Ақпараттық портал

ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ШТАБ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Біздің өңір үшін «инвестиция» сөзі таңсық емес. Дүниежүзілік тәжірибеде ел тұрғындарының ресурсын үнемдеу үшін жекеменшік тараптардан инвестиция тарту ісі кең таралған әдіс. Ол бір жағынан мемлекеттің жауапкершілігін сәл жеңілдетсе, екінші бір жағынан жаңа инвестиция көзі ретінде жеке адамның табысын еселей түспек. Түптеп келгенде, халыққа қажетті әлеуметтік нысандар түгенделіп, өңірлердегі кәсіпкерліктің тынысы біршама ашылады. Оған қоса, бұның оңтайлы әдіс екенін байқап, халыққа керекті нысандарды ашуға ниетті кәсіп иелерінің де үлесі арта түсері анық.
Мемлекеттік қазынаның қарымы жете бермейтін, әсіресе, шалғай аудандардағы әлеуметтік жобаларға жеке бизнесті тарту қажеттігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің сөйлеген сөздерінде, жыл сайынғы Жолдауларында үнемі айтып келеді. Осы бағыттағы жұмыстарды үйлестіру мақсатында ауданымызда өңір басшысы Бақытжан Жәнібеков пен аудан прокуроры Қайыржан Қуатбековтың төрағалығымен инвестициялық штаб отырысын өткізу үрдіске айналып келеді. Жуырда ғана аудан әкімдігінде кезекті инвестициялық штаб отырысы өтіп, оған өңіріміздегі бірқатар кәсіпкерлер қатысты. Ауданда іскерлік ортаны қалыптастырып, кәсіп иелеріне кезіккен мәселелердің оң шешімін табуға мүмкіндік берген инвестициялық штабтың негізгі мақсаты – өңірге инвестиция көздерін тарту. Қалай десек те штаб мүшелері шетелдік инвесторлардан бөлек, өзіміздің кәсіпкерлерге де қолдау көрсетіп, олардың түрлі мемлекеттік жеңілдіктерге қол жеткізуіне ықпал етуде. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Ал, кезекті инвестициялық штабтың отырысына екі бірдей кәсіптің иелері қатысып, жобаларының аяқ алысы мен өздерін толғандырған түйткілдерді атап өтті. Ең алдымен Балуан Шолақ ауылдық округінде орналасқан «KazAquaAliance» ЖШС-нің жұмыс бағыты таныстырылып, серіктестік басшысы өз жобаларының бүгінгі жай-күйіне тоқталды. Жалпы жобалық құны 500 миллион теңгені құрайтын кәсіптің негізгі мақсаты – балық шаруашылығын дамыту. Ауылдық округ маңындағы 3 гектар аумақты алып жатқан серіктестік бүгінде тоғанды қазу жұмыстарын жүргізуде. Аталған жұмыстар толық аяқталғанда балық өсіруге арналған арнайы құрал-жабдықтар орнатылып, 2 миллион карп майшабақтарын суға жіберу жоспарланып отыр. Өз кезегінде аудан басшысы балық шаруашылығын дамытуға облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің өзі тікелей бастамашы болып отырғанын жеткізді. Осы ретте серіктестік өкілдеріне әкімдік тарапынан қажетті көмектің берілетіні айтылды.
Бұдан кейін «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Chemical Engineering» ЖШС-нің жобасы таныстырылды. Аммоний бифторидін өндірудің жаңа технологияларын әзірлеуді жоспарлап отырған серіктестік қазіргі кезде ғылыми-зерттеу жұмыстарын толық аяқтаған. Экономикалық аймақ мамандарының сөзінше серіктестік өз жұмысын жуық арада бастауға әзір. Десе де, жұмысты толыққанды бастау үшін бірнеше құжат қолбайлау болып отырған көрінеді. Ол бойынша аудан әкімі қажетті көмек берілетінін жеткізді.
Расымен де, инвестициялық жобалар бүгінде өңір экономикасын жаңа белеске көтеруге, оны әртараптандыруға және кәсіпкерлерді ірі инвестициялық жобаларға тарта отырып, мемлекетпен бірлесе бизнесті жаңа белеске шығаруға септесетін үлкен жобалардың бірі болып отыр. Бүгінде инвестиция ұғымы өз арнасы мен ауқымын одан әрі арттырып, мүлдем жаңаша сипатқа ие болды. Қорыта айтқанда, бұл – бірқатар мемлекеттік қызметтердің міндетін кәсіпкерлермен бөлісу деген мағынаға саяды. Нәтижесінде, инвестиция тарту арқылы әріптестік әлеуметтік инфрақұрылымды дамытудың, оның өрісін өсірудің басты тетіктерінің бірегейіне айналып шыға келді. Осылайша, өңіріміздің түкпір-түкпірінде, аудандар мен ауылдарда осы бағытта көптеген нысандардың іргетасы қаланып, ел игілігіне беріліп жатыр. Бұл – аудандарда облысымыздың дамуына қолайлы ахуал құрудың оң үрдістері байқалатындығын білдіреді.

Ерғали Қартайған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.