Ақпараттық портал

Ватикан музейіндегі қазақ қобызы

Қазақтың ұлттық музыкалық аспабы қобызға ұқсас аспаптар әлемнің көптеген елінде бар. Алайда Қорқыт бабаның шер-зарын жетер жеріне жеткізген қасиетті қобыздың жөні қашанда бөлек. Қайбір жылы Әулиеата төрінде дәстүрлі республикалық «Жезкиік» қобызшылар байқауы өтпей қала жаздады.
Сол кезде «кәсіби қобызшылар да қызыл кітапқа еніпті ғой» деп қапа болған едік. Олай емес екен…
Кез келген музыкалық аспапты көз сүйсінетіндей етіп жасауға болады. Әйткенмен, одан шығатын әуеннің үнін сезініп істеу екінің бірінің қолынан келмесі анық.
Шеберде де шебер бар.
Ұзақ жылдар бойы қазақтың қобызын жасап жүрген Қанат Қазақбаевтың жөні бөлек. Ол өз ісіне асқан адалдықпен қарайды. Содан да болса керек, Қанекеңе тапсырыс беретіндердің қарасы сиреген емес.

Ел ішінде «Қанаттың қолынан шыққан қобыз Ватикан мемлекеттік музейіндегі Қорқыт бабамыздың кітабының жанында тұр» деген әңгіме жиі айтылады. Аудан орталығында тұратын шебер жасаған туынды расында да кәрі құрлық асты ма, әлде бұл ел арасында тарап кеткен қауесет пе? Өзінен сұрап білдік.
«Төрткүл дүниеде екі-ақ данасы бар «Қорқыт дада» деген аса құнды кітап бар екен. Оның түпнұсқасы Ватикан мемлекеттік музейінде тұрса, екіншісі Германияның Дрезден қаласындағы музейге қойылған деседі білетіндер.
2001 жылы Рим Папасы Иоанн Павел ІІ арнайы іссапармен елімізге келгенде, сол кездегі Еуразия ұлттық университетінің ректоры болған мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков Ватикандағы Қорқыт бабамыздың кітабының жанында ұлттық аспабымыз қобыз тұрсын деген ұсыныс жасап, белгілі дін қайраткеріне ұлттық аспапты сыйлады. Сол қобызды жасау үшін маған тапсырыс берген болатын. Бұл әрине ерекше бір сәт қой» – дейді ол.
Шебердің шағын бөлмелі шеберханасында ұлттық аспабымыздың әлденеше түрі қаз-қатар ілініп тұрады. Жарым-жартылай істелген жұмысына өзі де бір айрықша махаббатпен қарайтын секілді. Көзқарасынан өз ісіне деген адалдық пен махаббат айқын көрінеді. Ең бастысы ол ұлттық аспаптың құдіретін түсінеді.
Кейіпкеріміз Алматыдағы Гоголь атындағы көркемсурет училищесін 1982 жылы тәмамдаған екен. Қазақтың ұлттық музыкалық мұрасын қазіргі заман ағымына лайықтап өңдеп, халықаралық деңгейде насихаттаған белгілі қобызшы, республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпазы Әлқуат Қазақбаев Қанекеңнің туған інісі. Шебердің айтуынша, ұзақ жылдар бұрын бауыры Әлқуат республикалық музыкалық мектеп-интернатында 4 сыныпта білім алып жүріп, демалыс кезінде үйіне құрама қобыз алып келген. Қанекеңнің сол сәттен бастап, қобызға деген аңсары ауып, жан-жақты зерделей түскен.
Ширек ғасырдан астам уақыт бұрын қолына алғаш рет қобыз ұстаған Қанат Қазақбаев құрал-жабдықпен жұмыс істеуге, түйенің терісін қалай өңдеу керектігіне ден қойып, қазақы қобызды жасауға машықтана бастайды. Бұл жұмысқа ол асқан махаббатпен кіріседі. Қанат шебердің өткенді зерделеп, ұлттық аспаптарды ұлықтаудан құралақан емес екендігін осыдан-ақ аңғаруға болады.
Дерекке сенсек, 2014 жылдың тамызында археолог Зейнолла Самашев бастаған топ Шығыс Қазақстан облысының аумағында қазба жұмыстарын жүргізіп, ықылым заманда жерленген жауынгердің орнын тауып, олжалы болыпты. Мамандар батыр шамамен VII ғасырда ғұмыр кешкен деген байлам жасапты. Археологиялық қазба жұмыстары барысында үлкен олжаға кенелген мамандар жауынгердің қару-жарағынан бөлек беймәлім бір аспап тауыпты. Пішіні бөлектеу аспапты олар әбден зерттеп көрген көрінеді. Нәтижесінде ғалымдар аспаптың сарбаздарды рухтандыратын қуаты бар екенін айқындапты. Ал сыртқы пішінін ұлттық аспабымыз қобызға ұқсатқан екен…
– Ол кезде Халықаралық Түркі Академиясының президенті қызметін Дархан қыдырәлі бауырымыз атқаратын. Археолог Зейнолла Смашев және бір топ ғалымдар аспап әбден ескіргендіктен, оны бүтіндей алмай, қағазға түсірген. Одан кейін маған хабарласып, суретіне қарап осы аспапты жасауға тапсырыс берді.
Оның қағазға түскен көлемін өлшеп, оған кәдімгі қазақтың қара қобызына салынатын жылқының құйрық қылы мен түйенің терісін салып, бас-аяғы екі айдың айналасында қобызды жасап шықтым. Бұрынғы заманда бақсылар қобызға бұғының тарамысын тартқан деген дерек бар. Оны да байқап көргім келген еді. Алайда ысып алатын адамды табу қиынға соқты. Жұмыс толығымен аяқталған соң, көлемі шағын ғана жауынгердің аспабын тартып көрген ғалымдар оның үніне таңғалып, қобыздың атасы деп бағалапты.
Одан соң Дархан Қыдырәлі осындай қобыздың бес данасына тапсырыс берді. Қазір өзімде бір данасы сақтаулы. Ал еліміз бойынша бұл қобыздың жеті данасы ғана бар, – дейді ол.
Қобыздың сыртқы пішінінің өзі көз сүйсінтеді. Ал аспаптан шыққан тылсым үн сонау бір ғасырларға сапар шектіреді. Жүрегіңді бір беймәлім мұң қозғап жібереді. Үстіңгі бөлігіне тартылған жылқы қылы мен төменгі жағындағы өңделген түйе терісін асықпай-аптықпай әдіптеген шебер өз жұмысын өте ұқыпты, тиянақты атқаратыны тайға таңба басқандай аңғарылып тұр. Шебер бұл туындыны өзіне дейін де, өзінен кейін де ешкім жасамағанын айтады.
Қырық жылға жетеғабыл уақыттан бері қобыз жасауды кәсібіне айналдырған Қанекеңнің айтуынша, қобыздан шығатын үн таңдалып алынған ағаш пен жылқы қылына байланысты көрінеді.
«Қобыз аспабының екі түрі болады. Алғашқысы – қазіргі кезде қолданыста жүрген музыканттардың қолындағы қобыз болса, екіншісі кезінде бақсылардың ойнаған нар қобызы. Бұлар тұтас ағаштан шабылып істеледі.
Ағашты әр шебер өзінің туған жерінің табиғатына, ыңғайына қарай таңдайды. Мен Шу өзені бойында көп өсетін жиде ағашын пайдаланамын. Одан бөлек, үйеңкі ағашымен де жасаймын. Қобыздың төменгі жағы түйенің терісімен қапталса, ішектері 5-6 жасар айғырдың құйрық қылынан жасалады. Ағашты ойғаннан соң, оны екі сағат тұзға қайнатып, содан кейін барып ағаштың бойындағы ылғал мен майды сіңіріп алу үшін сексеуілдің шоғынан қалған күлге салып, 3-5 күн аралығында кебуіне қарай ұстаймын. Содан кейін ғана әрлеу жұмыстары басталады.
Бір жылдары қылқобыз дегенді ешкім қолға ұстамай, құрып бара жатыр еді. Қазір Аллаға шүкіршілік, ұлттық аспаптарға деген сұраныс жақсарды. Бір қобызды жасау 15-20 күнді қажет етеді. Бүгінгі күнге дейін жүздеген қобыз жасаппын. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұжымы тұрақты тұтынушыларыма айналған еді», дейді шебердің өзі.
Шебердің айтуынша, қобыздың құны әртүрлі екен. Ал ең қымбат туындасын 400 мың теңгеге өткеріпті.
Қанат Қазақбаевтың жеткен жетістігі де аз емес. Ол 2006 жылы өткен І-ші республикалық «Дана қобыз» атты ұлттық музыкалық аспап қылқобыз жасаушы шеберлер арасындағы байқауда топ жарған. Содан болса керек, Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіровтың әдеби-мемориалды музейіндегі баға жетпес қазынаға айналған Молықбай Байсақұлының ежелгі қобызын қайта өңдеу Қанатқа тапсырылған.
Ілияс Жансүгіров 1930 жылдардың басында Жетісу даласының атақты қобызшысы, үш ішекті домбыраны жетік меңгерген Молықбайға арнап «Күйші» поэмасын жазғаны баршамызға мәлім. Атадан балаға мирас болып келген поэма кейіпкерінің осы киелі қобызын Шу жерінде өңдеп, қайта қалпына келтіріп, оны Молықбай Байсақұлының 150 жылдығына арналған республикалық ғылыми-танымдық конференцияға дайындаған жерлесіміздің еңбегі орасан зор.

Ерғали Қартайған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.