Судья – мәртебелі мамандық
Әлемде мамандық көп, соның ішінде адам тағдырына төрелік ететін, ақ пен қараның ара жігін ажырататын судья мамандығының орны ерекше.
Елдегі азаматтардың құқықтары мен бостандығын қамтамасыз ету – құқықтық мемлекеттегі басты мәселе. Бағзы замандарда қара қылды қақ жарып, әділ шешім шығаратын, елдің елдігін биік қоятын билер өмір сүргені бәрімізге мәлім. Сол кездегі билердің жұрнағы – бүгінгі сот өкілдері.
Ата Заңымызда айтылғандай, биліктің бір тармағы саналатын сот жүйесі – елімізде адам құқығы мен бостандығының сақталуын, қоғамдағы тұрақтылық пен дамудың қамтамасыз етілуінің бірден-бір кепілі.
Сот жүйесіндегі негізгі қозғаушы күш, басты тұлға судья болып табылады. Судья – құқық қорғау, заң мамандықтарының биік шыңы. Ол – адам тағдырын таразылайтын, мәртебелі лауазым. Бұл лауазымды игеруге заңгерлік білімі бар әрбір адам құштар, бірақ оған лайықты болу үшін тек дипломның болуы жеткіліксіз. Судьялықка үміткерде әділ төрелікке кепіл бола аламын деген асқақ мақсат болуы керек. Қиындыққа төтеп беру, жауапкершілікті абыроймен көтере білу және кез келген жағдайда өз тәуелсіздігін сақтап қалу судьяның міндеті.
Судья берген антына берік болуға, қоғамдық қызмет пен тұрмыстық жағдайда кез келген әрекеттерді жүзеге асырған кезде, әдепсіз жүріс-тұрыстың көріністеріне жол бермей, судья лауазымының жоғары мәртебесіне лайық болып, әдеп нормаларын мүлтіксіз сақтап, заң үстемдігін, сот органдарының тәуелсіздігі қағидаттарын қорғауға және жүзеге асыруға тиіс. Себебі, судьяның соттан тыс жердегі жүріп-тұруы, оның процеске қатысушылармен өзара қарым-қатынасы соттың тәуелсіздігі туралы қоғамның сенімділігін сақтауға ықпал етеді.
Әділдік іздеп сотқа жүгінген жанға жанашырлық танытып, өзегін өртеген мәселесін әділ шешіп беру – әрбір судьяның абыройлы борышы, қастерлі ісі.
Сот саласында осы мақсатты көздеп, жұмыстың ауырлығына қарамай, адам тағдырын қолға алып, мемлекет атынан шешім қабылдайтын судья уақытпен санаспай жұмыс жасайды. Қазіргі кезде судьяларға ашықтық пен жариялылық талабын қоюмен қатар, сот актілері мен құжаттарды жүргізудің белгілі бір уақыты белгіленген. Сондықтан көрсетілген мерзімде әр істі байыппен қарап, қателікке жол бермеу үшін іздену судьяларға қойылатын талаптың бірегейі.
Сот жүйесінің әділ болуы – азаматтық қоғамды қалыптастырып, құқықтық мәдениет пен сананы биіктетеді және ертеңінен үлкен үміт күттіретін кұқықтық мемлекетке айналдырады!
Мар-Лен Тілеубеков,
Шу аудандық сотының төрағасы.