Ақпараттық портал

«Белбасар» спорт кешеніне автокөлік сыйға берілді

Ұлыстың ұлы күні –
Наурыз мерекесі қарсаңында ауданымыздағы игі шаралар ауылдық округтерде де жалғасын тапты.
Атап айтсақ, өңірімізде егін шаруашылығымен айналысатын «QYZYLSHA» ЖШС Белбасар ауылында орналасқан №39 балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне жас спортшыларды тасымалдауға арналған Газель автокөлігін сыйға тартты.
Одан бөлек, күрес кілемі мен өзге де спорттық құрал-жабдықтарды салтанатты түрде табыс етті.

Айтулы шараға аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, Тараз қаласы мен Шу ауданының Құрметті азаматы, «Белбасар» спорт кешенінің негізін қалаушы Болат Сауранбаев, тұтас қазақ елінің мақтанышына айналған белгілі спортшы, аралас жекпе-жектен әлемді бағындырып жүрген Шавкат Рахмонов, «Халық» қайырымдылық қорының директоры Нариман Абильшайков арнайы қатысып, ауыл тұрғындарына жылы лебіздерін білдірді.
Айта кету керек, жоғарыда аталған серіктестікке «К-Агро» мен «Халық» қайырымдылық қоры қолдау көрсетіп отыр. Мәселен, «К-Агро» қант қызылшасын өсіретін «QYZYLSHA» ЖШС-нің шаруашылығына 15 млрд теңге инвестиция салды. Қаншама жұмыс орнын ашты. Шаруашылық сплинклерлі және жаңбырлатып суару тәсілі арқылы суды әлденеше есе үнемдеп отыр. Қант қызылшасының ерекше тұқымдарын сатып алып, өнім мен сапаны да әлденеше есе ұлғайтқаны тағы бар. Ал «Халық» қайырымдылық қоры болса бүгінгі күнге дейін жергілікті спорт кешенін жабдықтауға, ұлттық спорт түрлерін насихаттау шараларына 125 млн теңгеден астам қаржы бөлген. Жоғарыда атап өткеніміздей, ауданымыздағы Белбасар ауылының спорт кешеніне көлік сыйлады, күрес залын жабдықтады. Соның арқасында көрші ауылдың балалары Белбасарға осы автобуспен қатынай бастайды. Жас спортшылар сырттағы жарыстарға көлік іздеп сабылмай, осы көлікпен баратын болады.
Жалпы, Белбасар ауылын ел-жұрт қай кезде де бірлігі тарқамаған берекелі ауыл ретінде таныған. Берекелі деп екпін түсіре айтуымыз да бекер емес. Өйткені, тоғыз жолдың торабындағы жалғыз тірек ауыл саналатын Белбасардағы атқарылып жатқан бүгінгі іргелі істерге қарап, сүйсінбеске амалыңыз қалмайды. Жалпы, бүгінде туып-өскен өлкеге еңбегімен елеулі болған азаматтар аз емес. Олар туған жерге, туған елге қызмет етудің бірегей жолы – адал еңбек деп біледі. Бұндай азаматтар туған топырағынан жырақта жүрсе де өзі туып-өскен ауылын жеке баспанасын қамдағандай кем-кетігін түгендеп, тұрмысын базарлы етуде қолынан келгенін аямайды. Әлбетте, одан кейін ол ауылдан берекенің тарқамайтыны айтпаса да түсінікті. Дәл осындай азаматтардың бірегейі ретінде осы ауылдың тумасы Болат Сауранбаевты атап өтуге болады. Өзі шалғай өңірлерде жауапты қызметтерді атқара жүріп, Белбасар ауылының әлеуметтік өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келеді. Болат Оспанұлының қажетті жерде ауылдастарының игілігі үшін жасалатын кез келген іске демеушілік танытудан тартынып қалған тұсы жоқ. Соның жарқын дәлелі ретінде дәл осы «Белбасар» мәдени-спорттық кешенін айтуға болады. 500 миллион теңгеге жуық қаржыға аталған спорт кешенін соғып, мемлекет меншігіне тегін өткізіп берді. Ауылдан шыққан атпал азаматтың осынау жарқын ісі ауылдастарына жасаған алғашқы жақсылығы емес. Бұрнағы жылдары ауылда имандылық ордасының бой түзеуіне себепші болып, алақандай ауылға зәулім мешіт салып берген болатын. Одан кейін әбден тозығы жеткен үлкен футбол алаңшасын толығымен сүргізіп, көлемі 50-100 метрді құрайтын соңғы үлгідегі жасанды жабыны бар үлкен стадион салып, оны ауыл мектебінің меншігіне өткізді. Мұның бәрі арда азаматтың ауылына деген қамқорлығы екені сөзсіз.
Шара барысында Болат Сауранбаев ауылдастарына өзінің ыстық ықыласын жеткізсе, спорт кешеніне демеушілік көрсетіп отырған серіктестік басшылығына ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, «QYZYLSHA» ЖШС бас директоры Алена Лобанкова автокөліктің кілтін «Белбасар» спорт кешенінің директоры Айдос Расиловқа салтанатты түрде табыс етіп, спортшылардың әрдайым жеңіс тұғырынан көрінуіне тілектестігін білдірді.

Ерғали Қартайған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.