Ақпараттық портал

Рамазан рәуіші

Ықылымнан Ислам дінін ұстанған қазақ халқы үшін Рамазан айының орны бөлек. Біз ес білгелі солай болып келеді. Сондықтан он екі айдың сұлтанын ұзатып салар уақытта ойымдағыны оқырманға жеткізсем деп едім.

Еліміздің тәуелсіздік алғанына үш жылдай болған тұста Алға ұжымшары тарап, орнына Амангелді кооперативі құрылып жатқан шақ. Онымен қоса жаппай жекешелендіру жұмыстары да екпін алған кез. Бірде орталық кеңседен үйді бетке алып келе жатыр едім, көшеден Күлғайша атты үлкен шешем кездесе кетті.
-Балам, сені кездестіре алмай жүргеніме біраз болды. Үйге жүр, қымыз іш,-деді кейуана.
Сол жылдары біздің ауылда бие сауатын үйлер сирек-тін. Көпшілік қымызын мақтап жататын үйге мен де кіру бақытына ие болдым. Апам шарада тұрған қымызды сапыра бастағанда отырған орнымыз қымыздың хош иісіне бөлене берді. Ұзақтан бері қымыз ішпегендіктен, әуелгі кесені бөліп іштім. Кейінгі кесені құйып жатып ауыл анасы:
-Қарағым, сен биыл ораза ұстапсың, жұма сайын қаладағы мешітке барады екенсің, оразаң қабыл болсын!,- деді.
– Ой, апа әр мұсылманның құдай алдындағы парызы емес пе?,-дедім.
-Қазіргі кезде кім құдайдың парызына қарызбын деп жүр?- деп апам біраз кідіріп тұрып, ойын қайта жалғады:
-Саған ескі басқарма жәкем туралы бір әңгіме айтқалы жүр едім, бүгін соның реті келген сыңайлы,-деді апам.
Апамның әңгімесіне арқау болған ескі басқарма жәкем дегені Амангелді колхозы (қазіргі Алға ауылдық округын) 1938-1950 жылдары басқарған Жамансарт Әжібайұлы болатын. Ескінің есті адамы туралы апам ерекше шабытпен әңгімелеп, бұрын-соңды айтылмаған дүниені маған сеніп айтып отырғанын меңзеді.
-Менің әкемнің туған ағасы сол жылдары Шу ауданында ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруден және өткізуден бірінші орынды бермеген. Облыс және республика көлемінде алдыңғы қатарда болған,-деп өзінің әңгімесін апам баппен бастады.
-Бұл оқиға 1942 жылдың шілде айының бас кезі болатын. Соғыстың қызып тұрған шағында Кеңес әскері шегінумен келе жатқан. Халықта үміттен гөрі үрей басым. Соғыстың қалай аяқталары белгісіз. Біздің колхоз Жетімая, Бозжота деген жерлерге бидай, қызылша, мақта дақылдарын еккен. Еңбекке жарамды жігіттердің бәрі майданға аттанып, ауылда кемпір-шал, бала-шаға, қыз-келіншектер ғана қалған. Маусым айында қасиетті Рамазан айы келді. Денсаулығы жарамды қарттар намаздарын жасырын оқып, оразаларын тұтып жатты. Кеңес өкіметі дінге қарсы еді ғой. Бірде күндегі әдетіміз бойынша таңертең кеңсенің қасында арбаға заттарымызды тиеп жатыр едік, кенет қарауыл шал шауып келіп “Құрыдық, құрыдық, егістіктің қасына көк қасқа шегірткелер топ-тобымен ұшып келіп жатыр. Шабындықты басып қалды” деген хабарды жеткізді. Мұны естіп бәріміз абдырап қалдық.
Айқайды естіп басқарма жәкем кеңседен атып шығып қарауыл шалдан қайталап сұрап жатты. Мән-жайды білген соң ол бізге бұрылып «Даурықпаңдар, сабыр етіңдер, жұмыстарыңа бара беріңдер. Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады деген осы екен ғой» деді де атына қонып, егістікке қарай шаба жөнелді. Соңынан бригадир мен қарауыл шал да ілесті. Біз де егістік басына жеткенде басқарма Жәкем осы оқиғаны хабарлауға кетіпті.
Алла тағаланың жақсылығын қарашы, егіс алқабы жолдың сол жағында еді, ал көк қасқа шегірткелер оң жақтағы шабындыққа түскен. Олар жай шегірткеден әжептеуір үлкен екен. Көк шөпті жапырып жеп жатыр, тіпті қытырлатып жеген дыбыстары да естіледі. Түстен кейін басқарма жәкем бригадир екеуі біраз сөйлескен соң кетіп қалды. Бригадир менің қасыма келіп, қасыма екі келіншек ертіп соңынан еруді тапсырды. Сөйтіп өзі бір төбешік жерге барып тұрды. Аз уақыттан соң үшеуміз қасына бардық.
“Бұл бастықтың тапсырмасы. Сәлден соң осында арба келеді. Үстінде киіз үй, қой мен ұн бар, киіз үйді осында тігесіңдер деп бұйырды. Арбакеш баламен бірге тағы ересек бала келеді. Солар қойды сояды. Ал кешке он шақты қарияға ауызашар бересіңдер. Арба сендермен бірге болады. Керек-жарақтарыңды ауылдан алдырасыңдар. Қариялардың бәріне хабар айтылған. Кешке бастық та, мен де болмаймын. Оны өздерің түсінетін шығарсыңдар, қарақтарым. Барлығын өздеріңе табыстадым” деп ауылға қарай жүріп кетті.
Үш жігіт арбаға тола жүкті алып келіп түсіре бастады. Бірінші кезекте үйді тігіп алдық та сонымен ауызашарға қызу кірісіп кеттік. Сәлден соң қой сойылды, бауырсақ пісірілді. Зыр жүгіріп жүріп күн батар кезге дайындық толық аяқталды. Көп кешікпей қариялар біртіндеп келе бастады.
Кеңес үкіметі дінге қанша қиянат жасаса да ауылда молдалар бар еді. Көбісі Бұқарадағы «Көкілташ» медресесін бітірген. Ауызашарға Бұтабай, Шалбай, Пірімберді есімді молдалар бірі атқа, бірі есекке мініп келді.
Азан шақырылып, шам намазы оқылып біткен соң қариялар дастарқанға жайғасты. Біз аяғымыздан тік тұрып қарияларға қызмет көрсеттік. Таң намазына дейін қариялар ұйықтамай кезек-кезек құран оқыды, құптан, тарауық намаздарын оқыды. Арасында біздер де қарияларды тамақтандырып отырдық. Таң намазының уақытында азан шақырылды. Сәлде ораған бір ата алдыға шығып таң намазына имамдық етті. Намаз оқылып, екі жаққа сәлем берілді. Алдыда отырған ата бата беріп, намазды тәмамдаған кезде гүрілдеген дыбыстар шыға бастады. Бір уақытта бәріміз аң-таң болып, аталарға таңырқай қарадық. Ақсақалдар отырған жерінде Аллаға мадақ сөздерін айтып жатты. Сөйтсек, гүрілдеп ұшып жатқан шегірткелер екен. Қуанышымызда шек жоқ. Қариялар да бірін-бірі қуаныштан құшақтап жатыр. Қасымдағы екі келіншек бір-бірін құшақтағанын көрдім. «Аталар шегірткені жеңді, аталар шегірткені жеңді, енді немістерді жеңеміз» десті екеуі. Аталардың өздеріне қарап қалғандарын сезіп, екеуі ұялғандарынан отыра қалып бастарындағы орамалдарының ұшымен көз жастарын сүртіп жатты. Бір қария “Айтқандарың келсін, құдай тілеулеріңді берсін!” деп батасын берді. Келіншектерді де түсінуге болады, екеуінің де күйеулерінен қан майданнан көптен бері хат келмегендіктен іштеріндегі құсасын шығарғысы келген шығар.
Аталар шегіртке жайлаған шабындықты көру үшін солай қарай жүрді. Біз де аталардың соңынан барғанымызда жылан жалағандай тап-тақыр жерді көріп қайран қалыстық. Аталар бір-біріне қарап, «егінге түскенде не болар еді?» деп жатты. Молда атамыз қолын жайып, “Құдіреті күшті Аллам, халқымызды қайғы-қасіреттен пәле-жаладан, сыртқы жаудан, ішкі даудан сақтай гөр! Е, Аллам жауды күйретіп, азаматтарымыз аман-есен оралып, еліме бейбіт өмір бер!” деп бетін сипады. Бұған баршамыз “әумин” дестік. Бірақ, қуанышымыз ұзаққа созылмады. Ауыл жақтан тайға мінген бір бала шауып келіп “Аталар, басқарма атамызды ауданнан екі адам келіп алып кетті. Біреуі милиционер” деді.
«Құдайдан безген бір сұмырай ауызашарды ауданға хабарлаған екен ғой десіп жатты» аталар. Бір-бірімен күбірлесіп, бесеуі ауданға баратын болды. «Сіздер бармай-ақ қойыңыздар, молда көрсе Әзірейіл періште көргендей болады» деді де үшеуі атқа мінді. Екеуі үзеңгінің таралғысынан ұстап тіке ауданға қарай суыт жүріп кетті. Аталарымыздың ішінде алпысты алқымдағаны да, одан асқандары да бар еді. Барлығының бойлары ұзын, өр тұлғалы әрі тың еді. Дегенмен жауынгер қыпшақтардың ұрпағы емес пе?!
Аудандағы белсенділер жиналып, жәкемді ортаға алып жатқан көрінеді. Бірі партиядан шығару керек десе, біреуі жұмыстан алу керек, енді біреуі соттау керек деп қызыл кеңірдек болып жатқанда бес қария ештеңеге қарамай кіріп барған екен. Олар еңгезердей қарияларды көріп орындарынан қалай атып тұрғандарын байқамай қалыпты. Олардың арасында ұзын Шінәлі деген атамыз кірген бетте «Жау жағадан алып, қырып-жойып келе жатыр, ал сендер мұнда дауласып жатырсыңдар. Жамансарттың ауызашарға еш қатысы жоқ. Керек десең, ол білген де жоқ. Ұйымдастырған мына біздер, қамайсыңдар ма, соттайсыңдар ма ерік өздеріңде. Таң ата шегірткелер ұшып кетті» деген кезде барлығы бір-біріне қарап қалыпты.
Біреуі “Қайда ұшып кетіпті?” деп қалғанда атамыз “Маған ештеңе деп айтқан жок оның тілін түсінетін Сүлеймен патша емеспін. Жамансартты босатыңдар, оның жұмысы көп, майданға азық-түлік, киім-кешек дайындауы керек. Аш-жалаңаш солдаттар қайтіп жеңіске жетеді?” деп қысқасынан қайырыпты. Осылайша барған кісілер басқарма жәкемді орталарына алып аман-есен ауылға қайтыпты. Қариялардан қалған сарқыт тамақты алдымызға ала бергенде ертеңгісін келген бала тұра жөнеліп, жақсы хабарды жеткізуге кетті.
Міне, осылайша басқарма аталары келгенін, ауылдастары қалай қуанғанын маған апам тәптіштеп тұрып айтып берді. “Өткен күнде белгі бар” демекші, Ораза айында осындай естеліктер ойға оралып, кейінгілерге үлгі болсын деген ниетпен жазып отырмын.
Рыспай Райсов,
Алға ауылдық округі ардагерлер
кеңесінің төрағасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.