Ақпараттық портал

Заман мұңы театр тілінде түсіндірілді

Қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі – лудомания, буллинг, әлімжеттік пен зорлық-зомбылық, жастар арасындағы жанжал. Мемлекет басшысының заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету туралы тапсырмасына сәйкес аталмыш келеңсіздіктердің алдын алу бойынша нақты жұмыстар қолға алынуда. Профилактикалық жұмыстар өз нәтижесін берері сөзсіз. Алайда, өмірдің өзін көрсететін өнер тілі арқылы ұғындырудың жөні бөлек.
Бұлай дейтініміз, Шу қалалық мәдениет үйінің «Шу қаған» халықтық театры қоғамдағы түйткілдерді топтастырып, «Қоғам дерті» атты қойылымды мектептерде ұсынып жүр. Қала әкімшілігі мен қалалық Жастар ресурстық орталығы мұрындық болған спектакльде жасөспірімдер мен жастар жиі ұшырасып жүрген дүниелердің нақты дидарын жас көрерменге көрсетуде.
Қойылымда өгей әкейдің құқайын көрген бойжеткеннің шарасыздығы, қарыз бен қиыншылық қамытын киген әке, оқу орнында әлімжеттік көрген жас өреннің тағдыры шебер сомдалып, көрерменнің оймақтай ой түюіне түрткі болды.
Шу қаласындағы №40 мектеп-лицейінде, С.Сейфуллин және А.Макаренко атындағы орта мектептерінің сахнасында қойылған спектакльде көзіне жас алған көрермен аз болмады. Демек режиссер мен актерлардың маңдай тері ақталды. Ал ұйымдастырушылар діттеген мақсаттарына қол жеткізді.
Әрбір қойылым соңында шара қонақтары сөз алып, алған әсерлері мен кеңестерін ортаға салды. Олардың қатарында Шу ауданы әкімінің орынбасары Н.Сұлтанбаев, ішкі саясат бөлімінің басшысы Т.Дүрманов, Шу қаласы әкімінің орынбасары Б.Төлендиев, аудандық мәслихат депутаты М.Шәймерден бар.
Шу қалалық Жастар ресурстық орталығы директорының айтуынша, өскелең ұрпаққа қоғамның күрделі құбылыстарын сөзден көрі, осындай қойылымдар ашып көрсете алады. Сондықтан спектакль алдағы уақытта Шу қаласындағы барлық мектептің сахналарында қойылмақ. Атап айтқанда, әр аптаның сәрсенбі, бейсенбі мен жұмасында гастроль ұйымдастырылады.
– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың баршамызға жүктеп отырған Заң мен тәртіп қағидаты аса маңызды міндет. Оны жастарға түсіндіру, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында кездесуден бөлек, жастармен театр тілінде сырласқанды жөн көрдік. Қала әкімінің қолдауымен және мәдениет үйінің өнерпаздарының жүзеге асыруымен бүгінге дейін 3 мектепте қойылым көрсетілді. Көрермен қауым өздерінің оң бағасын берді. Алдағы уақытта спектакль шаһардағы барлық оқу ошақтарына ұсынылады, – дейді Мақсат Болатқұлұлы.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.