Ақпараттық портал

Күңірентті даласын күй атасы

Өткен аптаның жексенбісінде аудандық мәдениет үйінің алдында күйші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Қазақ ұлттық өнер университетінің Құрметті профессоры болған Әбдімомын Желдібаевты ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Ен даласын егілтіп, көк жүзін күңіренткен, мұқым жұртын мұңайтқан
“Ерке сылқым” авторымен қоштасуға жиналған халықтың қарасы қалың болды. Рәсімге Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып,
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхатын оқыды.

«Әбдімомын Желдібайұлы киелі күй өнерінің көкжиегін кеңейткен дарын иесі, ұлағатты ұстаз болды. Бар саналы ғұмырын төл мұрамызды насихаттауға арнап, еліміздің мәдениеті мен руханиятын дамытуға айрықша еңбек сіңірді. «Ерке сылқым» сияқты өміршең күйлерімен жұртшылықтың ықыласына бөленді. Өнегелі өмір сүріп, соңына музыкалық мол мұра қалдырған Әбдімомын Желдібайұлының жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», – делінген жеделхатта.
Сондай-ақ, ҚР мәдениет және ақпарат минстрі Аида Балаеваның көңіл айту жеделхатын ҚР мәдениет және ақпарат министрінің кеңесшісі Ербол Алшынбайұлы оқып берді. Бұдан бөлек, басқа да зиялы қауым өкілдері және марқұмның ағайын-туыс, бауырлары дәулескер күйшінің кісілік келбетін, парасатты болмысын, сан қырлы өнерін, таланты мен талғамын сөз етті. Иін тіресе жиналған жұртшылық қазақтың аңыз адамы, ел серкесі Әбдімомын Желдібаевтың денесін өз туған жері Көктөбеге апарып жерледі. Дәл сол күні “Сұлтан палас” мейрамханасында Шу өңірінің мақтанышы, аты әлемге тараған Әбдімомын Желдібаевтың жаназа асы таратылды.
Халқымызда ұшқан құстың қанаты талатын, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр атырабымыздың әр тасына бүккен сыр-сипатын қос ішекті домбыраның шанағынан төгілткен күйшілер әр дәуірде дүбірлеп өткені бай тарихымыздан белгілі. Сан қырлы өнер иелері түлеп ұшқан қасиетті Шу өңірінен бір күйші шығуы да заңдылық. Бұл күндері күйші десе Әбдімомын Желдібаев, күй десе “Ерке сылқым” күйі бірден ойға оралады. Бұдан бөлек, бар қазақты күй құдіретіне табындырған дәулескер күйші Әбдімомын Желдібаевтың «Шабыт», «Әулиеата», «Бозжігіт», «Көкшолақ», «Толғау», «Өмір-дастан», «Әділхан», «Ыдырыс», «Самғау», «Жарылқап батыр», т.б. күйлері мен әндері де кеңінен танылған. “Өлді деуге сыя ма ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған” деп дана Абай айтпақшы, Әбдімомын Желдібаевтың аты тарихта қалды және ғасырлардан-ғасырларға жалғасып, ұрпақтың жадында жаңғырып отырмақ.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.