Ақпараттық портал

Ұлттың қамын күйттеген ұлттық құрылтай

Рухты, ойлы, жігерлі сөздер айтылып, “Оян, қазақ!” деп ұрандатып келе жатқанымызға қаншама ғасыр өтсе де, «Селт етпес қара көңілім не қылса да» деп құр сөзбен ауызды айға білеп отырғанымыз қынжылтады. Түсінген жанға жоғарыдағылар жалпақ жұртты сауаттандыруға жұмылып, семсердей сөздерін жай отындай жарқ еткізуде. Күні кеше ғана Ұлт көшбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда ұлтты ұйыстыруға ұрандаған сөздері санаңды сілкілегендей.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың III Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзін зер сала оқып, тереңінен үңілген сайын санама шындықтың алдаспаны Шерхан Мұртазаның мына бір сөздері сап ете қалды. «Дүниеде не жаман? Бүлінген жаман. Іргеңді сөгіп, қабырғаңды қақыратып, шаңырағыңды ортаңа түсіретін сол. Ауызбірлік кеткенде солай болады. Бүтінделе аласың ба, содан кейін. Жағаласқан қол, жыртылған жаға, қалған көңіл қашан келеді орнына. Ұмытылмас азабы мен шері бар ғой оның. Бір-бірімізге кекті көзбен қарап, сумаңдатып сұқ саусақты кезесек, қараулық жасап, қарадай қауып тастасақ өзіміз өксіп, артымызда келе жатқан ұрпақ опынбай ма, күні ертең. Қасіретін әдебиет шегеді. Осыны ойламаудан емес пе, Жүсіпбек, Мағжан, Ілияс, Бейімбет, Сәкендердің опат болғаны. Олардың обалы кімде? Жалғыз Қызыл өкіметтің қанды қолы ма? Қанды қол қазақ ақын-жазушыларының қайсысы қандай екенін қайдан білетін еді, егер қазақ ақын-жазушылары қатар жүрген қандасына қалың етіп қара күйе жағып, қаздай тізіп бермесе. Сол арыстар ең құрығанда 60 жасқа аман жетсе қазақ әдебиетінің қазынасына қанша шығарма қалдырар еді».
Иә, шынында да ортасынан оза шауып бір ақылдысы төрге озса, аяғынан шалып, тырнағынан кір іздеп, кемшілігін бетке басуға дайын тұратын өзіміздің қазағымызды көргенде кейінесің кейде. Көреалмаушылық деген кесапат көсегемізді көгертпейтінін біле тұра бой алдырамыз. Баяғы аққу, шортан һәм шаянның кері әлі де бар. Қалың ұйқыда жатқан елін маса болып оятуға талпынған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының осы бір өлеңі “Біріңнің айтқаныңа бірің көнбей, істеген ынтымақсыз ісің оңбас” дегенмен түйінделеді. Тағдыр тезіне сан мәрте түсіп, тарыдай шашылып кетудің сәл-ақ алдында қалған еліміз бірліктің арқасында осы күнге жетті. Басқа бұйырған бақтың салмағын сезінуге де бірлік керек.
Бүгінгідей алмағайып заманда ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпес үшін жұдырықтай жұмылмақ керек. Сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің “Біз жиылсақ көппіз, жайылсақ жоқпыз” деген сөзінің мәнін терең ұғынып, татулықты ту етуіміз бек қажет. Батыс Сібірдің генерал-губернаторы М.М. Сперанский патшаға хат жазып: «Қазақ жерінде сексеуіл деген ағаш өседі екен. Шеге қақсаң кірмейді, балталасаң жарылмайды, ал өз-өзіне соқсаң, быт-шыты шығады. Қазақтарды дәл осындай әдіспен құрту керек» деген екен. Бүгінгі ақпараттық соғыс өршіп тұрған заманда да осы әдісті басты қару етіп отырған елдер жоқ емес. Асыра сілтеуге, өткен тарихымыздағы тұлғаларды қаралауға әбден төселіп бара жатқандаймыз. Ел Президенті айтқандай, Алаш қайраткерлері туралы сөз қозғалса екіге жарылып, баяғы бүлік іздеген қалпымыздан бойымызды арылта алмай отырмыз. Соны жанымен түйсінген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы “Ұлт жылнамасы елді біріктіретін фактор болуға тиіс. Ашығын айтуымыз керек, біз тарихқа келгенде көбінесе эмоцияға беріліп кетеміз. Өткен заманды орынсыз қазбалау жақсылық әкелмейді, оның пайдасынан гөрі, зияны көп. «Өспейтін елдің баласы өнбейтін дауды қуады» деп бекер айтпаған” деп дөп басып жеткізді әрі озық ойлы елдердің қатарынан табылуға үндеп, соның ең басты жолы-кітап оқу екендігін баса айтты. Президентіміздің “Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек. Өздеріңізге мәлім, мен былтыр Түркістанда өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айттым. Ондай кітапханалар көптеген елде бар. Менің тапсырмаммен Алматыда және Астанада көп ұзамай осындай тамаша ғимараттар бой көтермек. Жалпы, бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу қажет” – дегенінен-ақ жүрегіміз жылыды.
“Кітап аяулы досы бола бастаған шақтан былай ғана әрбір жан өзін интеллигент бола бастадым деп санауына болады” деген Мұхтар Әуезовтің сөзінің жаны бар. Осы Мұхтар Әуезов негізін қалаған әрі 30 жылға таяу еңбек еткен ҚазҰУ-дің филология факультетіне оқуға түскенде мұқым интеллигенттердің ортасына мен де сап ете қалған едім бір жылдары. Бір деммен оқып шыққан кітаптарымның тізімін де қарашаңырақтағы ұстаздарым берген еді. Студенттік жылдары Алматыда орын тепкен музей үйлерге де бас сұғушы едік. Мұхтар Әуезов, Ахмет Байтұрсынов, Сәбит Мұқанов, Дінмұхамед Қонаев сынды айтулы тұлғаларымыздың музей үйлеріне кірген бойда кітап толы сөрелерге еріксіз көзіміз түсетін. Оқығаннан түйгеніміз, бұрынғылар дүниемен емес жиған кітабымен жарысқан. Кезінде атағы дүркіреген кітап дүкендерінде ұзын сонар кезектен көз сүрініп, кітаптар сөрелерге сатылымға қойылғаннан-ақ таусылып кететін болған. Пәлен тиражбен шыққан кітап та, түген тиражбен шыққан газет-журналдар да ыстықтай таралып отырған екен. Ал, бұл күндері ше? Бір ақын яки бір жазушы қолтығына қысқан кітабын мекеме жағалап сатып жүргенін де көз көріп жүр. Тіпті, рухани байлыққа ұмтылар жандар сирек.
Зиялылар арасында жақсы кітапты қолды еткендер де болған. Белгілі жазушы Дулат Исабековтың айтқанынан келтіріп көрелік: «… Қазіргі адамдарға бір кітапты «осыны оқып шыға ғой» деп ұсынғанның өзінде, отырған жерінде қалдырып кетеді-ау. Біздің кезімізде қолға түспей жүрген өте құнды дүниеге (құнды кітап, әрине) көзіміз түссе, жымқырып кетпеудің өзі «күнә» болатын… Тағы да сол Асқар Сүлейменов екеуміз. Төлеген Тоқбергеновтің жеке кітапханасындағы екі кітапқа көңіліміз кетті. Сұрап алып оқығанға бермейтінін білеміз. Бірі – Уильям Фолкнердің «Особняк» деген романы, екіншісі – Генрих Белльдің «Где ты был, Адам» романы. Осы екі кітапты Төкеңнің үйінен алып шығу үшін қаншама тер төктік десеңші. Бірақ кейін оқып болған соң ұрлығымызды мойындап, иесіне қайтарғанбыз» депті бір сұхбатында. Артында бай кітап мұрасы қалған Қадыр Мырза Әлі де үйіне қонақ келсе шығарып саларда әр адамның қолтығының астына екі қолын сұға қапсыра құшақтайтын көрінеді. Сондағысы үйіндегі кітаптарын өзінше күзеткені екен.
Рухани жаңғыруға бет түзеуге бекінген елімізде кітап оқуға үндейтін түрлі бағдарламалар қолға алынуда. Жасыратыны жоқ, қауымға кітап оқыту үшін бағалы сыйлықтары бар бәйгелер де жариялануда. Кітапхана сөрелерінде самсап тұрған кітаптардың арасында беті ашылып, саусақ тимегендері де бар.
“Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Мысалы, көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Бөріхан Нұрмұхамедов, Айдос Сарым, Данияр Әшімбаев бастаған құрылтай мүшелері осындай бастама көтерді. Мен олардың Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысын қолдаймын. Бірақ оны мазмұнды етіп өткізу қажет. Мысалы, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, арнайы жәрмеңкелер өткізу қажет. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек” деді Мемлекет басшысы тағы бір сөзінде.
Меніңше, іргелі ел болу үшін бір ғана нәрсе жеткілікті, яғни жұрт болып жұтаңдықтан арылтатын рухани қайнарға ден қою. Қойнына кітапты құлаштап, кітапты бас алмай оқыған зиялыларымыз ұлт жолында ұлы істерді тындырып, еліне, жеріне мол мұра қалдырып, әлемге танылып кетті. Бұл жолды кейінгі ұрпақ жалғастыратынына шүбәсіз сенді. Ғабит Мүсіреповтің «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деуі осыдан. Шарайнадай шыр айналған дүние түрленіп, түрлі-түсті әлем көз тартса да, көзі ашық, көкірегі ояу болмаққа жетелейтін бір жол бар, ол – тек кітап оқу екендігі әмбеге аян. Ендеше, ел болып етек-жеңімізді жинап, рухани жаңғыруға бет түзейік!
Айғаным АСҚАРБЕК.

Leave A Reply

Your email address will not be published.