Көпірлердің құрылысы қатаң бақылауда болады
Егіс науқаны бастала салысымен шулық диқандар жер жыртып, дән сеуіп, қарбалас тірлікке кірісіп те кетті. Ендігі кезектегі ең маңызды міндет – шаруаларға ағын суды дер кезінде жеткізу. Сол себепті де ағымдағы аптада аудан әкімі Б.Жәнібеков аудандық мәслихаттың депутаты Айтмұхамбет Айтжанов, «Қазавтожол» компаниясының облысымыздағы өкілдері және мердігер компанияның басшылығымен бірге бірқатар көпірлердің құрылысын көріп шықты.
Жалпы, «Тасөткел» су қоймасынан бөлінетін магистралды каналдар мен Шу өзенінің бойындағы көпірлердің құрылысын вегетациялық кезең басталғанға дейін аяқтаудың маңызы өте зор. Өйткені, аталған каналдар арқылы Ескі Шу, Бірлікүстем, Алға, Жаңа жол, Жаңақоғам, Бірлік, Д.Қонаев, Қорағаты сынды бірқатар ауылдық округтің жүздеген шаруалары су алады. Бұл каналдардың құрылысы өткен жылы басталғанын айта кету керек. Қазіргі таңда олардың бірқатары аяқталуға жақын қалса, Шу өзенін кесіп өтетін көпірдің құрылысы енді басталмақ. Дегенмен Шу қаласынан 23 шақырым жерде орналасқан магистралды каналдағы көпірдің құрылысы едәуір маңызды болып отыр. 20 сәуірде вегетациялық кезеңнің басталатынын ескерсек, көпірдің құрылысы да сол уақытқа дейін аяқталып, шаруалар дер кезінде су алуы тиіс. Осыған байланысты, аудан әкімі жобаға жауапты мердігер «СкифСтрой» ЖШС-нің директоры Серік Нарымбетовке күштің бәрін дәл осы көпірге салып, екі ауысымда жұмыс істеуді және құрылыс қарқынын үдете түсу керектігін жеткізді.
Ал, жобаның техникалық қадағалаушысы «MSK» ЖШС-нің бас инженері Руслан Муканов құрылыстың дәл уақытында әрі сапалы орындалуы қатаң бақылауда болатынын айтты. Одан бөлек, Шу қаласының шыға берісіндегі каналдың да құрылысы өте өзекті болып отырғанын айта кеткен жөн. Аудан әкімі мұндағы жұмыстар толық аяқталмағанның өзінде шаруаларға ағын суды міндетті түрде жеткізу қажеттігін ескертті.
Өз кезегінде мердігер компания өкілдері көпірдің негізгі жұмыстары аяқталғанын, су беру үшін көпір маңындағы айналма жолдың құбырларын нығайту жұмыстары басталатынын атап өтті. Қазіргі таңда «Тасөткел» су қоймасына қажетті судың мөлшері жиналуда. Сол себепті де, аудан әкімі ағымдағы жылы ағын судан тапшылық болмайтынын айтты.
Ерғали Қартайған.