Өнер өлкесіндегі өрісі кең өр тұлға
Биыл даталы жылдардың қатарында қазақ өнеріндегі шоқтығы биік тұлға, кино және театр әлемінде өзіндік сүрлеуі бар актер және режиссер, КСРО-ның халық әртісі Шәкен Аймановтың туғанына 110 жыл толып отыр. Шәкен Айманов десе көз алдымыздан бірнеше кинолардың ленталары тізбектеліп өте шығады. Ғасырға жуық уақыт өтсе де, заман ауысса да құндылығын жоймаған, елдің сұранысына ие болып жүрген «Тақиялы періште», «Атаманның ақыры», «Біздің сүйікті дәрігер», «Алдар көсе» атты фильмдерде Шәкен Аймановтың қолтаңбасы қалған. Әлі есімде, бала күнімізден теледидар алдына отыра қалып «Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы шығарған» деп басталатын фильмдерді қызыға көретініміз.
Шәкен Аймановтың киноға келу тарихы да өте қызық. Қазақ киноматографы 1938 жылы шыққан «Амангелді» фильмінен бастау алады десек, әйгілі актердің кино әлеміндегі алғашқы қадамы да осы «Амангелді» фильмінен бастау алған. Режиссер өз естелігінде: «Соғысқа дейінгі кезең. Киноға түсуге кино алаңына келдім. Бұл 1937 жыл болатын. Қастек ауылында Амангелді Иманов туралы фильм түсірілді. Режиссеры – М.Левин. Бір сағат қана тамашалауға келгем. Бірақ, кино алаңынан кете алмадым. Күні бойы осында жүрдім. Режиссерге келіп, өзіме рөл беруін өтініп едім, ол маған рөлдердің бәрі тарқатылып қойғанын, массовкада сарбаздың қатарында болуымды өтінді. Сарбаз болса, несі бар. Өзіме костюм дайындап, опа-далапты да өзім әзірледім. Сол күні мені түсіріп алды. Сол күннен бастап, менің киноға деген ерекше махаббатым оянды. Әрбір дүйсенбі күні кино түсіру алаңына келіп жүрдім. Қолымнан келген шаруаларды атқара беремін. «Алда тағы кино түсіретін болсам, саған міндетті түрде рөл беремін», – деп өз уәдесін берді М.Левин. Режиссер өз уәдесінде тұрды. Мұхтар Әуезовтің сценарийі бойынша түсірілген «Райхан» фильмінде Сәрсеннің рөліне бекітті. Осылайша, мен кино актер болдым», – деп жазады.
Тегінде өнер адамы өмірге келген күннен-ақ дараланып, тар шеңберге сыймай, таланты бойында бұлқынып, өзгелерден ерек болуға ұмтылады. Шәкен де бала күнінен шаруаға қыры жоқ, ойын-сауық, той-думан десе делебесі қозып, барған жерлерінде елді аузына қаратып жүрген. Ол әкесі Кенжетай мен жездесі Қали Байжановтың арқасында бойындағы дарынын, қабілетін ерте байқатады. Бала күнінде жақындары бір іске жұмсаса, ауырып қалған сыңай танытып, бойы жар бермей қояды екен. Осы қылығы үшін туыстары ұрысса, ауыл маңындағы Серкетас деген төбенің басына барып жылайды екен. Сонда әкесінің ағасы Аббас оны қорғап “Тиіспеңдер оған. Тегін жылап отырған жоқ. Өнер қысып жылап отыр” деп басқаларды жолатпаған көрінеді.
«Тақиялы періште» фильмінде Айша рөлін ойнаған актриса Шолпан Алтайбаева: «Шәкен Айманов – нағыз қазақ еді. «Менмін» деген әр қазақ дәл Шәкен Аймановтай болса ғой деп армандаймын. Мінезі қандай еді?! Шәкен Аймановтай актердің жанын түсініп, актерді ерекше сүйген режиссер көрген емеспін», – дейді. Расында, тағдыр Шәкен Аймановтың бір басына барлық дарынды үйіп-төгіп бере салғандай еді. Ән өнерінде «Жиырма бес» пен «Екі жиренді» Шәкендей ешкім орындай алған жоқ деседі. Оны өнерге алып келген де – ән. Өнер әлемінің есігін қақтырған да – ән. Ән болғанда да қандай ән. «Жиырма бес» пен «Екі жирен». Әйгілі «Атаманның ақыры» фильмінде «Жиырма бесті» орындаған Шәкен Аймановтың өзі болатын.
Осы деректердің нәтижесінде Шәкен Айманов түсірген әрбір фильм несімен құнды деген сұрақ туатыны заңды. Аймановты нағыз кино режиссер еткен өнерге деген адалдығы еді. Егер, Шәкен Айманов өнерді өзінен артық құрметтемегенде, өнерді өз баласынан артық сүймегенде, бұл фильмдер дүниеге келмес еді-ау. «Он бес жылда он фильм түсірдім. Өзімді әлі толыққанды кинорежиссермін деп айта алмаймын», – дейді. Бұл – өнерді шынайы сүйген жанның өзіне берген бағасы. Бір фильмі шықса, «жұлдыз» ауруымен ауыратындар үшін бұл үлкен сабақ болар еді. Әлемдік режиссерлар туралы мақтанып айтып жүргендер өзіміздегі барды неге бағалай білмейді екен?! Голливудтың, Болливудтың фильмдерімен шектесе алатын фильм түсіру үшін режиссерге Шәкен Аймановтың мектебінен өтсе, жетіп жатыр. Аймановта бар қасиеттерді бойына дарыта білсе бұл ел өнеріне үлкен мерей болмақ.
Жеңіскүл Байларова,
Еңбекші ауылдық кітапханасының кітапханашысы.