Ақпараттық портал

Наурызнама – ұлысты ұйыстырған мереке

Жердің тоңы жіпсіп, жылғалардан су ағып, қаңқыл-қаңқыл қаз келіп, бәйшешек бүр жарып, қырға қызыл қызғалдақ шығып, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы саналған көктемдегі маңдайымызға біткен мерекеміз-Ұлыстың ұлы күнінде салт-дәстүріміз дәріптеліп, жөн-жоралғыларымыз жарасымды жолын тауып жатады. Қазақ халқының, қала берді түркі тектес елдердің ортақ мейрамы саналатын Наурыз мерекесі де жыл сайын түрленіп, өз салмағын жоғалтпай, өз деңгейінде тойланып келеді.
Осыдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Қаксым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Наурыз мейрамының тұжырымдамасын ұсынған болатын. Ал, биылғы «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісіне берген ауқымды сұхбатында тұжырымдама жөнінде нақтылай түсіп: «Жаңа жыл – әрине, күнтізбенің жаңа парағын ашатын маңызды меже. Осы сәтте өткен жылды қорытындылап, келешекке жоспар құру әдетке айналған. Бір жағынан, Жаңа жыл мен үшін қастерлі мереке емес. Оның үстіне өзіміздің төл жаңа жылымыз – әз-Наурызды естен шығармаған жөн. Бұл мейрам – тіршілікті түлете келетін нағыз табиғи жыл басы. Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Сондықтан төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек. Бұл қадам қоғамды ұйыстырып, ұлттық бірегейлігімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал етеді деп сенемін» деген еді. Міне, соның арқасында 14-23 наурыз аралығында өткізілетін Наурызнама онкүндігі жарияланып, барша қазақстандықтар жоғары деңгейде атап өтуде.
Ең алдымен 14 наурыз-Көрісу күні жер-жерде өткізілді. Тегінде бұл мереке батыс өңірлерінде осы уақытқа дейін Амал мерекесі болып тойланып келген болатын. Осындайда халқымыздың көрегендігіне таңданбай қоймайсың… Бұрын ата-бабаларымыз кәрі құдаң қыстан аман шығып, көктемнің көк өзегіне іліккенде ойдағы, қырдағы, алыс-жақындағы ағайынды түгендеп, сыбаға мен базарлығын арқалап, амандығын білуге бір-біріне жолаушылап баратын болған. Құшақты құлаштап ашып, бір-бірімен көрісіп, қауқылдасып, мәз-мейрам болысатын бұл күнді Көрісу деп атаған. Осы тұста ұлы Абайдың «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып, шаруа қуған жастардың мойны босап, сыбырласып, сырласып, мауқын басып» дегені көрісудің мәнін аша түсетіндей. Сол ізгіліктің арқауы күні бүгінге дейін үзілген емес. Игі дәстүрді біздің ауданымызда да өз деңгейінде өткізіп, бұл күннің бағасы асты.
Ал, 15 наурызға «Қайырымдылық күні» деп атау беріліп, Қазақстанның түкпір-түкпірінде түрлі деңгейдегі қайырымдылық шаралары өтті. Атап өтерлігі, дәл осы күні «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен біздің ауданның жалпы білім беру ұйымдарындағы 215 озат оқушыға «Жаздық жолдама» берілді. Аталған сертификатты қала және ауылдық округ әкімдері өздеріне қарасты мектептердің директорларына табыстады. Бұл жолдамамен аудандық, облыстық, республикалық байқауларда оқ бойы оза шауып, дараланған 5-8 сыныптағы оқушылар жазғы лагерьлерде демалатын болады. 16 наурыз-Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні болып бекітіліп, бұл күнде ұлттық құндылықтарымыз, төл өнеріміз ұлықталды.
Сондай-ақ, 17 наурыз-Шаңырақ күнінде отбасы құндылықтары алға шығып, ұрпақ тәрбиелеудің үлгілері көрсетілді. «Тәрбие – тал бесіктен», «Отан отбасынан басталады» деген нақыл сөздерді өнегелі ойға балайтын дана хал-қымыз ұрпақ тәрбиесіне қырын қарамаған. Ұлт болып ұйысуда бұл күннің алар орны ерек.
Ұлттық киіміміз ұлықталған 18 наурыз күні барша қазақстандықтар қазақи нақыштағы шапан, қамзол, бүрмелі көйлек, бөрік, тақияларын киіп, қазақылығымызды насихаттауға үлес қосты. 19 наурыз-Жаңару күнінде тал-дарақтар отырғызылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. «Бір тал кессең, он тал ек» деген даналықты ұранға айналдырған текті халқымыз атадан мал қалғаннан гөрі тал қалғанын нағыз байлыққа балайды.
Наурызнама онкүндігінен ұлттық спортымыз да қалыс қалмақ емес. 20 наурыз-Ұлттық спорт күні болып бекітілді. Бұл күні аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу, асық ату, көкпар, тоғызқұмалақ сынды атадан мирас болып жеткен мәні зор ойындарымыз дәріптеледі. Ұлттық ойындарымыз бір жағы ой-өрісімізді дамытса, бір жағы шымыр болуға жетелейді.
21 наурыз-Ынтымақ күні. “Кең пейілді кемімес” деген даналықты ұстанған халқымыздың жаратылысынан қонақжай, құшағы ашық, жаны жомарт жұрт екені әмбеге аян. Татулықтың талбесігінде тербелген текті еліміз талай қиын-қыстау кезеңдерде өзге ұлт өкілдерін өгейсітпей, бірінен-бірін алаламай, бәрін бауырына басты. Еліміздегі этносаралық ынтымақ пен қоғамдық келісімнің ұйытқысы болып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының бұған дейінгі сессияларында көтерілген тақырыптардың қай-қайсысын алып қарасаңыз да зор маңызға ие. Мәселен, «Бір халық». Бұл – барлық қазақстандықтар үшін ортақ ұлттық мүдделер деген сөз. «Бір ел». Бұл – барлығымыздың Отанымыз ортақ екенін білдіреді. Ал, «Бір тағдыр» – бірге жүріп өткен қиындықтар мен жеңіс жолдары. Міне, осы үш ұғымды ұштастырудың да зор мәні бар. Сайдың тасындай іріктелген онкүндіктің қатарында бірлігіміздің мызғымас қазығы болып Ынтымақ күнінің аталуы да тегіннен емес.
22 наурыз-Жыл басы болып бекітілді. Бұл күні еліміздің барлық өңірлерінде жалпыхалықтық мәдени іс-шаралар өткізіліп, спорттық сайыстар, стильді этноауылдар, түрлі жәрмеңкелер ұйымдастырылады. Сондай-ақ сауда орындарында жаппай сатылымдар өткізу, жеңілдіктер жасалу жоспарлануда. Наурызнаманың қорытындысы, яғни соңғы күн 23 наурыз-Тазару күнімен түйінделеді. Бұл күні Қазақстанның барлық аймақтарында жалпыұлттық экологиялық акция өтеді.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.