Ақпараттық портал

Мәртебесі сақтандырылмағандардың мәселесі қаралды

Кеше аудан әкімдігінің мәжіліс залында Шу ауданына қарасты ауылдық округтер бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде мәртебесі сақтандырылмаған азаматтардың санын азайту мақсатында жиын өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Жайдар Айтишев, қалалық емхана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Гаухар Іңкәрбекова, мекеме және бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Жайдар Әскербекұлы «Шу ауданына қарасты ауылдық округтер бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде «Мәртебесі» сақтандырылмаған азаматтардың санын азайту мақсатында атқарылған жұмыстар туралы» баяндамасын оқыды.
-Шу аудандық орталық ауруханасына “Халықты тіркеу регистрі” бойынша 55895 азамат тіркелген, оның ішінде мәртебесі сақтандырылмаған азаматтар саны 11859, яғни 21,2 пайыз. Сақтандырылмағандардың сапындағы 5-і қайтыс болған азаматтар болса, ал 228 азамат басқа мемлекетке көшіп кеткендер. Сондай-ақ, ешбір жерге тіркелмегендер саны 103, басқа қалаға немесе ауданға тіркелгендер саны 315, студенттер-39, жұмыссыз азаматтар-11117. Қайтыс болған және қоныс аударған азаматтардың тізімі Халыққа қызмет көрсету орталығы, көші-қон қызметі және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалына жіберілген,-деді бас дәрігер.
Сондай-ақ, медициналық сақтандыру бойынша облыста біздің аудан артта қалып отырғандығын тілге тиек етті. Әрі ауылдық округ әкімдеріне ауылда тұрмайтын азаматтарды есептен шығару жұмыстарын үйлестіру және берілген тізіммен әрі қарай жүйелі жұмысты жүргізу керектігін алға тартты.
Бұған қоса, мәртебесі сақтандырылмағандардың қатарында мәртебелі мамандық иелері мұғалімдердің де бар екендігі айтылды. «МӘМС туралы» заңға сай жұмыс беруші ай сайын әлеуметтік медициналық сақтандыруға қызметкері үшін аударымдар мен жарна төлеуі тиіс. Бір айда аударым болмаған жағдайда қызметкер МӘМС жүйесіндегі сақтандырылған мәртебесінен айырылады. Осыған қарамастан, Қазақстанның кейбір өңірлері мен жекелеген салаларында бұл төлемді айларға бөлмейді және қызметкер медициналық қызмет алуға жүгінген кезде сақтандырылған мәртебесінің жоғалғанын анықтайды. Сондықтан да бас дәрігер аудандық білім бөлімінің басшысына осы мәселелерді болдырмаудың алдын алу шараларын қарастыруды тапсырды.
Аталған жиында қатысушылар тарапынан да медициналық сақтандыру төңірегінде түйткілді мәселелер де көтерілді. Мәселен, ауылдық округтердегі бір мекенжайда бір емес бірнеше адамдар есепте тұрғанмен, сол үйде тұрмайтындығы, оларды есептен шығарудағы қиындықтар да айтылды.
Жиын соңында Найман Кенжеханұлы көші-қон қызметі, халыққа қызмет көрсету орталығы, жұмыспен қамту бөлімінің басшыларына жұмысты тиісті деңгейде атқаруды және ауылдық округ әкімдеріне өздеріне қарасты «Е-халық» ақпараттық жүйесімен ауылда нақты тұратын халықтың санын растап, сәйкестендіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.