Бірлікпен бәрін еңсереміз!
Дана халқымыз көктем мезгілі келгенде “жер ана бусанып, Самарқанның көк тасы еріп” деген тіркестерді тегін айтпаған. Қыстай жауған қардан жердің тоңы жібіп, еріген қардың суынан, төпелеп жауған жаңбырдан су арналарынан тасып, Қазақстанның кейбір аймақтарында су тасқыны болып жатыр. Шырт ұйқыда жатқан халқымыз бір-ақ түнде су тасқынының зардабын көріп, мазасы қашты. Жойқын апат үй-жайларды басып қалып, төрт түлігіміз арыны қатты тасқыннан суға ағып жатқанын жаңалықтардан көріп, қазақстандықтардың ет жүрегі езіліп, қабырғасы қайысты.
Біздің мемлекет қана емес әлем елдері табиғи және техногендік апаттар дәуіріне аяқ басқанымызды дабыл қағып айтуда. Табиғаттағы тосыннан келетін су тасқыны, сел, өрт, зілзала сынды апаттар айтып келмейді.
Көреген халқымыз талай нәубетті, қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткеріп, бірліктің арқасында бәрін жеңіп келеді. Дана Абай “Біріңді қазақ бірің дос көрмесең істің бәрі бос” демекші, қысыл-таяң шақта бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұдырықтай жұмылуымыз керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты үндеуінде “Жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қалпына келтіреміз. Ең бастысы – азаматтардың амандығы.
Тасқын судан зардап шеккен азаматтарға айтарым, мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды. Баршаңызға қаржылық және басқа да көмек беріледі. Материалдық шығындар толық өтеледі” деп атап өтті.
Сондықтан да осындай күрделі кезеңде бір-бірімізге демеу болып, күдік пен үрейде отырған елімізге қолдау көрсетейік. Осындайда жығылғанға жұдырық жаудыратын, ел іргесін сөгуге бекінетін іріткі салушылар мен арандатушылардың жетегіне ілесіп кетпей, ел болып қиындықты еңсерейік!
Осындайда ел Президентінің “Бір халық, Бір ел, Бір тағдыр” саясатын ұстанған-аса маңызды. «Бір халық» бұл барлық қазақстандықтар үшін ортақ ұлттық мүдделер деген сөз. «Бір ел» бұл барлығымыздың Отанымыз ортақ екенін білдіреді. Ал, «Бір тағдыр» бұл – бірге жүріп өткен қиындықтар мен жеңіс жолдары. Міне, осы үш ұғымды ұштастырудың да зор мәні бар.
“Кең пейілді кемімес” деген даналықты ұстанған халқымыз, татулықтың талбесігінде тербелген текті еліміз талай қиын-қыстау кезеңдерді еңсеріп, жеңіп шыққан. Бұл қиындықты да жеңетініміз сөзсіз. Біз біргеміз!
Тұрар Дүрманов,
аудандық білім бөлімінің басшысы.