Ақпараттық портал

Салтымыз жаңғырса, санымыз көбеймек

Тал бесіктен жер бесікке дейінгі ғұмыры салт-дәстүр, әдет-ғұрып, жөн-жоралғымен өрілген қазақ халқының данышпандығына бас шайқамай қоймайсыз. Текті жұртымыз еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін назардан тыс қалдырмаған. Өмір салтына байланысты қағидаларынан бөлек, тұрмыс-тіршілігі, ас-ауқатының бәрінің астарында терең мән-мағына жатыр. Төрт түлігін өргізіп, жердің құнарын еміп, жылдың төрт мезгіліне ерекше құрметпен қарайтын қазақтай халық жер бетінде жоқ шығар?! Ал, соның ішінде көктем мезгілінің жөні бөлек. Қытымыр қыстың әлегінен мал-жанын аман алып шыққанына қуанып, жердің қасаңы жібіп, алтынкүрек желі төңіректі тірілтер көктемге іліккенде күн мен түн теңелетін Жаңа жылын қарсы алатын қазақтың әрбір дәстүрінің салмағы басым.
Төсекте басы қосылмаса да, төскейде малы қосылған халқымыз маңдайына біткен ұлттық мейрамы – Ұлыстың ұлы күнін ерекше қарсы алған. 21-нен 22-не қараған түні халық көз ілмей Жаңа жылдың алғашқы таңын күткен. Құлан иектен қызарып күн шыққаннан кейінгі екі сағат мезетті «Күн сәті» деп атаған. Егер кімде-кім Ұлыстың ұлы күнінде «Күн сәтін» маңдайын тосып қарсы алса, оған ризық-нәсіп, құт-береке дариды деп жорамалдаған. Жиналған қауым күлімдеп атқан күнге бас иіп сәлем беріп, айнала төңірекке ақ бүркіп тарасқан деседі. Мұның мәні төрт түлік малдан егіздетіп төл өргізіп, аузымыз аққа жарысын, «Ақ мол болсын!» деген тілектен туған.
Ал енді таң бозарып атқанша жаңа жылды қарсы алуға ниет еткен жастар алтыбақан тебісіп, ақсүйек ойынын ойнаған. Осы күні қылықты қыздарымыз «Ұйқыашар» тағамын дайындаған. Бұл тағамды жас малдың етіне уыз қосып, дәмін кіргізе дайындаған. Ұйқыашардан жігіттер жағы ауыз тиіп, ұнатқан тағамын жасаған қыздарға «Селтеткізер» сыйлаған. Яғни, көңілі түскен қыз балаға қажетті әшекей бұйымдар, айна-тарақ, кестелі орамалдар тарту еткен. Дана халқымыз ертеден-ақ «Бас екеу болмай, мал екеу болмас» деп, ұлын ұяға, қызын қияға қондыруды көксеген. Қазақтың дәстүрлі үйлену салты алдымен екі жастың танысуынан бастау алған. Міне, «Ұйқыашар» мен «Селтеткізер» салты соның бір парасы ғана.
Сізді көріп сермейді жыр құлашын,
Кеудемде бір қомданып тұрды лашын.
Наурызда жөн сұрау айып емес,
Амансың ба, атың кім, құрбыласым?
Жыр дегенің әнің бе жер тепкізген,
Жөн сұрайтын бар ма еді, еркек бізден.
Жас кезінде атам ат сұрамай-ақ,
Сыйлық беріп әжемді селт еткізген.
Не десең де теңсіңдер, еріктерің,
Сый жинауға алаңға келіп пе едің?
Өйтетіндей, ес кіріп, ерте тұрып,
Өзің маған «Ұйқыашар» беріп пе едің?-деген өлең-жырларынан бұл дәстүрлердің бағзыдан бүгінге жеткенін аңғарамыз. Десе де, бүгінде бұл салт ұмыт болып бара жатқандай. Жігіттеріміз сүр бойдақ атанып, қыздарымыз оң босағада отырып қалған қазіргі заманда осы салтты қайта жаңғыртудың мәні зор деп білемін.
Көнеден келе жатқан ұлттық дәстүрдің ұрымтал тұстарының ұмыт болмағаны ләзім. Себебі, «Ұйқыашар» мен «Селтеткізер» – атам қазақтан қалған Ұлыстың ұлы күніндегі сыңардың жұпқа ұласуы, аздың көпке айналуы. Сол ұрпақ жалғастығының арқасында қазақ небір нәубеттерден кейін де жер бетінен жойылмай келеді.
Есік алды қара су бойлағаным.
Жалғанның қызығына тоймағаным.
Көмілсем де кетер ме көкейімнен,
Қалқаммен Ұлыс күні ойнағаным, – деп аталар бекер арманда кетпеген болар.
«Ұйқыашарда» тұтас ұлттың уызы ұйыған. «Селтеткізерде» бозбаланың сезімі ғана емес, халықтың ұғымы мен танымы, әдеті мен әдебі жатыр. Ендеше, Ұлыстың ұлы күнінде ұлтты ұлы асуларға жеткізер ұласулар көп болсын!

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.