Ақпараттық портал

Бекзат өнердің бағын асырайық!

Мәдениет майданындағы сүбелі өнердің бірі-театр. Театрда өнер адамдары өмірдің әр сәттерін, қилы тағдырларын, сезімнің сан қырларын, дәлірек айтқанда өмірдің нақ өзін сомдайды. Осы тұста «Бүкіл әлем – театр. Онда ер де, әйел де – барлығы актер. Тағдыр өмір өрнегін салып, әркім жалғыз рөл ойнап қоймайды. Бүгін кедей рөлін, ал ертең бай рөлін ойнауы мүмкін» деген Уильям Шекспирдің сөзі дөп келетіндей. Біз театр арқылы мұқым жұртты тәрбиелеп, рухани қайнардан сусындатамыз. Сондықтан да ел мәдениетін қалыптастыратын осы бір бекзат өнерді дамыту арқылы мемлекеттің дамуына жол ашатынымыз сөзсіз.
Тарихқа көз жүгіртсек, театр сонау ежелгі заманда Грекияда пайда болған деген деректерді келтіріп жатамыз. Театр қазақ даласында да ықылым заманнан-ақ пайда болған деуге бұлтартпайтын деректер де жетерлік. «Ел іші-өнер кеніші» демекші, ұшқан құстың қанаты талатын, тұлпардың тұяғы тозатын ұлан-ғайыр атырабымыздың әр өңірінде киелі даланы сахна қылған қазақ халқының тектілігін сақтап қалу бізге артылған жүк.
Бір ғасырдан астам уақыт бұрын, яғни 1917 жылы тобықты мен найман рулары арасындағы жесір дауына арқау болған М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы алғаш рет Абай ауылында қойылғандығы туралы «Абай жолы» роман-эпопеясында жазылған. Сонда қазақтың өнерлі жастары осы пьесаның әртүрлі нұсқаларын ұсынып, Абайдың көкейіндегі ойына үн қосады. Міне, бұл халқымыздағы саф өнердің даму тарихындағы бір кезең.
Тасын аударып, топырағын түртсең көмбелі тарихы сарнайтын Шу өңірінде де театр өнері ертеден-ақ қалыптасқан. Біздің өлкеден де небір өнер саңлақтары түлеп шығып, республикалық сахналарда да іздері қалған. Сонау 1968 жылы «Шу халық театры» құрылып, оның негізін режиссер Ермек Құлажанов қалаған. Аталған ұжым 1978 жылы «халықтық» деген атауға ие болып, күні бүгінге дейін сол ізгі жолды жалғап келеді. Біраз жылдар бойы театрға жан бітіріп, мәдениет үйінің киелі сахнасына әртүрлі қойылымдарды қойып, елеулі еңбек сіңірген Бақытжамал Мұратқызын да айтпай кетуге болмайды. Ал, бүгінгі күні бұл жолды Марлен Ермаханұлы жалғастырып келеді.
Осы жылдардан бастап ұжым шығармашылық жолын шыңдауда 1987 жылы режиссер О.Бірімбетовтің «Тірі екенсің махаббат», «Апа, апатай» қойылымдарын сахналап, 1989 жылы режиссері С.Дәулетқұлова, авторы М.Хасеновтың «Пай-пай жас жұбайлар» атты 2 бөлімді комедиясымен «халықтық» атағын қорғады.
Мұнан кейін С.Жүнісовтың «Жаралы гүлдер» қойылымын, Ш.Досмайловтың «Есірткімен есірген есерлер» қойылымын, С.Балғабаевтың «Қыз жиырмаға толғанда» атты 2 бөлімді драма комедиясын, балаларға арналған «Қаңбақ шал» ертегісін сахнаға шығарып, Шу ауданының мәдениет және өнер күніне А.Егеубайдың «Шу батыры» көрінісін және «Кім кінәлі?» атты мелодраманы, И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы» 2 бөлімді поэтикалық драмасын жарыққа шығарып, шығармаларын шыңдап келеді.
Шу халықтық театрлары әр жылдарда тек Шу өңірінде ғана емес, облыстық, республикалық сахналарда да өнерін көрсетіп, көрерменнің көзайымына айналып келеді. 2010 жылы 28 мамыр күні Тараз қаласында облыстық қазақ драма театрында Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына орай өткен фестивальде Шу халық театры Д.Исабековтың «Кішкентай ауыл» атты екі бөлімді драмасын қойды. Аталған шығармамен «Шу» халық театры аттестациядан өтіп, «халықтық» атағы қайта қорғалды.
Ал 2013 жылы 28 қараша күні облыстық мамандардан құралған қазылар алқасының қатысуымен «Шу» халық театры Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек» атты екі бөлімді лирикалық мұңын сахналап, «Халықтық» атағы қорғалды. Дәл осы жылы қыркүйек айында Тараз қаласында өткен Жамбыл облысының 75 жылдығына арналған облыстық халықтық театрларының «Театр-КZ» фестиваліне «Шу» халық театры Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек» атты екі бөлімді лирикалық мұң қойылымымен қатысып, оң баға алды.
Сондай-ақ, 2016 жылы облыстық мамандардан құралған қазылар алқасының қатысуымен «Шу» халық театры Т.Нұрмағанбетовтың «Бес бойдаққа бір той» атты екі бөлімді музыкалық комедиясымен, 2019 жылы 26 қазан күні Қасенов Мухамедқалидың «Пай-пай жас жұбайлар-ай» атты екі бөлімді комедиясымен аттестациядан өтіп, «Халықтық» атағы тағы да қорғалды.
Шу халықтық театрының жетістіктері де бір төбе. Атап айтсақ, 2020 жылы қыркүйек айында Тараз қаласында өткен облыстық халықтық театрларының «Театр-өнер айнасы» фестиваліне М.Әуезовтың «Абай» драмасын сахналап, 2021 жылы қыркүйек айында «Абылайдың арманы» спектаклін сомдап, «Алғыс хатпен» марапатталды. 2022 жылы қыркүйек айында Тараз қаласында өткен облыстық халықтық театрларының «Театр-өнер айнасы» фестиваліне «Шу» халық театры Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» пьесасын сахналап, бас жүлдемен марапатталды.
Ал, былтырғы жылы Төле би бабамыздың 360 жылдығына орай Елен Әлімжанның «Төле бидің төрелігі» атты қойылымы халыққа көрсетілді. 2023 жылы қазан айында «Мәдениет – асыл қазынам» атты Шу ауданының Мәдениет күніне орай Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібектің ту тігуі қойылымы халыққа ұсынылып, облыстан бас жүлде иеленіп, аудан басшысының Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар үстіміздегі жылдың қаңтар айында Мемлекет және қоғам қайраткері Т.Жүргеновтің 125 жылдық мерейтойына орай халық театрларының «Театр-өмір айнасы» атты облыстық әзіл-сықақ фестивалінде Қанат Жүнісовтың «Ғашықтар» комедиясы қойылып, театрымыздың әртісі Нұрхат Төлеу «Үздік әйел» номинациясын жеңіп алды.
Дәл осы жылы ақпан айында ақиық ақын М.Мақатаевтың 93 жылдығына орай «Әр өлеңі бір әлем» атты ән-жыр кеші өткізілді. Әдеби кештің шымылдығы Мұқағали Мақатаевтың “Бүгін менің туған күнім, ой пәлі-ай!” деп басталатын “Арыз жазып кетейін” деген өлеңімен түрілді. Сахнада төгіліп тұрған аппақ перделердің әрбіріне ақынның өлеңдері жазылған және әр перденің артынан бірінен соң бірі шығып өлең оқыған жастарымыз да аппақ киініп алғаны, көзге оттай басылады. Бұдан бөлек, “Туған өлке”, “Майгүлге”, “Алыста”, “Жылап келіп, келмейді жылап кеткім”, “Ей, өмір”, “Поэзия”, “Шаршадым білем”, “Досым саған”, “Ғашықпын”, “Есіңе мені алғайсың”, “Сүюді бақыт дейтіннің бәрі”, “Өмір жайлы” атты ән-жырлары асқақ үнмен шырқалып, көрермендер де тебірене қосылып отырды. Бұл жерде ақынның әр өлеңіне әр беріп, жүрекке жеткізе оқыған театр қызметкерлері Нұрхат Төлеу, Елдос Мамықбай, Томирис Сағындық, Мейіржан Базаралы, Жәнібек Мұхамеджан, Мади Жапарлардың есімін айтпай кетуге болмайды.
«Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде ұлт та ұлы болмайды» деп заңғар жазушы Ғабит Мүсірепов текке айтпаған. Кез келген елді өзгелерден ерекшелейтін мәдениеті мен әдебиеті, салт-санасы мен тарихы, рухани дүниетанымы екені даусыз. «Ел ішінде өнер бар, өнерді тапқан шебер бар» дейді дана халқымыз. Театрдың атауы «халықтық» деп аты айтып тұрғандай, театрда өнер көрсетушілердің басым бөлігі ел ішіндегі өнерлі адамдар. «Өнерліге өріс кең» демекші, бойында актерлік шеберлігі басым әртүрлі жастағы азаматтарға әрқашанда Шу халықтық театрының есігі айқара ашық.
Өткен ғасырдың бас кезінде орыс жазушысы Максим Горький қазақтың зиялыларына “Сіздер алтын сандықтың үстінде отырсыздар” деген екен. Демек, өресі биік халқымыздың өткенінің өткелдері өлшеусіз тарихпен өрілгені өзімізге ғана емес, өзге елдерге де аян болып тұрғаны ғой. Соны жанымызбен түйсініп, әдебиетіміздегі шоқтығы биік туындыларды сахна төріне жоғары деңгейде қойып, ұлт мәдениетінің көкжиегін кеңейтуге жанымызбен ден қояйық! Ұлт ұрпағының санасы уланып, рухани жұтаңдыққа ұшырамауы үшін ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, рух көтеру мәселесі күн тәртібінен түспеуі ләзім.
Эльмира Тулешова,
театр жетекшісі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.