Жас жерлестеріміз қатар елінен жеңіспен оралды
Мемлекеттік саясаттың жемісті жүзеге асуы нәтижесінде біздің өңірде де жеке кәсіпкерлер саны артып келеді. Түрлі бағытта қызмет көрсетуді қолға алған олар соңғы жылдары өз кәсіптерін уақыт талабына қарай бейімдеп, оны лайықты жүзеге асыруда. Бұл шын мәнінде шығармашылық ізденіс пен үлкен еңбекті қажет етеді. Осы жолда талмай, қажымай еңбек етіп келе жатқан жандардың бірі – Иманалинова Жанар Оралханқызы. Бүгінде өз жұмысын табысты жалғастырып келе жатқан оның басшылығындағы “АMAKids” оқыту орталығының шәкірттері жуырда шетелде өткен түрлі жарыстарға қатысып, жеңіспен оралды.
-Алғаш рет кәсібімді 2016 жылы “Айналайын” атты балаларға арналған балмұздақ кафесін ашудан бастаған едім. Кейін бизнестегі бағытымды күрт өзгертіп, білім беру орталығын құру туралы шешім қабылдадым. Ол үшін мен екі шетелдік маманды шақыруға бел будым және «Израиль-Канада-Шу» ағылшын марафонын ұйымдастырдым. Балаларға мектептерде ағылшын тілін беру неге қиын екенін түсіндім және оларға көмектесуге бел будым.
2017 жылы Израильден Паулина Гейбл Кравц франшизасын сатып алдым. Содан кейін біз Шу қаласындағы “Айналайын” білім беру орталығында авторлық техникамызды жасадық. Қазіргі уақытта орталық “AMAKids” болып өзгертілді.
Біздің білім беру орталығы 7 жылдан астам уақыт бойы табысты жұмыс жасап келеді. Орталықтың алғашқы шәкірттері менің балаларымдай болды. Сол себептен, мен оларға оқуда көмектесіп, барынша қолдау көрсетуге тырыстым. Жеті жыл ішінде біз ағылшын тілін сәтті оқытып, 4500 баланың білім деңгейін көтердік. Оның ішінде 2560 бала бізге оқуға келгенде ағылшын тілін мүлдем білмейтін. Қазір барлық бала ағылшын тілін жақсы меңгерген,-дейді Жанар Оралханқызы.
Сондай-ақ, кәсіп иесі осы курс арқылы орталықтың оқыту бағдарламасына балалардың ойлауын дамыту үшін менталдық арифметика сынды (Smartum _ AMAkids франшизаны) Мәскеу бағдарламасының курсын енгізген.
Жалпы, орталықтың мақсаты – балалардағы қорқыныш пен толқуды алып тастау, балалардың қабілеттерін ашу және олардың әлеуетін көтеру, әр баланың данышпан екенін дәлелдеу, балалардың оқуға деген құштарлығын ояту және өзіне деген сенімділікті қалыптастыру.
Қазіргі таңда орталықта қызмет ететін 15 оқытушы ағылшын тілі, ментальды арифметика, қазақ тілі, мектепке дайындық, жылдам оқыту (әріп тану) курстары бойынша сабақ өткізеді.
Осындай курстардан білім алып жүрген балалардың жетістіктері де жоқ емес. Әсіресе, ағылшын тілі, ментальды арифметикадан байрақты бәсекелерде бақ сынап, ел намысын қорғап жүрген өрендер де осы ортадан шығуда. Соның жарқын дәлелдерінің бірі – 2023 жылы және 2024 жылдың басында орталықтың оқушылары 4 шет мемлекетте өткен халықаралық олимпиадаларға, Отанымыздың астанасы – Астана қаласында да бірқатар жарыстарға қатысып қайтты. Мысалы, ағылшын тілі және ментальді арифметикадан Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласында, Мысырдың Шарм-эль-Шейх қаласында өткен олимпиадаларға қатысты. Ал, Астана қаласында өткен олимпиадаға өңірден 45 бала қатысып, барлығы дерлік марапаттарға ие болған.
Жуырда орталық тағы бір үлкен жетістікке қол жеткізіп, мұндағы қызметкерлер мен білім алушыларды, олардың ата-аналарын кезекті рет қуанышқа бөледі. Нақты айтар болсақ, “АMAKids” орталығының шәкірттері Катар елінің Доха қаласында өткен олимпиадаға қатысып, бұл жақтан да жеңіспен оралды. Бұл олимпиадаға аталмыш орталықтан 11 оқушы қатысып, барлығы жүлделі орындарға ие болып, 10-наурыз күні өз жерлестерімен қуанышпен қауышты. Яғни, біздің жас жерлестеріміз өзге мемелекетте Қазақстанның Туын желбіретіп, аудан абыройын тағы бір асқақтатты. Атап айтқанда, ментальді арифметикадан Нұрбек Мәлікұлы бірінші орынды жеңіп алса, Мұхтар Ақәділ, Дания Көпшіл, Інжу Асылхан есімді оқушылар екінші орындарға ие болды. Сонымен қатар, ағылшын тілі бойынша Ясмин Мурзахметова мен Сейсенғали Әділ бірінші орынды, Райла Садретдинова, Ариана Хлинина, Дэвид Проскуряков, Медина Смағұл екінші орындарды еншіледі. Сондай-ақ, ағылшын тілі бойынша Смағұл Сұлтан үшінші орыннан көрінді.
Катардағы оқушылар тобын Жанар Иманалинованың қызы, ағылшын тілінен жаттықтырушы Меддина
Иманалы мен осы орталықтағы білікті маман, ағылшын тілінің жаттықтырушысы Кемал Аланның басқарып барып, жетекшілік еткендігін атап өткен жөн. Оларға сапарды ұйымдастыру ісі мен балалардың өмірі мен қауіпсіздігі бойынша үлкен жауапкершілік жүктелді.
Есімдері аталған жетекшілер жас болса да, осы жауапты міндетті лайықты жүзеге асырып, абырой биігінен көріне білді.
Жеңімпаз жерлестерімізді “АMAKids” орталығының басшысы, оқытушылар және балалардың ата-аналары теміржол бекетінен зор қошеметпен күтіп алды.
-Біз бүгін Катар елінің Доха қаласынан келдік. Ағылшын тілінен бірінші орын иеленген оқушылардың біздің орталықтан білім алуды бастағанына ұзақ уақыт бола қойған жоқ. Соған қарамастан, олар жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл олардың алғашқы жеңісті қадамдары. Бұл барлығымыз үшін үлкен жетістік. Енді, біз Түркия елінде өтетін осындай жарысқа шақырту алып отырмыз. Осындай шақыртуды қабыл алғаны үшін директорымызға, балаларын қорықпастан бізбен бірге сырт мемлекетке сеніммен жіберген ата-аналарға рахмет,-деп оқытушы Меддина Иманалы да сапардағы әсерімен бөлісті.
Ментальді арифметика бойынша бақ сынаған 8 жастағы Дания есімді жеткіншек те қуанышымен бөлісіп, мақтанышын жеткізді.
Ал, 12 жастағы Ясмин есімді қатысушы:
-Мен Доха қаласындағы халықаралық олимпиадаға ағылшын тілі бойынша қатысып, бірінші орынды иелендім. Әрине, алғашқыда уайымдадым. Бірақ, уайым мен қорқынышты жеңуге тырысып, мақсатыма қол жеткіздім. Осындай мүмкіндік сыйлаған директорымызға және оқытушыма алғысым зор,- дейді.
-Біздің орталықтың ең маңызды мақсаты – балаларды халықаралық олимпиадаларға қатыстырып, сол арқылы оларды шет мемлекеттермен таныстыру. Осындай олимпиадалар мен сапарлар барысында балалар ағылшын тілін үйреніп, қабілеттерін көрсетіп, оны одан әрі шыңдай алады. Жеңіске жеткені үшін сыйақы алады және жақсы уақыт өткізеді, әлем елдерін өз көздерімен көріп, жаңа тәжірибе жинақтай алады. Ата-аналар қауымы да балаларының жеңістері үшін орталық қызметіне дән риза. Ал, жеңіспен оралған балалардың бойын зор мақтаныш кернейді. Ағылшын тілін жетік меңгерген әр бала ата-аналарымен бірге шет елдерге саяхаттау барысында өздерін жайлы сезінеді. Біздің оқушылар да дәл солай. Өйткені, олар ағылшын тілінде еркін сөйлесе алады. Біздің балаларымыздың ағылшын тілін білуінің арқасында шетелде білім алуына тамаша мүмкіндігі бар. Қазіргі уақытта осы орталықтағы курстан өткен оқушылар Польшада, Түркияда, Ресейде білім алуда.
Онда олар біздің бағдарламамыз бен әдістемеміздің арқасында ағылшын тілін қарым-қатынас пен оқуда жеңіл қолдануда,-дейді Жанар Иманалинова.
Өзге елдерде ауданымыздың намысын қорғап, жас жерлестеріміздің білім биігінен көрінуіне себепкер болып жүрген “АMAKids” орталығы қызметкерлерінің ерен еңбектеріне алдағы уақытта да толағай табыстар тілейміз.
Динара Батырхаирова.