Түркістан қаласына сапар ерекше әсерге бөледі
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен биыл жалпы ел көлемінде Наурыз мерекесін ерекше атап өту қолға алынғаны баршаға мәлім. Осыған орай, Ұлыстың ұлы күні әсіресе, облыстық деңгейде жоғары дайындықпен өткізілгендігін де бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп, біліп жатырмыз. Аталмыш ұлттық мереке қарсаңында облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен игі шара қолға алынған болатын.
Атап айтқанда, облысымыздың зиялы қауым өкілдері, ардагерлері және Таразда өткен халықаралық ауылшаруашылық форумына Түркиядан келген жетпіске жуық қонақ арнайы автобустармен Түркістан қаласына сапарлап қайтты. Түркиялық азаматтармен бірге облысымыздың әр ауданынан жиылған осы делегацияның ішінде біз де болдық. Нақты айтар болсам, Шу ауданынан әріптесім Әшім Салимов екеуміз шықтық.
22 наурыз күні таңертең облыс әкімдігі алдына жиылып, ол жақта бізді облыс әкімдігінің жауапты тұлғалары күтіп алды. Әр ауданнан келген делегация мүшелерімен осы жерде бас қостық. Жол басқарған азаматтар баршамызды түгендеп, автобустарға жайғастырды. Барлығы бес автобусқа жайғасып болған соң, облыс әкімі Ербол Қарашөкеев автобустарды аралап, ақсақалдар бата беріп, сәт сапар тілеп, шығарып салды.
Облыс әкімі өзінің сөйлеген сөзінде бұл күні жамбылдық жүзге жуық зиялы қауым өкілдерін және аға буын ардагерлерді, түркиялық қонақтарды Түркістан аймағына зиярат жасауға арнайы жіберіп отырғандығын атап өтті.
Мұнан соң жамбылдық делегация қасиетті Түркістанды бетке алды. Бұл сапарда облыс әкімінің орынбасары Әбілқайыр Тамабек пен облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев жол бастап жүрді. Делегация құрамында Меркі ауданының Құрметті азаматы, ақын Шырын Мамасерікова, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы, әнші-композитор Әбиірбек Тінәлі, актер Жүніс Әлімбек, республикалық «Салық тәртібі» газетінің директор-бас редакторы Ғалым Қасабай, филология ғылымдарының кандидаты Меңдібай Әбілов, Жуалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ғазиза Естаева, ақын Ғайни Әлімбекқызы сынды зиялы қауым өкілдері болды.
Әуелі көршілес облыстың Отырар ауданының аумағындағы Арыстан баб кесенесіне зиярат жасадық. Осы жерде Бейбарыс Сұлтанға, әл-Фарабиге арнайы белгі тас қойылған екен. Көпшілік осы қасиетті қорымда жатқан қазақтың дара перзенті Өзбекәлі Жәнібековтің рухына Құран бағыштады.
Түстен кейін Түркістан қаласына табан тіреп, Ахмет Ясауи кесенесіне тағзым етіп, зиярат жасадық. Сол қорымда жерленген хандар мен билердің рухына Құран бағышталды. Бізбен бірге болған түркиялық делегация да қазақ жерінің көрнекті бабаларының кесенесін бірге аралап, мұсылмандық ниеттерін білдірді. Көпшілік өзара естелік суреттерге түсті. Біз де өзіміздің ұлттық киіміміз – шапан жамылып, түрік ағайындармен естелік суретке түсіп, жақын қарым-қатынас орнаттық.
Түс ауа түркістандық танымал кәсіпкер Базарбай Зүбайділдаұлы жамбылдық делегацияға және Түркиядан келген қонақтарға дастархан жайып, ауызашар берді. Мейрамхана басшысы жылы шыраймен қарсы алып, төрге түрік ағайындарды шығарып, сазды бағдарлама ұсынды.
Ауызашар рәсімінде Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ә.Тамабек пен Л.Ілебаев сөз сөйлеп, жылы шыраймен қарсы алған түркістандықтарға алғысын білдірді.
Сондай-ақ, түркиялық азаматтар сөз сөйлеп, осындай сапарды ұйымдастырушыларға шынайы алғыстарын жеткізді. Бұған қоса, барлығымыз түбі бір түркі жұрты болғандықтан, Түркістан – түркі халықтарына ортақ мекен екендігін айтып, екі ел арасында бауырластық қарым-қатынастың арта беруіне тілектестік білдірді.
Сондай-ақ, Тараз қаласының Құрметті азаматы Өмірбай Сабыров, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев және жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы, ақын Шырын Мамасерікова, композитор Әбиірбек Тінәлі бастаған жамбылдық зиялы қауым өкілдері де сөз сөйлеп, Наурыздың қасиеті мен маңызына, екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың маңыздылығына терең тоқталды. Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әзіретберген Жарылқасын барлық қонақтарға алғысын айтса, кәсіпкер Базарбай Зүбайділдаұлының атынан барлық қонақтарға естелік сыйлықтар беріліп, әруақтарға бағышталып Құран оқылды. Ақсақалдар ақ бата берді. Ал, мейрамхана басшысы ұсынған сыйлықтың ішіндегі мен үшін ең бағалысы «Жетпіс хикмет» деп аталған кітап еді. Бұл кітапта әулиелердің сұлтаны Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың соңында қалған телегей-теңіз мұрасы – бүкіл адам баласына ортақ рухани қазынасынан алынған жетпіс хикмет жазылған. Кітапқа енген хикметтер Әбибулла Мұхамеджанұлының көне түркі-шағатай тілінен аударуымен жарияланған «Диуани хикмет» жинағынан алынып, кітап көпшілік қауымның оқуына арналған.
Берекелі дастархандағы басқосудан соң Түркістан қаласының жаңа құндылықтарымен танысып, көрікті жерлерін араладық.
Жалпы, Түркістан қаласына екі күндік сапарымыз сәтті аяқталып, сапар барысынан рухани күш алып, тамаша әсермен оралдық. Сапардан алған әсерімді көпшілікпен бөлісуді жөн көріп, осы мақаланы жариялауға бел будым. Алдағы уақытта да нұрлы күндеріміз мол болып, өткен тарихымыз өшпей, жыл өткен сайын жаңғыра берсін демекпіз.
Жылқыбай Қайшыбеков,
аудандық әкелер алқасы төрағасының
орынбасары.