Жұмыс қорытындысы қаралды
Қоғамдық кеңестің қуатты институтқа айналғанына біраз уақыттың жүзі болды. Олар күн тәртібіне ілінген мәселелерді талқыға салып, талайларды сын тезіне алғанына куәміз. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшылары да қоғамдық кеңес алдында есеп беріп, жыл ішінде жасалған жұмыстарды жария етеді.
Жуырда сондай маңызды мәжілістің бірі Шу ауданы әкімі аппаратының қабырғасында өткен болатын. Аталған жиында алғашқы болып аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков өңірдің өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.
Аудан әкімінің сөзіне сенсек, былтыр өңір толайым табыстарға қол жеткізіп, бірқатар мәселелер өз жүйесін тапқан. Б.Жәнібеков қоғамдық кеңес назарына былтыр ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасқанын жеткізді. Мәселен, өнеркәсіпте өндірілген өнім көлемі – 24,4 млрд.теңгені құраса, асыраушы саладағы өнім көлемі – 116,5 млрд. теңгеге жеткен. Сондай-ақ ауданға тартылған инвестиция көлемі – 67,2 млрд теңге болса, құрылыс жұмыстарындағы табыс – 57,3 млрд. теңгені құраған. Тұрғын үй көлемі де 36257 шаршы метрге жетіп, сауда айналымы 23,4 млрд. теңгеге тұрақтап отыр.
– Жайылымдық жерлердің пайдалануына зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 93,8 мың га жайылым жер жетіспейтіндігі анықталды. Мәселені шешу үшін бірқатар жұмыстар жүргізілді. Елді мекеннің жайылым жерлерін ұлғайту бойынша аудандық босалқы жер қорынан қосымша 98,3 мың гектар жайылымдық жер учаскелері ауылдық округтерге бекітіліп берілді. Одан бөлек, жыл басынан бастап жалпы мемлекет меншігіне 23 475,16 гектар жер қайтарылды,-деді Бақытжан Оразалыұлы өзінің баяндамасында.
Осы және өзге де жұмыстарды жіпке тізген аудан басшысы кеңес мүшелерін келер жылға дейін Шу ауданында ауыз су мәселесі толығымен шешімін табады деп сендірді. Қоғамдық кеңес мүшелеріне жүзеге асқан жұмыстардан бөлек, шешімін күткен мәселелер мен еншіміздегі жылға жоспарланып отырған ауқымды жұмыстардың жайы да баян етілді. Есепті мұқият тыңдаған қоғамдық кеңес мүшелері аудан әкімінің жұмысына оң бағасын беріп, өздерін толғандырған сауалдарына тиісті жауаптарын алды.
Мұнан кейін мінбеге аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Дамира Ақылбекова көтеріліп, ауданның тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін бөлінген қаржылардың қайда жұмсалып, қалай үнемделгені туралы ақпаратты қоғамдық кеңес назарына ұсынды.
Дамира Әскерқызының айтуынша, 2023 жылы жергілікті бюджет есебінен көтерме жәрдемақы алу үшін 37 маманға 12 665,0 мың теңге төленген. Оның 21-і білім беру, 8 денсаулық сақтау, 1 мәдениет, 2 спорт, 3 агроөнеркәсіптік кешен, 2 мемлекеттік қызмет саласына еңбек етуге келген жас мамандарға берілген. Одан бөлек, республикалық бюджет есебінен тұрғын үй сатып алу үшін немесе салу үшін 30 маманға 155 250,0 мың теңге қаражат сомасында бюджеттік несие мақұлданған.
Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасатынын айтқан бас экономист қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан қойылған сұрақтарға тұщымды жауап қайырды.
Байжан Емберді.