Ақпараттық портал

Архив және қоғам

 

Архив – ұлттың тарихында өте маңызды рөл атқарады. Ал, ұлт болып қалыптасу үшін – тіл, тарих, мәдениетті білу қажет. Архивтің келешек ұрпағымыз үшін алар орны ерекше. Жас қадамын басқан ел үшін салт-дәстүрінің атадан қалған асыл мұраларын келер ұрпаққа аманат ету, жалпы ұлттық құндылықтарымызды сақтау және барша халық игілігіне пайдалану – басты мақсатымызға айналғанына еш күмән жоқ.
Сан ғасырлық тарихы бар еліміздің басынан өткен небір аласапыранның өзі құнды жәдігерлеріміздің бүгінгі күнге жетуіне кедергі бола алмағаны белгілі. Сол құндылықтарымызды сақтап, халық мүддесіне пайдалануды жүзеге асыру бүгінгі күні мемлекеттік архивтердің еншісінде. 1998 жылы 22 желтоқсанда «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» заңы жарық көрді. Архивтің жаңа дәуіріне, оның өркендеуі мен дамуына айқын жол ашқан заңының талаптарына сай жұмыс істеу – біздің міндетіміз әрі мұратымыз деп білеміз. Қазіргі таңда архив саласына айрықша көңіл бөлініп, құжаттарды мемлекеттік сақтауға қабылдауда – қолданыстағы заң жобасына бүгінгі күн талабына сай өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қоры Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлігі болып табылады және оны Қазақстан Республикасының ұлттық игілігі ретінде мемлекет қорғайды. Еліміздегі барлық архивтер төл заң аясында атқарылған барлық қызметтерін айқындаған және мемлекет пен азаматтар мүддесін абыроймен атқарып келеді. Кең-байтақ еліміздің әр даласының, әрбір тасының өшпес тарихы бар. Соны жинақтау, сақтау және қорғау әрбір архивистердің борышына айналғаны сөзсіз. Ұлттық архив ұлт мұрасының алтын ордасы, төл тарихымыздың алып діңгегі екені баршаға аян.
Осы заңымызға сәйкес, Шу ауданының мемлекеттік архивінде мемлекеттік сақтауға өткен құжаттардың тізімдері, тізімдемелері мен сақтау бірліктері, қор карточкалары электрондық жүйеде жасалынуда. Архивтің материалдық-техникалық базасы жылдан жылға нығаюда: принтер, сканерлер, жиһаз, қойма ылғалдылық пен температураны өлшейтін құралдармен жабдықталған. Құжаттар әлеуметтік-құқықтық сипаттағы азаматтардың өтінішін қанағаттандыру үшін кеңінен пайдаланылуда. Сақтаудағы құжаттардан азаматтарға еңбек өтілі, еңбек ақысы, міндетті зейнетақы жарналарының, әлеуметтік төлемдерді аудару бойынша т.б. жөнінде анықтамалар беріледі. Қазіргі таңда мемлекеттік архивтер ішінара автоматтандырылған архивтік анықтамалар беру бойынша мемлекеттік қызмет көрсетеді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 12 желтоқсандағы № 827 қаулысымен бекітілген «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес «Электрондық құжаттардың бірыңғай архиві» ақпараттық жүйесін (бұдан әрі – ЭҚБА АЖ) бағдарламасы арқылы халыққа қызмет көрсетіліп жатыр. Сонымен бірге архивистер архив қорларының жиналуына, сақталуына күш салысып, белсенді қызмет атқаруда. Архив қорының толықтыру көзі болып табылатын мекемелерге, өндірістерге, кәсіпорындарға өз тарапымыздан әрқашан әдістемелік құралдар мен нұсқаулықтарды және нормативтік-құқықтық актілер тізімдеріне сәйкес әдістемелік көмек көрсетіліп келеді.
Шу ауданының мемлекеттік архиві құжаттарды қабылдау және пайдаланушылардың мүдделеріне сай пайдалануды жүзеге асыратын мемлекеттік мекеме. Шу ауданының архивіне үлкен жауапкершілік жүктелгенін сезінетін, өз ісін білетін мамандар және дарынды архивистер қызмет етеді. Ұлттық архив қорға түскен әр құжатты сақтауға өткізген соң көздің қарашығындай қорғап, сол қалпында ұстап отыру – архив қызметкерлерінің қасиетті борышы. Ұрпақтар ауысса да, архив құжаттары қалады. Өйткені архив – мемлекеттің кешегі және бүгінгі тарихының сақтаушысы.
Мият Бөрібай,
Шу ауданының мемлекеттік архивінің архивисі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.