Ақпараттық портал

Арулар құрмет төрінде

Әлемдегі ең аяулы жандар – аналар екені ақиқат. Тоғыз ай құрсағында көтеріп, толғатып дүниеге әкеліп, өскенше өбектейтін аналарды жылдың бір күнінде емес, сағат сайын сыйласақ та артық етпейді. Десе де, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнінде шет мемлекеттермен бірге елімізде де нәзік жандар қауымы құрметке бөленіп, құшағы гүлге толып жатады. Осынау күні дүниежүзі жылулыққа кенеліп, керемет көңіл-күй қалыптасатыны жасырын емес.

Осындай мерейлі мереке қарсаңында ауданымызда бірқатар шаралар ұйымдастырылған болатын. Солардың бірі – аудандық Мәдениет үйінде өткен салтанатты жиын. Аталған шараға аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков қатысып, ақ жаулықты аналарды, қымбатты қыз-келіншектерді төл мерекелерімен құттықтаған еді.
– Ардақты аналар, аяулы жандар! Сіздерді ең әуелі шуақты мереке 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтауға рұқсат етіңіздер! Мәртебелеріңіз жоғары, мерейлеріңіз үстем болсын!
Өздеріңіз жақсы білесіздер, аналар мен арулар – әлемге мейірім мен махаббат сыйлаушы нәзік жан иелері. Әр шаңырақтың шаттығын жарастырып отырған аяулы қыз-келіншектерді құрметтеу қай ұрпақтың болмасын перзенттік борышы. Отбасы мен ошақтың жылуын тарататын аналардың орны біздің қоғамда ерекше. Отанның отбасынан бастау алатыны да белгілі. Ал жанұя жарасымдылығы ақ жаулықтылардың аялы алақанында екені ақиқат. Терең даналықтарда «Жұмақ – ананың табанының астында» делінген. Сол секілді ата-ананың ақ батасы жақсылықтарға жетелейді. Әлемнің сұлулары татымайды, анамның күліп тұрған бейнесіне деген өлең жолдары да аналардың қадір-қасиетін дәл бағамдап тұрғандай.
Статистика бойынша қазақстандықтардың саны 20 миллионға жетті. Демографияның дамуына алтын алқалы және күміс алқалы батыр аналар аянбай үлес қосуда. Былтыр ауданымызда 50 шақты ана осындай мәртебеге ие болса, биыл біз 72 анаға тиісті марапаттарын табыс еттік. Әз әжелеріміздің жолын жалғастырған аналардың ауданымызда бар болғаны бізді марқайтады. Салтанатты сәтті пайдалана отырып батыр аналарға алғыс білдіремін.
Сонымен қатар, ауданымыздың әр саласында тер төгіп жүрген нәзік жандар жетерлік. Еңбек ардагерлері де аз емес. Үйдің де, түздің де жұмысына үлгеріп, үлкен шаруалардың шашауын шығармай атқарған аналарға да алғысымыз ерекше, – деді аудан басшысы өз құттықтауында.
Бақытжан Оразалыұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматшаларға облыс әкімі мен аудан әкімінің Құрмет грамотасын және Алғыс хатын табыстаса, бір парасына «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыс етті. Сонымен қатар, залға жиналған мереке иелеріне аудан әкімінің атынан гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар табыс етілді.
Салтанатты жиын Мәдениет үйінің өнерпаздары даярлаған сазды бағдарламаға ұласып, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Ерғали Қартайған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.