Жас боксшылар жеңіс тұғырында
Жуырда Шымкент қаласының жергілікті білім басқармасына қарасты Жастардың уақытын тиімді ұйымдастыру орталығында бокстан жасөспірімдер арасында қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлын еске алуға арналған халықаралық турнир өтті. Оған біздің ауданымыздан да бірнеше спортшы қатысып, жас боксшыларды жаттықтырушы Уәлихан Көшербаев бастап барды.
Аталған жарысқа Өзбекстан, Қырғызстан республикаларының командалары, Атырау, Алматы, Түркістан, Шымкент, Павлодар, Ақтөбе, Маңғыстау аймақтарынан барлығы 350-ге жуық спортшы қатысты.
Спорттық додаға қатысқан жас спортшыларға артылған үміт те зор болатын. Жаттықтырушының аудан намысын қорғайды деген сеніммен жарыс алаңына алып келген шәкірттері сын сағатта сенім биігінен көрініп, артылған үмітті ақтады. Нақты айтар болсақ, Сейітқазы Шерхан (44 келі), Темірәлі Бағдәулет (54 келі), Алшын Нұрмағанбет (34 келі), Жомарт Айбол (26 келі) есімді боксшыларымыз бірінші орынды иеленді. Бектұр Сағадат (32 келі) пен Аязбай Дінмұхамед (30 келі) екінші орынды еншілесе, Досжан Ерасыл (28 келі) мен Тұрсын Дамир (30 келі), Алихан Ерболұлы үшінші орындардан көрінді. Атап өтерлігі, қазіргі уақытта Астана қаласындағы спорт-интернатта оқып жүрген Сейітқазы Шерхан барлық жекпе-жекте айқын басымдықпен жеңіске жетіп, «Үздік боксшы» атанды.
Осы жарыста жас спортшыларға жетекшілік етіп барған У.Көшербаев та қазылар құрамында болып, жарысқа төрелік еткен болатын. Марапаттау рәсімінде бұл азамат та ұйымдастырушылар тарапынан алғысқа ие болды яғни, үздік төрешілік міндетін белсенді атқарғаны үшін «Қосымша білім беру оқу салалық орталығы» КММ басшысының Алғыс хатын иеленді.
Жалпы, жарыстың өткізілу барысы, қатысушылардың жатын орны, қауіпсіздігі, денсаулығы, аман-есен өз өңірлеріне қайтуы, жарыс барысындағы өзге де жауапты жұмыстар ұйымдастырушылардың тікелей ықпалымен жүзеге асырылатыны белгілі. Сол себептен, халықаралық деңгейдегі жарысты лайықты өткізген Жастардың уақытын тиімді ұйымдастыру орталығының директоры Ж.Альжановаға, директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ш.Умаровқа, бокс үйірмесінің қосымша білім беру ұстазы Д.Турегелдиевке жарысқа қатысушылардың да алғысы зор (суретте). Жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға зор үлес қосып, үлкен сындарда қолдау білдіріп, жеңіске ынталандырып, әр спортшының жұлдызының жануына барынша күш салып жүргендігін жаттықтырушылар да тілге тиек етуде.
Ал, осындай халықаралық турнирде сенім биігінен көрініп, аудан абыройын асқақтатып, жеңіс жалауын желбіреткен жас жерлестерімізге алдағы уақытта да сәттілік тілейміз.
Жоғарыда аталған халықаралық жарыс аяқталғаннан кейін, көп ұзамай У. Көшербаевтың шәкірттері тағы бір жағымды жаңалыққа себепкер болды. Атап айтқанда, 3-6 сәуір аралығында Абай облысы, Семей қаласында ҚР бокстан спорт шебері Нұрсұлтан Маратұлының жүлдесіне арналған республикалық турнир өтіп, осы жарыстан жас боксшылар тағы да жеңіспен оралды. Жаттықтырушы У.Көшербаев еліміздің әр аймағынан 200-ден астам боксшы қатысқан аталмыш турнирдің тартысты өткендігін айтуда. Сынға толы жарыс нәтижесінде Асылбек Заңғар, Тұрсын Дамир, Асанәлі Каримов, Қамшыбай Сайлаухан, Анарбек Рамазан бірінші орынның иегерлері деп танылды. Ал, Темірәлі Бағдәулет, Сағынышбек Елнұр, Бектұр Сағадат, Кербезхан Нұрдәулет есімді боксшыларымыз екінші орынды жеңіп алды.
Көп ішінен суырылып, жеңімпаздар қатарынан табылған боксшылардың мерейі әрдайым үстем болып, келешекте есімі елге танылған даңқты спортшылар қатарынан бой көрсетуіне тілекшіміз.
Ал, аталған екі жарысқа оқушыларды дайындап, жетекшілік етіп жүрген жаттықтырушы У.Көшербаевтың еңбегі жемісті бола берсін демекпіз. Өйткені, жеңіс әр адамға оңайлықпен бұйырмайды. Оның астарында үлкен тәрбие, тынымсыз еңбек пен темірдей тәртіп тұратыны анық. Сондықтан, шәкірттері халықаралық жарыста топ жаратын У.Көшербаев сынды жаттықтырушылар көбейе берсін деп тілейміз. Бұл жалпы өңіріміздің спорт саласының жетістігі, ауданымыздың абыройы екендігі сөзсіз.
Динара Батырхаирова.