Ұлттық құндылыққа үлес қосуда
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз жақындаған сайын өн бойымызды ерекше ұлттық сезім билеп, жыл айналып келетін дәстүрлі мерекемізге деген сағынышты үдете түскендей.
Ағымдағы апта да жанға жайлы жайма шуағымен басталып, көктен төгілген күн нұры табиғат ананың жанданып, тіршілік атаулының түрленуіне негіз болатын көктемнің жылы лебін сезіндіруде. Оған қоса, алдын ала мерекелік жоспарға сәйкес белгіленген «Ұлттық киім» күні де жанымызды жадырата түсті.
Көптеген мемлекеттік мекемелерде қызмет ететін жерлестеріміз жұмыс орнына көрген жанның көз жауын алатын қазақ ұлтының ұлттық киімдерін киіп келіп, қызмет алуға келген өзге жерлестерін таңертеңнен ерекше сезімге бөледі. Ұлттық нақыштағы киім киіп жүрген әрбір жан сырт көзге жылы көрініп, «ұлтым, Отаным, халқым» деген әр адамның жүрегіне жоғары патриоттық сезімді ұялатқандай. Бұған жұмыс уақыты басталған тұста жеке шаруамен қалалық емханаға бас сұққанда куә болдық. Емхананың алдында жолыққан кейбір келушілер бірін-бірі «Ұлттық киім» күнімен құттықтап жатты. Ал, емхананың ауласына кіре бергеннен-ақ, құлақ құрышын қандырған қазақтың ұлттық әуені ойнап тұрды.
Бұл үрдіс дәл осы күні өзге де мемлекеттік мекемелерде лайықты жалғасқаны анық. Өйткені, көпшілік қауым қуаныштарын бір-бірімен әлеуметтік желілер арқылы да бөлісіп жатты.
Ал, осындай керемет көңіл-күй сыйлаған ұлттық киімнің құдіреттілігі жайындағы әңгіме өзінше бір бөлек. Бұл тұста соңғы жылдары тек ұлттық мейрамда ғана емес, көпшілікке арналған жиындарда ұлттық нақыштағы киімдерді кию сәнге айналып келе жатқандығын айта кеткен жөн. Бұл көңіл қуантарлық жайт. Әсіресе, ақ жаулықты аналар ою өрнекпен әспеттелген камзолды жиі қолданып, ерекше сән беретін осы киімді көпшілік ортада киіп жүруді дәстүрге айналдырғандай. Оған қоса, соңғы уақытта мектеп қабырғасындағы оқушылар үшін білім ошақтарында аптаның бір күнінде ұлттық нақыштағы киім кию жолға қойылған. Оқушылардың ұлттық киім үлгісіне қатысты ата-аналар арасында түсінбеушілік болғаны рас. Өйткені, тек қазақы нақыш сақталуы талап еді. Ал, әр оқушының үстіндегі ұлттық киім осылай атауға лайықты болса, нұр үстіне нұр.
Қоғамға осындай жаңашылдықтардың енгізілуіне байланысты соңғы кездері ұлттық киім тігуді кәсіпке айналдырған кәсіпкерлердің де қатары артып келеді. Яғни, біз сөз етіп отырған мекемелердегі қызметкерлерді ұлттық киіммен тапсырыс арқылы да қамтамасыз етіп жүргендер бар. Солардың бірі – Төле би ауылының тұрғыны Үмбетбаева Құндыз Бекболатқызы. Ол бүгінгі таңда түрлі қолөнер туындыларын құрастырып, оны сатылымға шығарады және қолдан келетін бұйым түріне тапсырыс қабылдайды. Жалпы, бұл кәсіпті алғаш 2018 жылы қолға алып, сол уақытта «Үмбетбаева» жеке кәсіпкерлігін ашады. Бұл туралы газетіміздің өткен жылғы сандарының бірінде жазған болатынбыз.
Жас кәсіпкер бұл жолы да санаулы күндерде есігімізден енгелі тұрған Ұлыстың ұлы күніне орай ұлттық нақыштағы киімдер тігуді қайта жалғады. Яғни, халқымыздың ұлттық киімдеріне салынатын ою-өрнектерді қазіргі заман талабына сай жаңартып, ыңғайлы әрі күнделікті тұрмысқа киюге болатындай, сәнді әрі қарапайым үлгіде дайындау үстінде. Төмендегі суретте бойжеткен киіп тұрған киім түгелдей Құндыздың қолынан шыққан туынды. Мұнда көйлек, камзол, белдемше, шекелік, сырға, мойнындағы алқа барлығы үлкен еңбекпен дайындалып әрі айтарлықтай уақытқа созылды. Бірақ қажыдым деген Құндыз жоқ. Ол көзге көрінбейтін машақаты көп әр ісінен шабыт алып, кәсібін одан әрі кеңейтуге күш салып келеді. Бұл жуырда ғана Қазақстан Республикасы Үкіметінің Наурыз мерекесін жаңа форматта тойлауға негізделген және әр күні ерекше мән-мағынаға ие болған Наурызнама онкүндігі аясындағы бағдарламаға қосылған тамшыдай үлес болса керек.
Жас болса да бір кәсіпке бас болып, бірнеше бағыттағы кәсіпкерліктің ішінен ұлттық өнерге бағытталған кәсіпкерлікті қолға алып, осы жолда тер төгіп жүрген Құндыздың еңбегі жоғары бағалауға тұрарлық деп білеміз. Өйткені, ұлттық қолөнер ұлттың ең биік құндылықтарының бірі. Ал, оны ұлықтау кез келген жанның қолынан келе бермейтіні анық. Сондықтан, Құндызға ұлтыңмен бірге жасап, ұлттық өнеріңмен өркендей бер демекпіз.
Динара Батырхаирова.