Ақпараттық портал

Бірлік пен берекенің мерекесі аталып өтті

Жыл басы саналатын Наурыз мерекесі Шу қаласында да лайықты деңгейде аталып өтті. Қала басшылығының ұйымдастыруымен өткен шараға жиылған жұртшылық өкілдерінің қарасы қалың болды. Құбылған ауа райының қолайсыздығына қарамастан, Ұлыстың ұлы күнін тамашалауға халық ерте жиналды. Сол себептен болса керек, жоспар бойынша таңертеңгі сағат 11-ге белгіленген мерекелік шара бір сағат бұрын басталып кетті. Көктен жауған жауынды нұрға балаған халық емеспіз бе, бұл күні де ара-тұра бір желпіп өткен жаңбыр да мерекелік көңіл-күйге кері әсер келтіре алмады. Керісінше, кейбірі әр жерде ұйымдастырылған ұлттық ойындарға қатысып, енді бірі оны сүйсіне тамашалап, халықтың басым бөлігі думанды сазды бағдарламаға құлақ түріп, қызығушылықпен ден қойды. Әсіресе, алдыңғы қатарға жайғасқан аға буын өкілдері әуезді ән мен әсем биден рухани демалып, ерекше әсерге бөленді.

Ал, түрлі мекемелердің қызметкерлері ұсынған мол дастархан «мен мұндалап», көпшілік қауымды ұлттық мейрамның басты дәмі – Наурыз көжеден дәм татуға шақырып тұрғандай. Қаз-қатар тізілген шатырлар астындағы дәмге толы дастарханнан қалалықтар да біртіндеп дәм татып, Наурыз көжеден ауыз тиіп жатты. Ал, бүлдіршіндер жеке кәсіпкерлер ұсынған түрлі ойын алаңдарында бой сергітіп, өздерінше мәз-мейрам.
Осындай арқа-жарқа сәтке толы мерекенің салтанатты сәтінде қала әкімі Елдос Нұралиев көпшілік қауымды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Мұнан кейін Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік шара Шу қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен және түрлі жас аралығындағы қалалық өнерпаздардың атсалысуымен өткен сазды бағдарламаға ұласты. Атап айтқанда, А.Макаренко атындағы орта мектеп ұстаздары «Аққу» биін ұсынса, әжелер тобы «Сәулем-ай» халық әнін шырқады. Сондай-ақ, «Ай Жұлдыз», «Керім-ай» атты биші топтардың бишілері де мың бұрала би билеп, көпшіліктің зор қошеметіне ие болды. Ал, ақын Ғ.Есдаулетов арнау орындаса, вокал тобы «Ақ бүрлен» халық әнін тарту етті. «Ай-нұры» әуесқой клубының әншілері Меруерт Аханқызы, Айғаным Сатылғановалар, қалалық мәдениет үйінің өзге де өнерпаздары құлақ құрышын қандырған әсем әннен шашу шашып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Сонымен қатар, ұлттық салт-дәстүріміз дәріптеліп, тұсау кесу рәсімі орын алды. Атап айтқанда, қала әкімінің орынбасары Б.Төлендиев кішкентай жерлесіміздің тұсауын кесіп, ізгі тілегін жеткізді. Өз кезегінде сәбидің ата-анасы қазақы жөн-жоралғысын жасап, тұсау кескен азаматқа сый-сияпатын табыс етті.
Сазды бағдарламаны тамашалай жүріп, түрлі ойындарға да жанкүйер болып үлгердік. Нақты айтар болсақ, аудандық бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығы дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ ойындарын ұйымдастырса, қалалық «Жастар орталығы» мекемесінің мамандары арқан тартыс пен қол күресін ұйымдастырып, аталған ойындарға қалалықтар белсенді қатысты. Әр ойынның жеңімпаздарына ұйымдастырушылар тарапынан арнайы дипломдар мен тұрмысқа қажетті шағын сыйлықтар ұсынылды. Мысалы, 14-15 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында өткен қол күресте жеңімпазға смарт сағат сыйға берілсе, арқан тартысында бірінші орын иегеріне қысқа толқынды пеш бұйырды. Сондай-ақ, «Аналар қоғамы» қоғамдық бірлестігі де көпшілік арасында арқан тартысы ойынын ұйымдастырып, жеңімпаздарға сыйлыққа түрлі тәттілерді тарту етіп жатты.
Жалпы, бұл күні мерекені тамашалауға келген халықтың көңілі де тоқ, қарны да тоқ. Өйткені, алаңның әр тұсында ыстық бауырсақ пісіріліп таратылса, шатыр астындағы ақ дастарханда палау мен көже ұсынылып, өзге де ұлттық дәмге толы дастархан көпшіліктің құрметіне жайылды.
№1, №2, №3 қалалық кітапхана қызметкерлері жиылған жұртшылық өкілдерін ыстық бауырсақпен қамтыса, «Ақбота», «Мөлдір», «Балдырған», «Аяла», «Диар-7» «Наз-сезім», «Әсия-Әлемі», «Інжу», «Айлин», «Аруназ», «Диар-3» сынды мемлекеттік және жеке меншікті балабақшалар, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп, Төле би атындағы орта мектеп, Абай атындағы орта мектеп, «Жібек-жолы» мектеп-лицейі, қалалық аурухана, қалалық емхана ұжымдары, «Ерікті аналар» қайырымдылық қорының ұжымы мол дастарханның жайылуына ұйытқы болды.
«Теміржолшылар» саябағында көпшілік сауда-саттық орын алып, балаларға арналған «Батут», паравоз, пультпен басқарылатын машина сынды түрлі ойыншық иелері кішкентай бүлдіршіндер үшін қызмет көрсетті.
Ұлыстың ұлы күнін атап өту орталық алаңдағы мерекелік шарамен шектелген жоқ. Дәл осы күні бір уақытта «Қант зауыты» ықшам ауданындағы алаңда, А.Байтұрсынов атындағы, І.Жансүгіров атындағы орта мектептердің алаңдарында да ыстық бауырсақ, Наурыз көже, палау тарату акциялары жүзеге асырылды.
Осылайша, «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», бірлесе өткізілген мерекелік шараны қызықтаған қалалықтар ризашылықпен тарқасты. Бұл үшін ұйымдастырушыларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.