Ақпараттық портал

Сынға қалмауға қамданайық

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысына қатысып, ел өміріне қатысты маңызды мәселелерді қаузағаны баршаға мәлім. Біз бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы танысып, ел Президентінің көптеген тың бастамаларды қолға алып отырғандығына куә болдық. Атап айтар болсақ, ол өз сөзінде алдыңғы екі отырыста елімізді дамытуға қатысты маңызды бастамалар көтеріліп, бұл тұрғыдағы бірқатар міндеттердің орындалғандығын атап өтті. Алайда, нағыз дамыған ел болу үшін тек экономикалық мақсат қою жеткіліксіз екендігін ұғынған Президент әлеуметтік, шаруашылық, идеологиялық және басқа да салалардағы бағдарымызды айқындап, нақты шараларды қолға алу қажеттігін алға тартып, осы орайдағы бірқатар өзекті мәселелерге тоқталды. Оның алғашқысы – халықтың береке-бірлігін сақтау екендігін баса айтты.
Мемлекет басшысы меңзеген маңызды мәселелер қатарында күнделікті өмірде көрініс беріп жүрген кереғар іс-әрекеттер жөнінде де айтылды.
«Аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керек. Елімізде көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, білімді жастар көп. Біз олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіруіміз қажет. Ұлы Абайдың «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі – бос» деген сөзі әлі де өзекті болып тұр. Мен зиялы қауым өкілдерінің бір-біріне әрдайым тілектес болғанын қалаймын. Өзара жанашыр болу, түптеп келгенде, елге жанашыр болу деген сөз. Тағы да қайталап айтқым келеді: ұсақ-түйек әңгімені қою қажет…
Соңғы кезде ата-бабасының, жерлесінің есімін ұлықтауды сұрап, ұжымдық хат жазу әдетке айналып барады. Атасына ескерткіш қоюды, көшеге атын беруді өтінетіндер көбейді. Бұл – жағымсыз жағдай. Мұндай ұстанымдар еліміздің біртұтас идеологиялық кеңістігіне зиян келтіреді. Ұрпақ тәрбиесіне кесірін тигізеді. Тіпті, шетелде бізді көне заманға және кеңестік кезеңге қатысты монументтер қаптаған «Ескерткіштер елі» деп айтатын болды» -деген сөздерінен бүгінгі қоғамның көрінісін айқын аңғаруға болады.
Шын мәнінде, соңғы кездері бірі өмірден өткен әкесін, бірі бауырын алдына салып, қандай да бір атқарған азды-көпті игілікті ісі үшін есімін көшеге беру, ескерткіш қою сынды ұсыныстарымен билік өкілдеріне жиі бас сұғып жатады.Бұл қаншалықты дұрыс? Тарих тереңіне көз жүгіртсек, елі үшін жанын беріп, адал еңбектің қазанында қайнап, жалпы ел өмірінің өркендеуіне қомақты үлес қосқан тұлғалар жетерлік. Бірақ, олардың артында қалған ұрпағының барлығы бірдей атаққұмарлыққа бой алдырған жоқ. Жоғарыдағы билік өкілдері өздері саралап, лайықты бағалап келді.
Ал, бүгінгі күні халқы үшін қандай да бір жақсылық жасаған азаматтардың арасында сол ісін міндетсініп, билік өкілдеріне талап қоятындар қатары көбейді. Қала берді «Құрметті азамат» атағын, әкесіне ескерткіш қою, тағы сол секілді өзге де абырой биігінен көрсететін марапаттарды сұрап алу қанат жаюда. Бұл жоғарыда ел Президенті Қ.Тоқаев айтып өткендей, жағымсыз жағдай екені әрбір көкірегі ояу азаматқа тайға таңба басқандай түсінікті әрі азаматтық абыройға нұқсан келтіретін сын болса керек. Сондықтан, әр азамат осындай мәселелермен билік өкілдерінің алдына қайырылар сәтте әуелі өз ұстанымын тыңғылықты ой елегінен өткізіп, жан-жақты саралап, қандай да бір марапатқа шын мәнінде лайық па, жоқ па, соған терең мән беруі қажет. Мұның ұрпақ тәрбиесіне кері әсерін тигізетіндігі жөніндегі пікірді де қолдаймын. Өйткені, аға буын өкілдерінің қандай да бір іс-әрекетін кейінгі ұрпақ қайталап, жалғастыратыны анық. Сырт мемлекет халқының елімізді «Ескерткіштер елі» деп атауының өзі үлкен сын әрі қасіретпен тең. Сондықтан, алдыңғы толқын ағаларға ойланатын уақыт жеткендігін қоғамның өзі айқын дәлелдеп отыр. Алдағы уақытта Мемлекет басшысының осы ұстанымын әр саналы азамат назарға алып, оң нәтиже шығарады деп сенемін.
Әуесхан ИНКАРБЕКОВ,
Ақсу ауылы ақсақалдар алқасының төрағасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.