Ақпараттық портал

«Тазалық ең алдымен өзімізден басталуы тиіс»

Күн жылып, көктем шыға салысымен өңірімізде елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық айлығы басталатыны белгілі. Осы екі айлықта қала мен ауылдағы ағайын жұрт болып жұмылып, төңіректі қоқыстан тазартуға кірісетінін де жыл сайын көріп жүрміз. Алайда, бүгінгі күні бұл үрдістің саябырсып қалғаны өкінішті. Өкініштісі сол, аудан орталығы мен Шу қаласының қай тұсына бас сұқсаңыз да қоқыстың неше түрі аткөпір болып тұр. Тіпті, күл-қоқысын үйінің іргесіне төгетін тұрғындарды да көз көріп жүр. Сайып келгенде бұл біздің әлі де болса экологиялық сауатымыздың төмендігінен деуге болады.

Осыған байланысты, аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков аудан орталығы саналатын Төле би ауылын аралап, қоқысқа қатысты мәселені көзбен көрді. Шынын айту керек, 20 мыңға жуық тұрғыны, 100-ге жуық үлкенді-кішілі көшесі бар Төле би ауылын аралағанда мұндағы ахуалдың тым нашар екендігіне көз жеткіздік. Өз кезегінде аудан басшысы ауыл-аймақтағы, әсіресе аудан орталығындағы тазалыққа көңілі толмайтынын жеткізді.
– Біз бұған дейін арнайы техника бөліп, елді мекендерді мейлінше тазартуға тырыстық, тіпті тазалыққа арналған акцияларды, түрлі жарыстарды да ұйымдастырдық. Алайда, нәтиже көңіл көншітпейді. Бұның бәрі ең алдымен ауыл әкімінің осы жұмыстарға жауапты орынбасарларының салғырттығынан екенін байқауға болады. Жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастыра алмаудың жемісін енді көріп отырмыз. Сол себепті де ауылдық округтің әкімі тазалыққа жауапты қызметкерлердің жауапкершілігіне қатаң түрде қарауы тиіс. Дейтұрғанмен, жергілікті атқарушы билік, қоғамдық жұмысшылар, жауапты мекеменің техникалары қанша жерден қоқысты тазартқанымен, бұл іске тұрғындардың өзі мүдделі болмаса нәтиже шығару қиын екенін айта кеткен жөн. Сондықтан да тазалық ең алдымен өзімізден басталуы тиіс, – деді Б.Оразалыұлы.
Сонымен бірге, елді мекенді аралау барысында бейнебақылау камераларының қажетті орындарға орнатылмағанын, соның салдарынан заңсыз қоқыс төгу фактілері де анықталмай отырғанын байқадық. Бұл ретте аудан басшысы ауыл әкіміне камераларды тиісті жерге орнату, қоқысты заңсыз төккендерді әлеуметтік желіде жариялау, қажет болса қоқыс жиі төгілетін орындарға кезекшілік ұйымдастыру бойынша тапсырма берді. Оған қоса, учаскелік полиция қызметкерлеріне әр көшені жеке-жеке аралау, кәсіпкерлік нысандарының иелеріне де өз ауласын таза ұстау бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажеттігі айтылды.
Рас, жауапты мекеме мен қоғамдық жұмысшылар әр күн сайын өздеріне бекітілген аумақты қоқыстан тазартып-ақ келеді. Десе де, туған өлкемізді қоқыстан тазартуға жергілікті тұрғындар да атсалыспаса, атқарылып жатқан жұмыстан еш нәтиже шықпайды. Сол себепті де аудан азаматтарынан қоғамдық қызметкерлердің еңбегіне құрметпен қарап, қала мен ауыл-аймақты қоқыстан тазартуда қалыс қалмауға шақырамыз.

Ерғали Қартайған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.