Хас батырдың ерлігі елге үлгі
Қазақтың салқам сахарасында
«Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деп елі мен жері үшін етігімен су кешіп жүріп, туған халқының ұлттық құндылықтарын, салт – дәстүрі мен тілін сонау қиын-қыстау кездерде жанұшыра, қызғыштай қорыған, бастары құлдықтың ноқтасына сыймай кеткен арыстарымыз аз емес. Соның ішінде ауыз толтырып айта кетерлік тұлға – Бауыржан Момышұлы.
Бауыржан Момышұлы – қазақтың әйгілі әскери қолбасшысы, Ұлы Отан соғысында даңқы шыққан стратег және тактик, жазушы, Кеңес Одағының Батыры. 1910 жылы 24 желтоқсанда Жамбыл облысы, Жуалы ауданында дүниеге келген ірі тұлға. Ерліктің символына, аты аңызға айналған қаһарман қолбасшы Бауыржан Момышұлының туғанына биыл – 114 жыл толып отыр.
Жайшылықта сабырлы, ал майданда аса қатал болған деседі. Бала кездегі “Шаң тимес” деген лақап атын біреу білсе, біреу білмес. Алғашқы еңбек жолын ұстаздықтан бастаған. 1928-1930 жылдары бастауыш мектепте сабақ берген. Әр саланы игеріп алып кететін ерекше қабілетінің арқасында Шымкент өнеркәсіп банкінің экономисі болып қызмет етті. Қаржылық сауаты бар Бауыржан әскери саланы да қатар алып жүрді.
Кенеттен басталған Ұлы Отан соғысына Алматы маңында жасақталған 316 атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанады. Майданда батальон, полк командирі қызметтерін атқарып, соғыстың соңғы жылдары генерал Панфилов атындағы 8 гвардиялық дивизияны басқарады. Б.Момышұлы Москва үшін шайқаста 207 рет ұрысқа кірісті. Өзінің қатаң ережелерін сақтату арқылы, қол астындағы адамдар арасында адалдық пен тәрбиелілікті жүргізе алды. Бала кезінен әжесінің әңгімесін тыңдап өскен Бауыржан сол тұжырымдарды өз өмірінде де қолданды. Ұлтым, халқым, жерім деп өз жанын қиюға дайын болған ұлы батырымыздың орны тарихта ерекше.
Батыр бейнесі, ерлігі туралы фильмдер түсіріліп, кітаптар жазылды, көптеген естеліктер айтылды. Бауыржан Момышұлы А.Бектің «Волоколамское шоссе» повесінің, жазушы Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» романының басты кейіпкері. Батырдың құрметіне әскери оқу орындарына, көшелерге, мектептерге аты беріліп, ескерткіштер қойылды. Ресейде де мектеп пен көшеге Б.Момышұлы аты берілген.
1945 жылдың 16 қаңтарында Алматыға келген Бауыржанды М.Әуезов, Қ.Сәтбаев сынды ғалымдар соғыс туралы әңгіме, дәріс өткізіп, кеңестер айтуға шақырды. Осы дәрістен соң Б.Момышұлының “Соғыс психологиясы” деген кітабы басылып шықты.
1956 жылы полковник атағымен отставкаға шыққан cоң, елге оралады. Елде біраз уақыт жұмыс табылмайды. Елге оралған соң “қорғаныс комиссариатына”, қазіргіше “министрлік басшылықтан” ойы болған. Алайда, елдегі науқаншылдық оған жол бермеді. Өмірбек Жолдасбеков Қазақ Ұлттық Университетінің әскери кафедрасына жұмысқа алмақ болады. Алайда оған да қарсылық болған көрінеді. Кейін бірыңғай шығармашылыққа келді. Еңбектерін қазақ тілімен қатар орыс тілінде де жазып, өмірде көрген-білгендерін шығармаларына арқау етті.
Бауыржан атамыз бірнеше ордендермен, медальдармен марапатталды. Кеңестер Одағының батыры атағын алды. Бауыржан Момышұлын халқы әрқашан «батырым» деп танып, құрметтеп келеді. Ол мәңгі қазақ жүрегінде қалатындай ерлік көрсетті. Адам өткінші, адамзат мәңгілік деген осы…
Ғылыми жетекші: доцент Фатима Қозыбақова.
Ақниет Бодаубек,
Қазақ ұлттық университеті қазақ филологиясы мамандығының 1 курс студенті.