Мереке қарсаңындағы қуаныш. Шу қаласында 5 қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді
Ауданымыздағы ең үлкен мәселенің бірі – баспанаға қатысты түйткіл екенін бұған дейін де бірнеше мәрте айтқанбыз. Себебі, аудан әкімінің халықпен кездесулерінде, қоғамдық қабылдауларда ең жиі қойылатын да дәл осы баспанаға қатысты сауалдар. Десе де, былтырдан бастап бұл мәселе де бірте-бірте шешімін таба бастады. Өткен жылдың өзінде 60-тан аса отбасыға тұрғын үйлердің кілті табысталса, былтырғы жылдың соңында аудан орталығынан көпбалалы және жалғызбасты аналарға арналған жатақхана пайдалануға берілді.
Ал өткен аптада шулық тұрғындарға тағы бір тамаша тарту жасалып, Наурыз мерекесі қарсаңында Шу қаласынан 30 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй ел игілігіне пайдалануға берілді. Салтанатты шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков қоныс тойын тойлағалы жатқан жерлестерімізге қоныстарының құтты болуын тіледі.
– Бүгін теміржолшылар шаһарында үлкен қуаныш болып отыр. Ораза айында орын алған игі шара барлығыңызға құтты болсын! Жалпы, тұрғындарды баспанамен қамту – мемлекет саясатының басым бағыты екені белгілі. Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы біздің өңірде тиісті деңгейде орындалып келеді. Ал, осындай игі іске болысып отырған кәсіпкерлердің мұндай бастамасы бізді қуантады. Сондықтан осы сәтті пайдалана отырып, жеке кәсіпкер Арман Қадірханұлына жұртшылықтың атынан алғыс білдіремін. Біз өткен жылы 60 отбасыға баспана қуанышын сыйласақ, сол жұмыстарды биыл да жалғастыруға ниеттіміз, – деді аудан басшысы.
Бұдан кейін аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Ерболат Досымбаев, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Ержан Өмірәлиев және қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы Мэлс Бейсембаев та өздерінің жылы лебізімен бөлісіп, жерлестерімізге пәтер кілттерін салтанатты түрде табыс етті.
Айта кету керек, 30 отбасының шаттық шаңырағына айналатын тұрғын үйдің құрылысын «UMTYLYS INVEST COMPANI» ЖШС жүргізген. Мұнда 1 бөлмеден бастап, 4 бөлмелі пәтерлер де орналасқан. Бұл жобаның бір ерекшелігі – тұрғындар алған пәтерлерінің 30 пайызын алдын ала төлесе, қалған бөлігін 5-7 жылға пайызсыз төлейтін болады. Демек, сіз 10 миллионға пәтер алсаңыз, 3 миллион теңгесін бірден төлеп, қалған 7 миллионын 5-7 жылдың ішінде үстемеақысыз төлей аласыз. Осылайша, серіктестіктің негізін қалаушы, жеке кәсіпкер Арман Абаев жерлестерімізге пәтерге қол жеткізудің дәл осындай ыңғайлы тәсілін ұсынып отыр.
Жеке кәсіпкердің айтуынша, бірегей жоба алдағы уақытта да жалғасын таппақ. «Қазіргі кезде пәтер мәселесі еліміздегі ең күрделі түйткілдердің қатарында тұрғаны сөзсіз. Оның үстіне баспанаға мұқтаж азаматтардың басым бөлігі көпбалалы, жалғызбасты аналар және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар. Сол себепті, біз халыққа өте тиімді жобаны қолға алып отырмыз. Бұл менің бұрыннан келе жатқан мақсатым болатын. Дәл осы бағыттағы жұмыстарды әлі де жалғастыратын боламыз» – дейді жеке кәсіпкер Арман Абаев.
Ерғали Қартайған.