Ақпараттық портал

Мемлекеттік тіл – кәсіпкерлік саласында

Тәуелсіздіктің негізгі тірегінің бірі – ұлттың тілі. Тілде бүкіл тіршілік тұрғандай. Тілдің тағдыры – баршамыздың қолымызда. Тілге деген құрмет-халыққа, елге деген құрмет. Демек, әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді құрмет тұта отырып, әлем таныған ел болуымыз үшін ана тіліміздің жұлдызын әр салада жарқыратуымыз керек. Бұл біздің – басты парызымыз!
Бұл мақаланы жазуға бүгіндегі кәсіпкерлік саласында мемлекеттік тілдің қолдану аясы түрткі болды. Жалпы кәсіпкерлік еңбектің басқа түрінен оқшауланып тұрады. Өз еңбегі мен талантын ұйымдастыра білген кәсіпкер болады деген сөз бар. Кәсіпкерлікке ұмтылған адамда жоғары белсенділік, инновациялық ойлау, нарық жаңалықтарын игеруге жылдам икемделу, нарықтың өзгермелі талаптарына сәйкес экономикалық білімін жетілдіріп, ақпараттардан тыс қалмау, кәсіпкерліктің бастапқы кезеңінде талап етілетін қатаң еңбек және психологиялық ауыртпалықтарға төзе білу, тәуекелге бас тігуге бейімділік секілді қасиеттерді, сонымен қатар тілді жақсы меңгеруді қажет етеді. Кәсіпкерлердің тағы бір маңызды атқаратын жұмысының бірі – өз ісін жарнамалау, көрнекі ақпараттарды мейлінше қолдану екендігі де белгілі. Бүгінгі күнде халыққа тұрмыстық қызмет көрсету орындарында көрнекі ақпараттарды қолдану мемлекетіміздің «Тіл туралы» Заңына сәйкес келмейтін жағдайда жүргізілуде. Олай дейтініміз, кәсіпкерлер жарнамасын ресми тілде жазуға құмар, себебі жұмысын дөңгелету үшін «ең түсінікті тіл» деп қате пікір қалыптасқан. Осыған орай, көрнекі ақпараттарға зерделеу жүргізіліп, кәсіпкерлерге түсіндірме жұмыстары ұйымдастырылады. Дейтұрғанымен, кәсіпкерлік саласында мемлекеттік тілде өз кәсібін жүргізіп, қаншама адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлер де жетерлік. Соның бірі бүгінгі мақалама арқау болып отыр.
Төле би ауылының орталығында орналасқан «Назар» тігін цехы 2001 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Тігін цехының иесі – Баетова Күлтай Рахманқұлқызы. Бүгінде тігін цехында 20 адам жұмыспен қамтылған, оның ішінде астыңғы қабаттан ашылған шаштаразда 9 адам әртүрлі шаш үлгісімен бірге, бет әрлеу, сәндік жұмыстармен айналысып жатыр. Тұрмыстық қызмет көрсету орнының барлық жарнамасы қазақ тілінде сауатты жазылған.
-ҚР Заң талаптарына сәйкес жұмыс істейміз. Былтырғы жылы мемлекеттік бағдарлама аясында субсидия алып, тігіншілік, шаштараз курстарын оқыттық. Дәріс қазақ тілінде өткізілді. Барлық құжаттар қазақ тілінде жүргізілді. Қазіргі жұмыс істеп отырған қызметкерлердің ішінде 5 өзге ұлт өкілдері бар, олардың барлығы қазақ тілінде сөйлейді,-дейді К.Баетова.
Тігін цехында ұлттық киімдер, мектеп формалары, тұрмыстық киімдер, сәндік киімдер тігіліп, қыз жасауы дайындалады. Мемлекеттік тапсырыстарға да қатысып, үлкен көлемді киімдер де тігіліп жатыр екен. Аудан орталығынан ашылған тігін цехының бүгінгі аяқ алысы қуантарлық жағдайда. Кәсіпкерлік саласында мемлекеттік тілдің қолданылуына үлес қосып жүрген тігін цехының алдағы істеріне сәттілік тіледік.
Қ.Файзуллина,
Шу ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің
бас маманы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.