Мектептерге жаңа автобустар берілді
Қазіргі таңда өскелең ұрпаққа сапалы білім мен ұлттық тәрбиені берумен қатар қолайлы орта қалыптастыруға жан-жақты жағдай жасалуда. Еліміздегі барлық мектептерде қауіпсіздік мәселесі қатаң бақылауға алынған. Мектеп ғимараттарына бейнебақылау жүйесін орнату, дабыл түймесін жедел басқару орталығына байланыстыру, турникеттермен жабдықтау жұмысы кезең-кезеңімен атқарылуда. Бұған қоса шалғай ауылдардан қатынайтын оқушылардың да қауіпсіздігі үшін жаңа, заманауи талаптарға сай автобустар беру де күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе. Өйткені, баланың қауіпсіздігі – басты назарда.
Осыған орай, ауданда орын тепкен мектептерден шалғай орналасқан ауылдардың оқушыларын тасымалдауға автобустар берілді. Атап айтсақ, Көктөбе ауылы, Жамбыл атындағы орта мектепке Бірлік 2 станциясынан 156 оқушыны, Шу қаласындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектебіне Көкжиек елдімекенінен 71 оқушыны тасымалдауға 38 орындықты және Бәйдібек ауылындағы М.Мәметова атындағы орта мектепке Бөген шаруашылығы ауылынан 22 оқушыны тасымалдауға 22 орындықты су жаңа автобустар берілді.
Бұл көліктерде бала қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінген. Қауіпсіздік белбеуі, сөмкелерге арналған сөрелер, бейнебақылау камерасы бар. Тағы бір ерекшелігі – автобус есігі жабылмай тұрып орнынан қозғалмайды. Қозғалыс жылдамдығы – 60 км/сағ. Мұның бәрі баланың қауіпсіздігіне кепіл болары анық.
Балаларға арналған жайлы әрі жаңа көліктердің кілтін аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Тұрар Дүрманов салтанатты түрде табыстап, жиналған жұртшылықты көптен күткен қуанышты сәтімен құттықтады.
Осыған дейін тасымалдап жүрген автобустардың әбден ескіріп, тозығы жеткендіктен ең бірінші балаларының қауіпсіздігіне алаңдаулы болған ата-аналардың қуанышында шек жоқ. Жоғарыда аталған мектеп ұжымы және ата-аналар қауымы Жамбыл облысы әкімдігінің және облыстық білім басқармасының жауапты тұлғаларына алғыстарын айтуда.
Айғаным Асқарбек.