Ақпараттық портал

Сайын дала саңлағы Сұлтанұлы Сарыбай

Сарыбай Сұлтанұлы Қалмырзаев… Бұл есім Жамбыл облысына ғана емес, күллі Қазақстанға таныс есім. Осыдан отыз үш жыл бұрын Тәуелсіздік таңы атқан тұста ел мүддесі үшін еңбек еткен ердің ері Сарыбай Сұлтанұлын азаттықтың ақтаңдақ беттерінде алтын әріптермен жазылатын адам десек, артық айтқандық емес. Ал атпал азаматтың Шу өңірі топырағында туғанын естігенде кеудесін мақтаныш сезімі кернемейтін жан болмас, сірә?!
Жыл басталғалы қалыптасқан дәстүрмен елеулі, даталы, атаулы жылдарға мән беріп, соны тарихымызда өзіндік орны бар, ел дамуына сүбелі үлес қосқан қайраткерлердің есімдерін жаңғыртуға шама-шарқымыз жеткенше атсалысуға бекіндік. Соның жарқын бір көрінісі болар, биылғы жылда айтулы даталардың қатарында Сарыбай Сұлтанұлының 75 жылдығы да бой көрсетіпті.
Ойлап бақсақ, түйсігі бар жанға бір кездері мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді айтқан мына бір сөздердің әлі де салмағы басым – “Жылдар өтіп заман өзгерер, жаңа ұрпақтар дүниеге келер. Егер осы қалпында ауылдың аты өзгермей қалып қойса, олар ауыз толтырып, “Жаңа жол” ауылының балаларымыз деп мақтана алмас. Егер ауылдың аты “Сарыбай” болса, олар ата-аналарынан сұрап алып, оның сол ауылда туып-өскен бала екенін, ол кейін ірі мемлекет қайраткері болғандығын біліп алып, біз де сол кісідей боламыз деп армандап, ұмтылып өсер еді”. Дегеніндей-ақ “Жаңа жол” ауылын “Сарыбай” ауылы деп өзгерту үшін бірнеше жиындар өткізіліп, өңір жұртшылығы қолдағандай болып еді, әйткенмен аяқсыз қалды. Қуантарлығы, жоғарыдағы ел ағасының сөзі жас сананы оятқандай. Бүгінде болмысы бөлек жерлес ағаларын құрмет тұтып, үлгі алуға бел буған жастардың қарасы көбейіп келеді. Ауылдың аты Сарыбай аталып үлгермесе де атпал азаматтың ел мүддесі жолындағы ерлік істерін ізін басып келе жатқан ұрпағы жақсы біледі. Ал, Сарыбай Қалмырзаев есімі сол ауылға телінсе, бөркін аспанға атып қуанбақ. Қуанып қана қоймай, ойға алған істерін қолға алмақ.
Перзенттік парызының өтеуі дерсіз, бір жылдары Сарыбай Қалмырзаев өз қаражаты есебінен кіндік қаны тамған өлкеге үсті-үстінен қуаныш сыйлайды. Өзі білім алған алтын ұя мектебінің алдына қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлының ескерткішін орнаттырып, әрі жаңа мешітті жерлестерінің игілігіне тарту етіп, көрегендіктің нақ үлгісін танытады. Мешіттің атын “Күнту” баба атымен атап, дүниеден өткен әруақтарға құран бағыштап, ас береді. Оның киелі рәсімнің артын аста-төк думанға айналдырмай, ат жарысына деген темір тұлпарды мектептегі ең үздік оқитын екі өрімтал балаға сыйға тартуын жігітке тән жомарттығының белгісі дерсіз. Мұндай іс кемел адамның ғана қолынан келсе керек.
Сарыбай Сұлтанұлы Қалмырзаев 1949 жылдың 10 маусымында Шу өңірінің “Жаңа жол” ауылында дүниеге келген. “Болар бала жасынан” дегендей ол бала кезінен-ақ замандастарынан оңашаланып, озық жүрген деседі. Соның бір айқын дәлелі болар, ол ізденімпаздығы мен алғырлығының арқасында Мәскеу экономика-статистика институтына оқуға түсіп, айды аспаннан бір-ақ шығарады. Бір ауылдың ғана емес, бүтіндей бір ауданның мақтанына айналады. 1972 жылы ол МЭСИ-ді қызыл дипломмен бітіріп, елге оралады. Ерек туған арда азамат қашан да ортасына сыйлы, абыройлы бола білді.
“Тектен нәр алған тозбайды” деген нақылдың Сарыбайдай нар тұлғалы азаматтарға қарата айтылғанын жазбай танисыз. Оның әкесі Сұлтан мен анасы Дәменнің кісілігі кісі қызыққандай жандар болған. Ананың бойға дарыған сүтімен берілген қасиетін қанға сіңіріп, әкенің үлкен мектебінен өткен алтын айдарлы ұл ұлт болашағы үшін еңбек етуде аянып қалған жоқ. Ол мемлекетке мінсіз қызмет етудің, ел мен жер алдындағы перзенттік парызға адал болудың тамаша үлгі-өнегесін көрсете білген жан. Ат үстінде үзеңгісін тең басқан азаматқа ылғи аса жауапты мемлекеттік қызметтер сеніп тапсырылды.
Еңбек жолын жиырмадан енді ғана асқанда бастаған еңбекшіл жас ел ағасы дәрежесіне дейін сатылап көтеріледі. “Отызында орда бұзбаған, қырқында қамал алмас” деген нақылдың үдесінен шыға алған ол Қазақ КСР Мемлекеттік статистика комитеті төрағасының орынбасары, ҚР Мемлекеттік мүліктерді басқару жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы лауазымдарын атқарғанда қырықтың айналасындағы абыройлы азамат еді.
Шын мәнінде ол мемлекетке жанымен берілген азамат болды. Президенттің сенімді серігі ретінде қызметіне қылаудай қыл келтірген жоқ. Мемлекет басқару құрылымының діңгегін нықтап, керегесін кеңейту мақсатында Сарыбай Қалмырзаев Президент әкімшілігінің басшысы лауазымына бекітіліп, осы жауапты жұмысты бар ынта-шынтасымен атқарды. Нәтижесінде, Н.Назарбаев ұсынған мемлекеттік қызметтің кәсіби жүйесі бекіп, Қазақстанның осы саладағы тәжірибесі өзге елдерге үлгі болды. Бұған қоса ҚР Президентінің Іс басқарушысы бола жүріп, талай тындырымды тірліктердің үлгісін танытты. ҚР Экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігіне, ҚР Президенті Іс басқармасы “Мемлекеттік резиденциялар дирекциясы” РМК-не басшылық жасаған. Қалтарыстағыны өткір жанарымен қағып түсіретін қырағы журналистер бірде Сарыбай Сұлтанұлына: “Сіз қашанда еліміздің стратегиялық жауапты орындарында жүресіз. Осының сыр-сипаты неде?”- деп төтесінен сұрақ қойған көрінеді. Сонда ол: “Мен барлық қызметтік жолдарымды өмірдегі тамаша табысым ретінде емес, өзіме жүктелген үлкен жауапкершілік, азаматтық парызым ретінде қабылдап келемін. Қай кезде де аса ауыр учаскелерде жүруімнің басты себебі-мен қиындықтан ешқашан жасқанған емеспін” деп тік жауап беріпті.
Сарыбай Қалмырзаевты туған жерге туын тіккен азамат деп ауыз толтырып айтуға әбден болады. “Туған жердің қадірін алыс кетсең білерсің” демекші, Сарыбай Қалмырзаев өз облысы тығырыққа тірелген шақтарда түзде шыдап жүре алмады. Жамбыл облысы әкімі болып қызметке кіріскен күннен-ақ жылы креслода жайғасып отырмай, ұдайы елмен бірге болды. Облыс басшылығында болған жылдары өңірдегі химия өнеркәсібін тұйықтан шығаруға көп күш салды. Әкімнің аймақтағы ауыл шаруашылығын реформалауға бел шеше кіріскеніне қарап сүйсінген Әулиеата жұртшылығы атаға тартып туған ұл десті. Ол мәдени және тарихи мұраларды қайта жаңғыртуға да зор үлесін қосты. Сарыбай Сұлтанұлы Жамбыл өңірінің басшылық тізгінін ұстаған жылдары тұтастай түрік әлемі кие тұтатын Тектұрмас әулие кесенесі, ұлы ел билеушісі Мұхаммед Хайдар Дулатидің, қолбасшы Қойгелді батырдың ескерткіштері бой көтеріп, өңірдегі өзге де мәдени нысандар қалыпқа келтірілді. Сарыбай Қалмырзаевтың Жамбыл жерінде жіпке тізгендей айта берер жасампаз істері жетерлік.
Жігіттің төресі деп мақтар жерлесіміздің еліне сіңірген еңбегі елеусіз қалған емес. Ол Кеңестер Одағының “Құрмет” орденімен, Тәуелсіздік алған жылдарда Парасат және “ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев” ордендерімен марапатталды. Шығыс Қазақстан облысындағы Үржар ауданының, Өскемен, Қостанай қалаларының, Жамбыл облысының Құрметті азаматы атанды.
«Асқар тау алыстаған сайын асқақтай түседі» деген нақылдың өміршеңдігін дәлелдей түсетін жазбада кейіпкердің келісті болмысы мен ел мүддесі жолындағы нәтижелі еңбегін, жеткен жетістіктерін боямасыз қалыпта көрсетуге тырыстық. Әрқашанда арды, адамгершілікті биік қоя білді. Ниеті мен тілегі ел мүддесімен өрістес, өрімдес болған оны елдің бағына туған азамат деп айтуға негіз көп. «Халықшыл болғандарда қасиет бар, тарыдай мың дәні бар басын иіп» деген сөз Сарыбайдай азаматтарға арналғандай. Оған қарап талай азаматтар бой да түзеді, ой да түзеді. “Жүзі жылыдан түңілме” дегендей, ол кісінің нұр шашқан жүзіне қарап еріксіз елжірейсің. Өлшеп берген саналы ғұмырында халықтың жүрегінен ойып тұрып орын алған Сарыбай Қалмырзаевтың елімен қашан да тілегі бір, жүрегі бір болғанын уақыт дәлелдеп беріп отыр. Орнында бар оңалар демекші Сарыбай Сұлтанұлының асыл жары Үмітай Қасқатайқызы бүгінде шаңырақтың түтінін түтетіп, ағайын-туысты ұйыстырып, соңында қалған ұрпақтарына ұлағатты тәрбие беруде. Қазақтың “Ер азаматтың құсы оңбай, ісі оңбайды” деген аталы сөзінің дәлелі осы болса керек.
Жақсы әкенің аты балаға қырық жыл азық болса да, ұлы Нұрбол әке атына кір келтірмеуге барын салып бағып жүр. Сардаланың саңлақ перзенті бола білген Сарыбай атын өшірмеуге, өскелең ұрпаққа үлгі етуге бекінген. Алдағы уақытта жақсы жаңалықтармен жан жадыраса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз. “Жаңа жол” ауылы “Сарыбай” ауылы деп аталсын деген жақсы жаңалықты баспа бетіне шығарар күннің куәгері болайық! Сарыбай Қалмырзаев атымен ауқымды іс-шаралар жүзеге ассын. Бұл-Сарыбай Қалмырзаевтың жерлестерінің тілегі.
Айғаным АСҚАРБЕК.

Leave A Reply

Your email address will not be published.