіз. Күніне осынша сағаттан осыншаға дейін отыратындай, арнайы уақыт тағайындаңыз. Айтуға оңай болғанымен, әрине, жастарды бірден интернетке деген тәуелділіктен арылту қиын. Бірақ бұл «бұдан шығатын жол жоқ» дегенді білдірмейді. Қазір виртуалды танысқан жастар күнделікті өмірде бас қосып, кездесіп жатыр. Әрбір жас тиянақты білім алумен қатар, күн тәртібіне бос уақытын пайдалы өткізуді күнделікті енгізіп, жоспарлап үйренсе, интернетке деген тәуелділікті алмастырар еді.
Назира Шохаева,
Оқушылар сарайының педагог-психологы.