Ақпараттық портал

Жер-Ананы жылатпасын, жас өрен!

Жуырда ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында «Келесі түйткіл – ысырапшылдық. Шын мәнінде, ырыстың бастауы – үнемшілдік. Дамыған елдерде жарық пен суға дейін үнемдеп пайдалану жоғары деңгейдегі қоғамдық мәдениетке айналған. Ал бізде бұған мүлде кереғар жағдай қалыптасқан. Миллиондаған адамның ысырапшылдығы бүкіл елдің байлығын желге ұшырады» деп ең негізгі мәселелерді көтерді. Ықылымнан халқымыз шыр етіп дүниеге келгеннен-ақ, «Бұл дүниеге келген соң, сұрауы бар судың да» деп ұрпағын әлди әнімен тербетіп, санамызға даналықтың дәнін егіп өсіріп келеді. Түн баласы ауғанша білтелі шамның жарығымен тірлігін бітірген халқымыздың бүгінгі жұрнағы бір секунд жарықсыз өмір сүре алмайтындай. Қазір суға қандай тәуелді болсақ, жарыққа да соншалықты тәуелдіміз. Өмірдің ең басты нәрі-су түгесілер болса, өмір жалғасын табады деп айту мүмкін емес. Судың көздерін де, энергия көздерін де байыппен, үнемділікпен жұмсамаса ресурстардың шектелетін күні жақындай бермек. Сондықтан да өскелең ұрпақтың санасына үнемшілдік қағидасын бекітіп, өмірге ең керекті ресурстарды бағалай білуге тәрбиелеуіміз қажет.
Осыған орай, «Балалар-жасөспірімдер өлкетану және туризм орталығының» ұйымдастыруымен, «Жер сағаты» экологиялық акциясы өткізілді. Оған аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Тұрар Дүрманов, Бірлік ауылдық округінің әкімі Нұрбек Қараулов, аудандық полиция және төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері мен аталған қосымша білім беру мекемесіне баратын 200-ге жуық оқушы қатысты. «Жер сағаты» – дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) қамқорлығымен жыл сайын халықаралық деңгейде ұйымдастырылатын акция. Оған әлем бойынша 2 млрд-тан астам адам қатысады. Акцияның мақсаты – ғаламшар мен оның ресурстарына жауапкершілікпен қарауға шақыру.
Экологиялық акция барысында аталған мекеменің үйірме жетекшілері ашық сабақ, тәрбие сағат, дөңгелек үстел өткізіп, тренингтер ұйымдастырып, концерттік бағдарлама ұсынды. Өткізілген іс-шаралар барысында экологиялық мәселелерді, жасыл инновацияларды ілгерілету, қалдықтарды азайту, қайта пайдалану және қайта өңдеу, су мен электр энергиясын үнемдеу, бір рет қолданылатын пластмассалардан аулақ болу және табиғи ресурстарды сақтау үшін қалдықтарды қайта өңдеп, кәдеге жарату арқылы шешуге болатыны айтылды. Сондай-ақ бір мезетте жарық сөндіріліп, оқушылар соған сай әрекеттер жасады. Акция шарты бойынша сағат 20:30-дан 21.30-ға дейін жарық пен тұрмыстық электр құралдарын өшіру керек болатын. Концерттік бағдарлама барысында оқушылар ешбір музыкалық құрылғысыз, аспаптардың сүйемелдеуімен жанды дауыста ән шырқап, өлең оқыды.
Наурызнаманың соңғы күні – 23 наурыз «Тазару күні» болып бекітілгені баршаға белгілі. Бұған қоса «Жер сағаты» атты экологиялық акцияның дәл осы күнге тұспа-тұс келуі де тегіннен тегін емес. Себебі қазақ халқы қашан да тазалыққа, адалдыққа аса мән берген. Бізге бар нығметін берген Жер анаға құрмет көрсетуге міндеттіміз. Ол үшін халық арасында қоршаған ортаны қорғаудың маңызын түсіндіруге бағытталған ақпараттық науқандар мен іс-шараларды ұйымдастырудың маңызы зор. Яғни, неше түрлі акция, жарыс, ойын, сабақ, тренинг және басқа шараларды өткізу қажет. Сондықтан да осындай игі шараларды жиі өткізіп, өскелең ұрпақты жер ананы құрметтеуге тәрбиелесек, ойға алған нәтижеге қол жеткізетініміз сөзсіз.
Гүлім Ердәулетова,
үйірме жетекшісі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.