Ақпараттық портал

«Nauryz Той» – ерекше форматта өтті

Ой-өрісті дамытып, ділді бекітетін әрі ұлттық құндылықтарды ұрпақтарға мирас ететін дүние салт-дәстүріміз екені сөзсіз. Күнделікті тұрмыста көрініс табуы тиіс төл байлықтарымыз тек Наурыз мерекесінде ғана таныстырылатыны өкінішті. Десе де, сең қозғалып, жұртшылық шапан киіп, ұлттық спорт жаңа арнаға түсіп жатқанын айта кеткен жөн. Бұқараға жүктелген жауапкершіліктің бір шетін Шу қалалық
Жастар ресурстық орталығы арқалап жүргені бізді қуантады.
Әрдайым игі істердің басы-қасынан табылатын аудандық мәслихаттың су жаңа депутаты және шаһардың ЖРО директоры Мақсат Шәймерден әріптестерімен «Nauryz Той» іс-шарасын нақышына келтіріп ұйымдастырып берді. Ал бұл шараны өткізу бастамасы өңірдің мәдениет және өнер өкілдеріне тиесілі. Сондай-ақ идея авторы жас өнерпаз Мақсат Мақсұт екенін естеріңізге сала кетейік.
«Дәулет» мейрамханасында өткен шараның шымылдығын аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев жүрекжарды тілегімен ашып, жиналған қауымды құттықтады.Сонымен қатар кештің кілтипансыз ұйымдастырылғанына тәнті болып, тілеулестік танытты. Мұқым мұсылманға ардақты ораза кешіндегі шарада өнер саласының аға буын өкілдеріне Шу ауданы әкімі мен Шу қаласы әкімінің марапаттары табысталды.
Көптен бері көріспеген асаба, әнші, домбырашылар мен той төңірегінде жүрген жандар сабақтастықтың сақталғанына разы болып, жас толқынның қадамдарын құптап отырды. Әрі садақ ату, арқан тарту, қол күрестіру секілді жарыстарға белсене қатысып, мәре-сәре болды. Ән айтылып, күй шертілген шарада тағылымды әңгімелердің тиегі ағытылып, руханият турасында ой-пікірлер де айтылды.
Шараны ұйымдастырушылар мұраты игі кез келген идеяны жүзеге асырып, жүлде тігуге әзір екенін айтып отыр. Олар «Nauryz Той» думанын өткізуге қуана келісіп, құптаған. Бұған дейін де өрнекті шаралар өткізген қалалық ЖРО ұжымы түпкі мақсаттарын дәлелдеп келеді.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.