Қаламы қарымды журналист. Баттал Жаңабайұлының туғанына 95 жыл толуына орай әсерлі кеш өтті
Өмірдің өзі тосыннан болған қызықты сәттер мен әсерлі естеліктерден тұрады. “Адам айдаса бармайсың, дәм айдаса қалмайсың” демекші, дәм тартып тұрса адам баласының бармайтын жері, баспайтын тауы жоқ. Сәрсенбінің сәтті күнімен тұспа-тұс келген Ораза айтының алғашқы күнінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Шу ауданының құрметті азаматы, журналист ағамыз Ахметжан Қосақовпен ойламаған жерден Қордай ауданына сапарлатып қайттық.
Шу өңірінен жалғасқан, іргелес жатқан қасиетті Қордай өңіріне қарай бет алған бойда қазақтың игі жақсыларын сөз етіп, жол қысқартқан екеуміз қазақ баспасөзінің шоқтығы биік тұлғасы Баттал Жаңабайұлының азаматтық болмысын, қызметтегі қырағылығын, қанатының астына алған қызметкерлеріне қамқорлығын, елге сіңірген еңбегін, журналистік жолын сөз еттік. Сапарымыздың да басты себебі осында. Қордай ауданының білім бөлімінің ұйымдастыруымен қарымды қаламгер Баттал Жаңабайұлының туғанына 95 жыл толуына орай дөңгелек үстел өтіп, аталған білім бөлімінің тәрбие жөніндегі әдіскері Ақмарал Қонбаеваның шақыртуымен бардық.
Бұл игі шараға жайдан-жай бара салған жоқпыз. Аудандық басылым “Шу өңірі”-“Шуская долина” газетінің тарихында өзіндік сүрлеуі бар Ахметжан Ақбұқаұлы ең алғаш еңбек жолын “Еңбек туы” (қазіргі “Ақ жол”) газетінен бастағанда, яғни 1983 жылы қызметке алған Баттал Жаңабайұлы еді. Ғасырға жуық тарихы бар “Ақ жол” газетін тапжылмай 20 жыл басқарған тұрпаты бөлек тұлғаның қанатының астында қамқорлығын сезініп, ағалық адалдығының айнымас сертіне куә болған Ахметжан ағамыздың айтары көп болған соң Қордай өңірі қолқалап, арнайы шақырған екен.
Қордай ауданының білім бөліміне қарасты Ахмет Байтұрсынов атындағы мектеп ұжымы жылы шыраймен қарсы алып, барған бойда қолтығымыздан демеп, білім ордасына бас сұқтық. Оқушылар иін тіресе отырған залға кірген сәтте де барлығы тікесінен тік тұрып, ду қол шапалақпен қарсы алып, құрметтің барлық деңгейін көрсетіп бақты. Сол жерде Қордай ауданының шежіресін түзуге атсалысқан “Қордай шамшырағы” газетінің белді журналисі, ардагер Әлімжан Құрманбек ағамыз інілік ілтипатпен үзеңгілесі әрі әріптесі Ахметжан ағамызға амандасты. Шу және Қордай өңірінің беткеұстар журналистері кезінде “Ақ жол” газетінің меншікті тілшісі ретінде қатарласып қызмет еткен екен. Әрі жүзі жылы, қонақжайлық қалпы бар, Қордайдың сыйлы азаматы Бақыт Байжігітов те қолымызды алып, төрге қарай жол нұсқады. Ал, Қордай ауданының білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков пен аталған білім бөлімінің тәрбие жөніндегі әдіскері Ақмарал Қонбаеваның ізгілік ілтипатына кісі қызыққандай.
Белгіленген уақытта тағылымы мол танымдық шарамыз бастау алып, ең алғашқы сөз тізгіні Ахметжан ағамызға берілді. Баттал Жаңабайұлының көзін көрген, жігерлі сөзін естіген, бірге дәм-тұздас болғандықтан Ахметжан ағамыздың әр сөзі құнды, тыңдаған жанға ой саларлықтай. Дөңгелек үстелге қатысушылар соның ішінде оқушылар танымды тұлға турасындағы Ахметжан ағамыздың әр сөзін ұйып тыңдап, орайы келгенде сұрақтарын да қойып үлгерді. Мәні мен мазмұны бөлек жиынға кеудесіне “Журналист болсам” деген арманы ұялаған, сол ойына қанат бітіруге талпынған оқушылар қонақтарға журналистика саласы бойынша қызықты сауалдарын қойып, тұщымды жауаптар алды.
Тағылымы мол кеште қазақ баспасөзінің шоқтығы биік тұлғасы Баттал Жаңабайұлының жары Фарида апамыздың әсерлі сұхбатын тыңдап, Баттал атамыздың немере келіні Ақтоты Сұраншиевамен онлайн байланысқа шығып, көп жайларға қанық болдық. Фарида анамыз үнемі ізденісте, қауырт тіршілікте жүретін жарының қолы қалт етсе, отбасына көңіл бөліп, бала тәрбиесімен айналысатынын айтып өтті. Өмір жолында бірге бас құраған күннен бастап бірде-бір рет шәй деспегенін, сыйластықтың нәзік жібін сақтағанын айтты. Осындайда Қонаев атамыздың “Үйленудің бәрін махаббат деуге болмайды. Махаббат дегеніміз – екі парасатты, пайымды адамның сана биігінде жолығуы. Мұндай махаббат – тек ұлы тұлғаларда ғана болады” деген сөзі еріксіз ойға оралады. Арыны мықты журналистің жары Фарида апамыз Баттал Жаңабайұлының спортқа жақындығын, беріге дейін кір тасын көтергенін, арасында бильярд ойнайтынын да тілге тиек етті. Спортпен тұрақты айналысқанының арқасында жүзінің әрі таймай, әдемі қартайғанын да сөз етті. Ал келіні Баттал ағамыздың қыз баласы өмірге келсе ерекше қуанатынын, қызды аса қатты сыйлайтынын айтып өтті. Жүзі суық көрінгенмен жүрегі жұмсақ екенін, кез келген адамның өтінішін жерге қалдырмайтынын, әр іске ыждаһаттылықпен қарайтынын да еске алды.
Тегінде шығармашылық адамы тар шеңберге сыймайтын, шабыттың шалқарында тулайтын, өз әлемі бар жандар. Түрлі ойдың жетегіне ергізген танымдық кештен ерекше әсер алған Ахметжан ағамызбен бірге Қордай жұртшылығын таңдандырып, тамсандырып қайтқанымыз өз алдына бір төбе. Көзі ашық, көкірегі ояу жанды ұлылыққа жетелейтін кеште Қордай ауданының білім бөлімінің басшысы Санат Сағынбекұлы бізге Алғыс хатын табыстады. Ол өз сөзінде “Орамал тон болмайды, жол болады демекші, біздің Алғыс хатымызды орамал деп қабылдасаңыз да, тон деп қабылдасаңыз да патша көңілдеріңіздің еркінде. Сіздерге деген құрметіміз ерекше” – деп тағы бір жігерлендіріп, рух сыйлады. “Ерді кебенек ішінде таны” демекші, басшының ойы салмақты, сөзі ірі екендігін аңғардық. Біз де өз кезегімізде құр алақан келмегенімізді алға тартып, сый кәдемізбен бөлістік. Тек қана Қордайдың емес, бүкіл қазақ елінің ортақ мақтанына айналған Кенен Әзірбаевтың туғанына 140 жыл толуына орай қазақтың өнер тарланына арнаған Ахметжан ағамыздың дастанын оқып бердік. Әрі Шу өңірінің қарымды қаламгеріне айналып үлгерген Ахметжан Ақбұқаұлының “Сезім тамшылары” атты кітабын сыйға тартып кеттік.
Шара соңында көзінде от, жүрегінде жалыны бар оқушылар Ахметжан ағамызға жақындап, ақ батасын беруін сұранды. Ерекше әсер сыйлаған кешті жылдар бойы жағымыз талмай айта жүретінімізге сеніп, біз де өз мекенімізге қарай тартып кеттік.
Айғаным Асқарбек.